Сейсенбі, 10 Қазан 2023 14:40

Түркістан облысы: Жетісайда мобильді топ жұмыс жүргізуде

Жетісай ауданында биылғы жылдың 9 айында кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүргізілген жұмыстар сараланған жиын өтті. Жиында «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге күзгі жеңілдетілген бағада дизель отынының таратылуы» және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топпен жүргізілген жұмыстар жайы сөз болды.

Мемлекет басшысының кәсіпкерлер мен инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне барынша жағдай жасау туралы тапсырмасы бойынша нақты атқарылған шаралар туралы есеп берілді. Сонымен бірге, кәсіпкерлермен «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топпен» қабылданған шаралардың жеделдігіне назар аударылып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің нақты сұрақтары жан-жақты талқыланды.

Кездесуге Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Жетісай аудандық филиалы, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшылары және Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров қатысты. Жиналыс барысында жеңілдетілген бағадағы дизель отынын алу барысындағы «ҚазАгро» қосымшасына назар аударылып, салалық қызметкермен қолданылу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Түркістан облысында экономиканың негізгі қозғаушы күші – кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытына басымдық беріліп келеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нәтижесінде Жетісай ауданында өз ісін дамытумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған азаматтардың саны артты. Бірі кәсібін енді ашса, бірі кәсібін кеңейту бағытында жұмыстар атқаруда.

Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан «Тоқыма емес мата өндірісі» цехы биыл алғашқы шыққан өнімдерімен таныстырған болатын. Жоба құны – 350 млн. теңге. Цех тәулігіне 5 мың метр тоқыма емес мата өндіруге қауқарлы. Мұнда 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған дейін ауданда мұндай кәсіпорын болмаған. Бұл – алғашқысы. Бүгінде маман тапшылығына байланысты көршілес Өзбекстан елінен арнайы мамандарды шақыртып, технологияны оқыту және үйрену бойынша келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 65 млн. теңге несие алған. Цех басшысы Әбдісаттар Қолдасов қосымша мақта зауыттарына қажетті сымтемір шығаруды да қолға алып, бірнеше зауытпен келіссөздер жасағанын жеткізді.

Сондай-ақ, Жетісай қаласындағы «КазИнновацияЛидер» ЖШС де жұмысы жолға қойлыған кәсіпкерлік нысандарының бірі. Ержан Сламбаев басшылық ететін шағын цех 2014 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында берілген 20 млн. теңгеге ашылған. Өндіріс орны синтепон өндірумен, жиһаздар жасаумен айналысады. Мұнда 18 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде шағын цех өнімдері арнайы тапсырыспен еліміздің солтүстік және батыс өңірлеріне, Алматы және Түркістан қалаларына жіберіледі. Кәсіпкер шикізат тапшылығы болмаса цех тәулігіне 1,5 мың метр синтепон шығаруға қауқарлы екенін айтады.

Жетісай ауданы Асық ата ауылының тұрғыны Мадина Дәуренбек электр қуаты арқылы жарқырайтын гүлдермен көмкерілген шамдар жасайды. Ерекше дизайнмен әзірленетін бұйымдардың сапасы жоғары, бағасы да арзан. Сондықтан қызығушылар да көп. Негізгі тұтынушылары – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Өскенмен қалаларының тұрғындары. Гүл, корзина, қуыршақ кейпінде жасалған бұйымдарын аптасына бір рет тапсырыс берушілерге пошта арқылы салып жібереді. Ал жақын маңдағы қалаларға автобустардың қызметін пайдаланды. Мадина жасаған заттарды алған адамдар сапасы бойынша әлі ешқандай сын айтпаған.

«Алғашқыда 30 000 теңгемен бастаған бизнесімнен қазір айына 400-500 мың теңге тауып отырмын. Қажетті заттарды Ресейден арнайы тапсырыспен алдырамыз» – дейді ол.Қолөнерші келіншек «Бизнес бастау» курсына қатысып, 505 000 теңге грантты жеңіп алған. Ол қаржығы қажетті құрылғыларды сатып алыпты. Ендігі мақсаты кәсібін кеңейтіп, жаңа цех салу. «Күніне 50 данаға дейін жарықшамдар жасаймын. Ең арзаны 4 000 теңгеден басталады. Қазір үйдегі бір бөлмемді цех ретінде пайдаланып келемін. Алдағы уақытта жаңа цех салуды жоспарлап отырмыз» – дейді тұрғын.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат.

Оқылды 270 рет