- Өздеріңізге белгілі, облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл облысымызда «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған. Біз өзімізге берілген бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек,-деді облыс әкімі.
Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауылшаруашылық техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар.Айта кетейік, бұған дейін, «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауылшаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты.
Ордабасы ауданынан бұл жобаға Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан ауылдық округтері қосылып отыр. Ауданның басым бағыты, мал шаруашылығында, 118 жоба бойынша құжаттары мақұлданып, 60 жобаға326 млн. теңге несие берілді.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының көрмесіне қатысты. Өңір басшысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, өңір басшысы 100 га жерге павловния ағашы отырғызылған «БалКәусар» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Негізінен Шығыс Азияның тропиктік аймағында өсірілетін ағаштың ерекшелігі - жапырағы шипалы, діңі жиһаз бен музыкалық аспаптар дайындауға таптырмас шикізат.
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 миллиард теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.
Қалай болғанда да, «Ауыл аманаты» — ауылдарды сақтап қалуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. «Ауыл аманатының» аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары. Бұрын-соңды болмаған тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген қызығушылығын арттыру.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат