Ауданда отандық өндірісті дамытып, бірлескен инновациялық жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт берілген. «UKO-S Star металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің жұмысымен танысқан облыс басшысы кәсіпкерлерді ауданның көркеюі мен әл-ауқатының жақсаруы үшін біріге жұмыс істеуге шақырды.
- Кәсіпкерлік саласы – бүгінгі күннің басты талабы. Оны дамытуда мемлекет тарапынан қолдау көп. Еңбектенемін деген жанға мүмкіндік мол. Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Шағын бизнесін шарықтатып отырған кәсіпкерлер саны біздің өңірде күн санап көбеюде. Бізге орта бизнестің дамуына тың серпін беретін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Әкімдік бизнес-идеяларды қолдауға әрқашан дайын. Жаңа жұмыс көздерінің ашылуы да қуантарлық жағдай. Осы бағытымыздан таймаймыз,-деді Дархан Сатыбалды.
Кәсіпорын уран өндірісіне арналған 210 литрлік металл бөшкелерін шығарып, ауданда өндіріліп жатқан уран өндірісіне қажетті құрал - жабдықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етуде. Зауыт жылына 170 000 дана металл бөшке шығарады. Сондай-ақ техникалық майларға арналған ыдыс жасауды қолға алды. 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде.
Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылған.
Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%).
Осы жылы 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. 5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»