АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.
Төлеби ауданында да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып жатқан жеке шаруалар қатары күн санап артуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданындағы бірнеше ауылдық округінде болып, ауылдың тыныс- тіршілігін көріп қайтты. Сапар барысында ауылда жаңадан қолға алынып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының барысымен танысты. Ауыл түрғындары кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алған.
Облыс әкімі жаңа мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсіпкер қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамытпақ. Зертас елді мекенінің тұрғыны алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді жоспарлауда.
Ал Көксәйек елді мекенінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жеке шаруа мал бордақылау ісін ұлғайтуды қолға алған. 7,5 млн.теңге несие алып, Жамбыл облысынан 22 бас ірі қара сатып алған ол, алдағы уақытта қосымша жылқы бордақылауды жоспарлауда.
Дархан Сатыбалды ағаш аралас көмір брикеттенін шығаратын цехта болды. Жеке кәсіпкер жаңа бағдарламаның көмегімен кәсібін ұлғайтпақ. Айтуынша, экологиялық тұрғыда тиімді тауардан түсетін табыс та жоғары.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар облыс басшысы несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндірді. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.
Төлеби ауданында бағдарлама аясында Киелітас, Көксәйек ауылдық округтерінің азаматтарына несие беру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша, Бірінші Мамыр және Қаратөбе ауылдық округтерінің азаматтары да аталған бағдарламаға енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге 209 млн. теңгеге 37 азаматтың жобалары қаржыландырылды.
Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 млрд теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде, жалпы соммасы 9 млрд теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 млрд теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.
«Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. «Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі.
«Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков.
Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Нұрбол Рысбеков.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»