Сейсенбі, 10 Қазан 2023 11:13

Сауранда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес "Сауран - Жібек жолының жауһары" атты баспасөз туры өтті. Оған облыстық телеарна мен басылым журналистері қатысты. Баспасөз туры аудандағы туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

БАҚ өкілдері ауданның тарихи-мәдени орындарында болды. Оның бірі Ескі Иқан ауылындағы Жүсіп ата кесенесі. БАҚ өкілдері кесенені тамашалап, зиярат етті. Жүсіп атаның тарихынан мол ақпарат алды. Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Кесенеге демеушілер есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған. Жыл санап мұнда келушілердің саны артуда. Қолдау тапса, кесенеге тағы да жөндеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін.

БАҚ өкілдері мұнан соң соңғы үлгіде салынған AVICENNA-A" медициналық орталығында болды. Жобаға 2 млрд. 400 млн теңге инвестиция тартылған. Құрылтайшысы А.Усманкулов. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталған. Орталықта басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасқа барлық жағдай жасалынған. Ота жасау бөлмелері бар. Онда заман талабына сай лазерлік индескапиялық соңғы үлгідегі аппараттар қойылған. Жан сақтау бөліміне бір мезетте 4 адамды қабылдауға қауқарлы. Соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Сонымен қатар физотерапия, оңалту, зертхана бөлмелері бар. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдай алады. Емханаға қосымша құрал жабдықтарды алуға кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген 7 пайызбен 700 млн.теңге несие алған.

Ауданда "Ауыл аманаты" пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жоба арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендер қатары күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі несиені мал шаруашылығына алуда. Солардың бірі - жылқы бордақылау ісін қолға алған Оранғай ауылының тұрғыны Е.Досжанов. Ол алдымен «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнесті жүргізудің қыр-сырын үйренген. Кейіннен "Ауыл аманаты" жобасына қатысуға өтінім беріп, 7 млн теңге көлемінде несие алған. Аталған сомаға Батыс Қазақстан облысынан 20 бас қарабайыр жылқы алып, мал бордақылауға кіріскен. БАҚ өкілдері мемлекеттен несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған Е.Досжановтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Мұнан соң, БАҚ өкілдері баспасөз турының соңғы нүктесі, ауданның символына айналған Ескі Сауран қалашығында болды. Көне шаһардың тарихымен танысты. Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады.

Баспасөз турынан соң аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев журналистерге ауданның экономикалық дамуы мен әлеуеті туралы сұқбат берді. Алдағы атқарылар жұмыстарды екшеді.

Ал енді, тақырыпқа өзек болған «Ауыл аманаты» жобасы туралы оқырмандарға азды-көпті мағлұмат бере кетсек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілген.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков.

Аталған жоба арқылы Түркістан облысында 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көрілмек.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 174 рет