Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 11:14

Жетісайда балық шаруашылығы дамып келеді

Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген.

Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды.

Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысы Жетісай ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық деп аталатын шағын ғана ауылда орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Аблаев жеке қаржысы есебінен 20 млн. теңге инвестиция салып, дөңмаңдай, амур, сазан сынды балық түрлерінің 1 млн. 300 мың дана шабағын алып келген. Бүгінде ұзындығы 250 метр, ені 180 метрден 3 су бассейнінде өндіріп, өсіріріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар дейді мамандар. Сонымен қатар су бассейндерінде үйректердің де бірнеше түрі өсірілуде.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап өтіп, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық, — дейді шаруа қожалық жұмысымен арнайы келіп танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов. Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілгені белгілі. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында.

Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов былай дейді: «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда».

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Жыл ортасында облыс әкімдігінде өткен балық шаруашылығын дамытуға арналған жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланған болатын. Атап айтсақ, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу сұрады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындау жүктелді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деді Ермек Кенжеханұлы.

– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – деді Қайрат Абдуалиев.

Жиналыс барысында өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, көкейтесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алынып, балық шаруашылығын дамыту жолдары жан-жақты сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оқылды 278 рет