Жексенбі, 08 Қазан 2023 17:23

Түркістан облысы: Отырарда жүгерінің жаңа сортынан өнім жиналуда

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов жергілікті тұрғындармен кездесу мақсатында Ақтөбе ауылында болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен ауылдағы балалар ойын алаңшасына барып, балалардың қуанышты сәтін көріп, ел ағаларымен жүздесті. Бұл нысанның құрылысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп, пайдалануға берілгенін айта кетейік.

Мұнан бөлек, ауылда тұрғындардың жоғары сұранысына ие Батырша Сейілбеков көшесіне асфальт төселіп, М.Әлімбеков көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімі жыл соңына дейін «төртінші бюджет қаражатын» ескере отырып, 3 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.

Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлар тағы бір жаңалық – ауылдың өз Мәдениет үйі болады. Тамыз айында 150 орындық мәдениет үйінің қазығы қағылып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізуліде. Өндірістік кестеге сәйкес 2024 жылдың маусым айында құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.

Сапар барысында аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ақтөбелік жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС-нің қырманына барды. Құрылыс жұмыстары қарқын алған кешенде кәсіпкер жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.

Бүгінгі таңда 320 га, оның ішінде 220 га тың (севооборот) алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр. Жүйек аралығына 70 см қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделген егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отырған кәсіпкер Нұрғали Бекбосынұлы жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті. Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан кәсіпкер су тапшылығының алдын-алу алып, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін үйренгенін, келер жылы жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ, отырарлық дихандарға да пайдасы тисін деген ниетпен түрік ғалымдарын тәжірибесімен бөлісу үшін Отырар ауданына шақырып отырғанын да жасырмады.

Мұнан бөлек кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнарлылығы да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамына қараот, жусан, жүгері, бидай болады. Шикізат көздерінен тапшылық болмайтынын және өндірілген өнімді елімізге және Орта Азия елдеріне экспортқа шығару мүмкіндігі жоғары екенін айтып өтті. Осылайша, жаңа өніммен Отырарда шығарылған жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.

Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруажүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.

Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік.

Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, 2023 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыру мақсатында ағымдағы жылға 36 246 гектар егіс алқабына егіс егілген. Атап айтқанда, күздік бидай, дәндік жүгері, күнбағыс, мақта, картоп, көкөніс, бақша өнімдері. Ал, сор шаюға берілген 1350 гектар жер толығымен суғарылып, 343 гектар күздік бидай, 4 668 гектар жаңа жоңышқа, 75 гектар бақша дақылдары егілген.

Жалпы айтқанда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, соңғы бес жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі екі есеге артып, 1 триллион теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамыту жоспарлануда.

«Өнімділікті арттырудың жаңа технологиялары енгізілуде, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бізде құрлық жерлерін тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына көшу, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 миллиард теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 миллиард теңгеге өнім шығарылатын болады. Бүгінгі форум ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етіп, маңызды жобаларға жол ашатынына сенімдімін», — дейді Дархан Сатыбалды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат.

 

Оқылды 386 рет