Бейсенбі, 12 Қазан 2023 16:31

Түркістан: Дархан Сатыбалды қытай делегациясымен жаңа жобаларды талқылады

Түркістанға Қытайдың Шаньдун провинциясынан делегация келді. Шаньдун Қытайдың барлық аймақтары арасында ШҰАР мен Пекиннен кейінгі Қазақстанның үшінші сауда серіктесі. Аталған провинция мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 1 млрд долларды құрады. Бұл сапар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр.

Қытай Халық Республикасы делегациясымен бүгін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды кездесті. CETRON Financial Holdings - Жібек жолының жаһандық экономикалық және сауда делегациясы Қытайдың мәдениет және туризм министрлігінің Қаржылық капиталы және Қытайдың мемлекеттік акционерлік әкімшілігінің кәсіпорны. Бұл – индустрияландыруға және жаңа энергетиканы, жаңа технологияларды, жаңа материалдарды, жоғары деңгейлі жабдықтарды, сондай-ақ трансшекаралық экономика мен сауданы көпөлшемді дамытуға маманданған кешенді өнеркәсіптік инвестициялық платформа.

– Бүгін бізде Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі саналатын Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Халық тығыз орналасқан біздің өңірімізде ауа-райы өте қолайлы, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Өңірімізде өндірісті дамытуға басымдық береміз. Түркістанда туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы қойған басты міндеттердің бірі екендігін атап өткім келеді. Түркістан облысында бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытуға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай достығын, тату көршілік пен өзара сыйластықты нығайтуда жаңа табыстарға қол жеткізуде тығыз ынтымақтастықта. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар екі елдің берік достығы мен берік қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.

Ең алдымен жеңіл өнеркәсіп саласында иірілген жіп, мата және кілем өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. пластмассадан жасалған бұйымдар өндірісін дамытуға болады. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы. Онда дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен саласында облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жобалар құпталады. Түркістан облысында мақта өндірісінің жылдық көлемі 316 мың тоннаны құрайды. Өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу - басым бағыттардың бірі. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика салаларына бағытталды.

Қытай делегациясы тарапынан да бірнеше жобалар ұсынылды. Ең алдымен халық сұранысына сай салаларға бет бұратындарын атап өтті. Атап айтқанда, мақта шаруашылығы және ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ баламалы энергетика және күн энергетикасы саласына басымдық берілген. Жаңа технология – желден электр энергиясын өндіру, күн сәулесі арқылы тоқ өндіру, жеңіл өнеркәсіп салаларына инвестиция құюға дайын.

2027 жылға дейін аймақ экономикасына 300-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру есебінен шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Қазақстан тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың (халқы-200 млн.адам) мүшесі. Бұл тұста Түркістан облысында бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, оларды іске асыруға қазақстандық және қытайлық компаниялар тартылуы мүмкін. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының ҚХР-мен тауар айналымы – 135 млн. АҚШ долл. (экспорт – 84 млн. АҚШ долл., импорт – 51 млн. АҚШ долл.).

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тек нығая түсуде. Бүгінгі өтіп жатқан көрме қазақ-қытай кәсіпкерлері арасында оң нәтижелер беретініне сенімдімін. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүздесіп едік. Біраз маңызды жобаларды талқыладық. Бүгінгі кездесу сол сапардың жемісі деп білеміз. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді жинақтап, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуды көздеп отырмыз,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жалпы Қытай – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі екені белгілі. Қос мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасын жандандырып, қазақстандық тауарларды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайту – үкіметіміздің басты бағыттарының бірі деуге болады. Мәселен, өткен жылдың соңында Қазақстанның Қытайға экспорты 9,9 миллиард долларды құраса, оның ішінде 4,5 миллиард доллары өңделген өнімдерге тиесілі.

Еске салайық, Қазақстан Президенті ел үкіметіне өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуды міндеттеген еді. Оған қол жеткізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп үшінші жыл қатарынан Экспортты жеделдету бағдарламасы бойынша мақсатты нарықтардың бірі ретінде Қытайды таңдады. Жобаға қазақстандық шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді өндірушілер қатысып жатыр. Оларға сыртқы нарыққа шығу кезінде жан-жақты қолдау көрсетіледі, оның ішінде сенімді серіктестер іздеу және олармен іскерлік кездесулер ұйымдастырылуда. Бағдарлама аясында отандық өндірушілердің тауарлары Шанхайда (2020-2021) жыл сайынғы халықаралық көрмеде екі рет ұсынылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 100 миллион доллардан астам экспорттық келісімшарт жасалған еді.

Былтыр Қазақстаннан Қытайға өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсіп, 1 млрд долларды құрады. Мысалы, мыс және мыс катодтары, өсімдік майлары, титан және одан жасалған өнімдер, жарма немесе өңделген бұршақ дақылдарының қалдықтары, циклдік көмірсутектер және т.б. сияқты тауарлардың жеткізу көлемі артқан. Қаңтар-наурызда Қытайдан Қазақстанға өңделген тауарлар импортының көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Қазақстан Қытайдан ауа баптау қондырғыларын, компьютерлерді, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларын, шиналарды, телефондарды импорттайды. Соңғы отыз жылда Қазақстан-Қытай саудасы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 70 есеге жуық өсті. Ал осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 17,7 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық есеппен 20%-ға артты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 180 рет