Жұма, 13 Қазан 2023 15:06

Түркістан облысын дамытудағы басты драйвер – ауыл шаруашылығы саласы

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды орындау жөнінде жоспар бекітіледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында арнайы қаралды. Жиында бірнеше басқарма басшысының есептері тыңдалып, жоспарлар жасалды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Түркістан өңірінің дамуына тікелей ықпал ететін мәселелер көтеріліп, міндеттер жүктелді. Таяуда Үкіметтің қарауымен Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары бекітіледі. Біз де өз тарапымыздан әлеуетімізді саралап, дайындықты бастауымыз керек. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері өздеріне тиесілі салалары бойынша жоспар жасап, елдің әл-ауқатын көтеру, Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмысты күшейтулері тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек Жолдаудың барлық саланы қамтып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу үшін бюджеттік - салықтық саясатты дамытуды тапсырды. Сонымен бірге биыл экономиканың өсімін 4% денгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Биыл облыстың жалпы өңір өнімін 3,5 трлн. теңгеге немесе 3,6% өсімге қол жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс экономикасының өсімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 2-кезеңі әзірленуде. Болжамға сәйкес 2028 жылға жалпы өңірлік өнімнің көлемі 1,5 есеге көбейтіп, 5,2 трлн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Басқарма басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 20 индикатор бойынша статистикалық есеп жүргізу мерзімі бар. Ауыл шаруашылығы саласында 20 индикатор жоспарланып, 14-і орындалса, Қоғамдық даму басқармасында 6 индикатор бойынша жұмыс атқарылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 8 индикатор жоспарланып, 6-ауы жүзеге асқан. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қатысты 11 индикатордың 9-ы орындалса, Облыстық денсаулық басқармасына қатысты 14 көрсеткіштің 13-і орындалған.

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған, оның 121 индикаторы 2022 жылға жоспарланған. 2022 жылдың қортындысымен 74 (61,2%) индикаторға қол жеткізілген. «Облысты дамыту жоспарын жүзеге асыру – аса маңызды іс. Жауапкершілікпен қараған жөн. Әр аудан, қаланың ерекшеліктері де ескерілуі тиіс. Әр ауданды өз ерекшелігіне сай салаға бейімдеп, индикатор қою керек. Осы жағын жүйелеңіздер. Басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бекітілген индикаторлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Барлық көрсеткіш орындалуы керек. Индикаторларға қол жеткізу бойынша ай сайын мониторинг жүргізу экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жүктелсін. Тиісті жауапты мекемелер әр айдың 13-інен кешіктірмей жоспардың орындалуы бойынша ақпарат ұсынсын. Жыл сайын қайталанатын кемшіліктер түбегейлі жойылып, биыл оның қайталануына жол берілмеуі қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Мұздыбеков пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов те өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді. «Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

Қазіргі таңда «Кентау қаласы №5 ЖЭО қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру» нысаны бойынша облыстық бюджеттен 3 млрд. теңге қаржы бөлініп, мердігер мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 833 елді мекеннің 814-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 19 елді мекен дербес электр қондырғысынан электр қуатын пайдалануда. Сонымен қатар облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар іске асырылуда. Қазіргі таңда, Түркістан облысы аумағында жалпы қуаты 228,6 МВт құрайтын 23 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған. Биыл қазан айына дейін Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекенінде қуаты 50 МВт құрайтын «Шәуілдір» күн электр станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 833 елді мекеннің (2 млн. 119 063 тұрғын) 465 елді мекені (55,9 %) немесе 1537 588 тұрғын (72,6 %) табиғи газбен қамтамасыз ету мүмкіндігіне қол жеткізді.

Жолдауда ірі кәсіпорындардың шикізатты кезең-кезеңімен қайта өңдеу бағытындағы міндеттемелерін бекіту жөнінде айтылды. Көкөністі, жеміс-жидекті, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісі жанданады. Осы орайда, аталған саланы дамытудың маңыздылығын ескере отырып, отандық және шетелдік инвесторлады тарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, мақтаны терең өңдеу және кластер құру бойынша өзбекстандық «Global Textile» және қытайлық «Peng Sheng» компанияларымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Шардара ауданында «КазКрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде және «Atmo Capital Turkistan» ЖШС-і қызанақ және бақша дақылдарын терең өңдеу зауытын жүзеге асыруды жоспарлауда.

Түркістан қаласында пияз және сарымсақ дақылдарын терең өңдеу арқылы кептірілген дайын өнімдерге қосылатын дәмдеуіштерін өндіру зауытының құрылысы қарастырылуда. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС құрама жем өндірісі және ірі қара мал қалдықтарын терең өңдеу зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Одан өзге де жоспарлар бар.Айта кетейік, Түркістан облысында өнеркәсіп саласында соңғы 5 жылда өнім көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылы 866,6 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 519,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексінің 104,5% құрады. Аталған салада 350-ден аса кәсіпорын жұмыс атқарып, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 226 рет