Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы қонақтарға алдымен өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы жайында айтып берді. Оның барысында қытайлықтар үшін тиімді тұстарына баса назар аударылды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласына, қайта өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріп жатқанын атап өтті. Өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жақында болған Қытай сапары нәтижесінде жүзеге асатын бірлескен жобалармен бөлісті. Жаңа жобаларды жан-жақты қолдауға, мемлекет тарапынан көрсетілуі тиіс қолдауларды ұсынуға әзір екенін білдірді.
– Орта Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі саналатын Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Түркістан облысында бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытуға болады. Халық тығыз орналасқан біздің өңірімізде ауа-райы өте қолайлы, халқы еңбекқор. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар – екі елдің берік достығы мен қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге толықтай дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенеміз. Жақын арада біз облыстың делегациясымен Қытайдағы ең ірі деген өндіріс алпауыттарының жұмысымен танысып, тәжірибе алдық. Енді соны іске асыруға мүдделіміз. Түркістан облысы ауданының әкімдері де Қытайдағы ірі өндіріс орындарында болып, тәжірибе алуда. Осы жұмыстар нәтижесі ретінде бүгінгі жобаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз,– деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.
Тараптар инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын талқылады. Облыс басшысы Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Өз кезегінде қытай инвесторы Түркістан өңірінің даму бағытын жоғары бағалап, «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында жаңа жобаны іске асыруға дайын екенін айтты. Зауыт өнімі халық сұранасына орай жүзеге асырылатынын атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Қытаймен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен одан әрі дамыту, іскерлік тәжірибе алмасу және Түркістан облысына инвестиция тарту мақсатында Арыс қаласы әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған делегация Қытай Халық Республикасында болды. Іссапар барысында арыстық делегация Қытайда бірнеше қалаларда орналасқан әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысып, маңызды келіссөздер жүргізді.
2027 жылға дейін аймақ экономикасына 300-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру есебінен шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тарту жоспарланған. Қазақстан тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігі қамтамасыз етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың (халқы-200 млн.адам) мүшесі. Бұл тұста Түркістан облысында бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, оларды іске асыруға қазақстандық және қытайлық компаниялар тартылуы мүмкін. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының ҚХР-мен тауар айналымы – 135 млн. АҚШ долл. (экспорт – 84 млн. АҚШ долл., импорт – 51 млн. АҚШ долл.).
Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.
Қытай – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі екені белгілі. Қос мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасын жандандырып, қазақстандық тауарларды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайту – үкіметіміздің басты бағыттарының бірі деуге болады. Мәселен, өткен жылдың соңында Қазақстанның Қытайға экспорты 9,9 миллиард долларды құраса, оның ішінде 4,5 миллиард доллары өңделген өнімдерге тиесілі.
Еске салайық, Қазақстан Президенті ел үкіметіне өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуды міндеттеген еді. Оған қол жеткізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп үшінші жыл қатарынан Экспортты жеделдету бағдарламасы бойынша мақсатты нарықтардың бірі ретінде Қытайды таңдады. Жобаға қазақстандық шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді өндірушілер қатысып жатыр. Оларға сыртқы нарыққа шығу кезінде жан-жақты қолдау көрсетіледі, оның ішінде сенімді серіктестер іздеу және олармен іскерлік кездесулер ұйымдастырылуда. Бағдарлама аясында отандық өндірушілердің тауарлары Шанхайда (2020-2021) жыл сайынғы халықаралық көрмеде екі рет ұсынылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 100 миллион доллардан астам экспорттық келісімшарт жасалған еді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат