Бейсенбі, 12 Қазан 2023 20:13

Түркістан: елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілетін болады

Түркістан облысында және Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асады. Оның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылыс материалдары да қатаң сараптаудан өтуде.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиында облыста салынатын және салынуы ықтимал нысандардың жобасы сараланды. Өңір басшысы әрбір сәулеттік жобаға жеке-жеке тоқталып, жауапты басқарма мен мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

– Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін. Бос, қолданылмай тұратын ғимараттар керек емес. Жаңа ғимараттар қаланың Бас жоспарымен және даму тұжырымдамасымен үндесуі тиіс. Мәселен, спорт ғимараттарын алайық. Қанша ғимарат керек? Қайда орналасқаны жөн? Ол салынған тұрғындарға қаншалықты оң әсер етеді? Мәдениет, туризм, білім нысандарын салуда осы сұрақтар назарға алынып, сәулетшілер аталған сала өкілдерімен ақылдасулары қажет. Әр ғимарат қаланың сәніне сән қосатындай сәнді әрі өзара үйлесімді болғаны абзал. Тарихи-мәдени орталық маңындағы жеке үйлерден саяхатшыларға арналған шағын хостелдер жасақтау үшін жобалар ұсынылсын. Ол үйлер қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте облыста жүзеге асырылуы мүмкін 13 нысанның сызбанұсқасы ұсынылып, талқыға түсті. Түркістан облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Нұрлыжан Бөкебаев Шығыс базары, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұясы, Мәдени-рухани орталықтағы автотұрақ, әкімшілік-іскерлік орталығындағы аллея, жаңа туристік бағыт, Сайрам ауданындағы «Неке сарайы» жобалары туралы баяндады. Сонымен бірге жиында Түркістан қаласында гимнастика мектебін, Олимпиадалық резерв мектебін және Жоғары спорт шеберлігі мектебін салу арқылы спорт қалашығын қалыптастыру жөнінде ұсыныс берілді. Бейнелеу өнері мұражайын салу мен Б.Саттарханов көшесінің бойына кіші сәулеттік формаларды орнату жобасы да ұсынылды. Аталған жобалар туралы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің, «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Еркін Жүсіповтің де ұсыныстары тыңдалды. Жобалардың кейбірі қолдау тапса, бірқатарын толықтыру жөнінде тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, айрықша қолдау білдіргені белгілі. Түркістан – Түркі әлемінің орталығына айналуы тиіс. Басқа аудан, қалалар Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. 

Түркістан облыс орталығы болған уақыттан бері біраз өзгерістерді бастан кешіп, қаланың көркін арттырар ауқымды құрылыс нысандары салынып, дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны сөзімізге дәлел. Жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, тарихи-мәдени құндылықтарды бойына сіңірген қала болғандықтан қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуі тиіс.

Мәселен, «Керуен сарайы» көпсалалы кешені көркем жарықшамдар, түп-түзу жол, жағалай су бүркіген субұрқақтар, балғын көк майсамен көмкеріле Түркістанның қасиетін арттырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының өзі осы бір сұлулыққа таңырқап, қаланың жаңа статусқа ие болуы тұрмыстарына басқаша сипат бергенін айтып мақтануда. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттау керек екенін ескеруіміз керек.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 191 рет