2023 жылға Сауран ауданы бюджетінің жалпы көлемі 8 млрд. 999,0 млн. теңгені құрады, оның ішінде жергілікті кірістер жоспары 2 млрд. 390,4 млн.теңге көлемінде бекітілген. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдер 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен 1 млрд. 777,9 млн. теңгені құрап, жоспар 116,5%-ға немесе 251,3 млн. теңгеге артығымен орындалды. Бюджеттің шығыстар бөлігінде есепті кезеңге жоспарланған 5 млрд. 805,3 млн. теңге 99,5 пайызға игерілген. Ал жалпы өңірлік өнім 2023 жылдың 7 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 30,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,5%-ға артқан.
Мұнан өзге ауылшаруашылық, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстарында да өткен жылмен салыстырғанда өнімді тірлік бар. Ауданға тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өскен. 7 айда инвестиция көлемі 15,7 млрд. теңгені құраған. 2023 жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд. 491,1 млн. теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,3%-ды құрады. Өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 3 млрд. 651,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107,0 пайызға жеткен. Биылғы жылы 7 айдың қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы арқылы, кәсіпкерлік субъектілерін 800,0 млн. теңгеге жуық жеңілдетілген 6%-дық несиемен 11 жоба қаржыландырылды.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2021 жылғы 2 073-тен бүгінгі таңға 6 901-ге жетті немесе 4 828-ге өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артқан. Сонымен қатар, әлеуметтік, коммуналдық салаларда да өсім бар. Баяндамадан кейін депутаттар өз тараптарынан сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алды. Атқарылуы кешеуілдеген жұмыстар да қызу талқыға салынды. Ертең аудандық мәслихаттың кезекті VII сессиясы өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында елдің дамуына қатысты біраз мәселені қамтып, маңызды бағыттарды тағы бір нақтылап өткен еді. Оның ішінде ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударды. Мәселен, Президент ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін айтты. Президенттен пәрмен түскеннен кейін бұған қатысты салалар қандай дәрмен қылып жатыр деген сұрақтың туындауы заңды. Осыған орай арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырған едік. Шалғайдағы ауылдарды қалай сақтап қаламыз? Деградациялық жағдайда тұрған ауылдардың жан санын қалай көбейтуге болады? Ауылды жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалар қаншалықты нәтиже беріп жатыр? Ауыл мен қаланың өркениетін, инфрақұрылымын қалай теңестіруге болады?
Жалпы, ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қолайлы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объектілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интернетке және спутниктік байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, ауылдың ішіндегі жолдардың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұражайлар мен кинотеатрлар, спорт ғимараттарын салу, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ал ондағы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникацияларды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірқатар шараны қамтиды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған тұжырымдамадан күтетін нәтиже – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% болмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Мәселен, 2023 жылға бекітілген республикалық бюджетте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 41 млрд теңге бөлінсе, жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 55 млрд теңге қарастырылды.
Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»