Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген кезекті мониторинг нәтижесімен 346 млн. теңге үнемделген.
- Агенттік еліміздің әрбір өңірі үшін жүйелі мәселелерді шешу мақсатында әзірлеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасын құрып отыр. Біздің аймақ бойынша аталған картаға медицина, білім беру, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, құрылыс және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, экономика және қаржы салалары енген. Бүгінгі таңда талдау жұмыстары жүріп жатыр. Өздеріңізге белгілі, Агенттік қызметінің басты мақсаты - қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Департамент белсенді азаматтарды «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде ерікті болуға шақырады. Жоба аясында өңірдегі өзекті мәселелерді ұсынып, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін қадағалауға немесе аймақтағы проблемалық мәселелерді бақылауға болады. Өңірден бүгінгі күні 88 ерікті осы жоба бойынша көмек көрсетуде, - деді Мұрат Ахтанұлы.
Айта кетерлігі, соңғы 4 жылда жемқорлық құқық бұзушылықтарының жолын кесуге жәрдемдескен 49 тұлғаға 7,2 млн теңге сыйақы берілген. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез-келген азамат Департаментке жүгіне алады немесе Агенттіктің 1424 CaII-орталығына хабарласа алады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»