Сондай-ақ биыл 8 айда Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 519,3 мың адамға жетті. Түркістан өңірінде туризмді дамыту мәселелері талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды бұл салада жұмысты күшейтіп, ұзақ жылдарға индикаторлар белгіленген тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.
– Көрсеткіштер жақсы. Бұл жұмыстарды жалғастырыңыздар. Бірақ біздің алдымызда нақты мақсаттар болуы керек. Ол – туристер санын көбейту. Мысалы, келесі жылы екі есе, одан кейін үш есе көбейту, осы салада жұмыс орындарын ашу, табысты молайту және өзге де миссиялар бекітілуі қажет. Ал ол үшін не істеу керек? Әкімдік қандай қолдау көрсеткені дұрыс? Туристерді жыл сайын көбейту үшін қанша қонақүй қажет? Қай елдермен әуе рейстерін ашамыз? Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия және өзге де елдердің саяхатшыларын тартатындай туристік бағыттар, инфрақұрылым, іс-шаралар жоспарын бекіту де – уақыт талабы. Міне, осы және басқа да мәселелерді шешу жолдары жоспарланып, бекітілгені жөн.
Сондықтан кемінде 5 жылға жоспарланған тұжырымдама әзірлеуді тапсырамын. Басшылар ауысқанымен, сол тұжырымдама ары қарай жұмысын жалғастыруы тиіс. Оған туризм саласының білікті мамандарын тартыңыздар. Еліміздегі және шетелдегі тәжірибелерді зерттеңіздер. Іздену керек. Осы құжатты әзірлеуге 2 ай мерзім беремін. Аудан, қала әкімдері де өздері басқаратын аумақтың туристік әлеуетін көтеру бойынша жұмыс атқарсын. Жауапты басқарма мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығына іс-шаралар мазмұнын байыту, ізденісті арттыруды тапсырамын. Тарихи Түркістанның туристік әлеуеті бұған мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, облыс аумағында 220 қонақ үй және 72 емдік-сауықтыру орны қызмет көрсетеді. Биылғы 8 айдың статистикалық дерегіне сәйкес, қазіргі таңда өңірімізге 230,5 мың турист және 737,9 мыңнан астам біркүндік келуші келген. Оның ішінде орналастыру орындарына 6 айда 115,5 мың, «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейіне 519 320 адам, «Отырар» қорық-музейіне 8 айда 218658 адам келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласында нөмірлік қоры 2557 төсек-орынды құрайтын 58 орналастыру орны қызмет атқарады.
2018 жылдан бері Түркістан қаласында 34 орналастыру орны қолданысқа беріліп, нөмірлік қор 1479 төсек-орынға немесе 2,5 есеге артқан. Туристік қызмет саласының тартылған инвестиция көлемі 280,1 млрд. теңгені құраған.Былтыр 3 қонақ үй, ал биыл 2 қонақ үй қолданысқа берілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында 5 қонақүй құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалардың жалпы соммасы 13,4 млрд. теңгені құрайды.
Соңғы жылдары экологиялық туризм бүкіл әлемде трендқа айналуда. Өңірімізде де экологиялық туризм қарқында дамуда. Оның айқын дәлелі, өткен жылмен салыстырғанда табиғи аумақтар келушілер саны 1,5 есе артқан. Облыста жыл соңына дейін республикалық және халықаралық деңгейдегі туристік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Түркістан облысының туризмін дамыту шаралары 3 бағытта жүргізіледі. Олар: тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм кластері. Өңірдің таулы аймақта орналасуы туризмнің әлеуетін арттыруға екпін береді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды туристік әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
«Түркістан облысы туристік әлеуетке басымдық беретін бірден-бір өңір. Өңірге былтыр 470 мың, ал биыл 6 айда 123 мың турист келген. Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатыр табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында инфрақұрылымдарды жаңарту, жөндеу және саяхатшыларға арналған қонақжайлар салу үшін қажетті жерлерді бөлу жұмыстарын белсенді түрде жүргізудеміз. Бұл өз кезегінде экотуристерді еселеп арттырады. Жуырда туризм саласының өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Онда көтерілген мәселелер сарапталды. Осылайша, өңірдің туризм саласын жан-жақты дамыту міндетін бірлесіп орындаймыз», - дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
2019 жылы «Түркістан облысының туризмін дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» әзірленген болатын. Сол тұжырымдама негізінде облыстың, соның ішінде Түркістан қаласының туризм саласындағы бірқатар мәселелері көрсетілген болатын. Солардың бірі — туризм индустриясында кәсіби даярланған кадрлардың жетіспеушілігі, салааралық ынтымақтастықтың әлсіз жүйесі, туризм инфрақұрылымының жеткілікті дамымауы, баға мен қызмет сапасының сәйкес келмеуі. Және сол тұжырымдамада осы проблемалар шешілетін болса, келесідей нәтижелер күтіледі делінген: – Жалпы өңірлік өнімді қалыптастыруға туризмнің үлесі артады; – Туризмнен түсетін кірістер өседі; – Облысқа туристер ағыны артады; – Жұмыс орындарының орны артады; – Туризм саласына инвестиция артады; – Қонақ үй, көлік және мейрамхана бизнесі, туристік-ойын сауық, спорттық-сауықтыру кешендері мен іскерлік орталықтар дамитын болады.
Сонымен бірге айта кетсек, Түркістан қаласында туризм саласын дамытуға баса назар аударып, қолға алғалы бері көптеген жоғары дәрежедегі қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары, мейрамхана бизнесі де дамып келеді. Соңғы жылдары қалада туристерге қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін Rixos Turkestan, Boutique Hotel Silkway, Hampton by Hilton, Ramada by Wyndham Turkestan, Khaganate Hotel секілді жоғары дәрежедегі қонақүйлер, Khanshaiym Plaza сауда және ойын-сауық орталығы және 5 жұлдызды қонақ үй, отбасылық ойын-сауық орталығын, сауда орталығын және түрлі шоу-бағдарламаларды қамтитын Karavansaray туристік кешені жұмыс жасауда.
Түркістан қаласында қазіргі таңда туризм саласы алдыңғы жылдағы көрсеткіштерге қарағанда жақсы қарқынмен дамуда. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп, туристердің қолайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін туристік инфрақұрылым да жақсаруда. Алайда, даму қарқыны жақсы болғанымен, әлде де еліміздің басқа қалаларымен, шектесіп жатқан өзге елдердің Түркістан қаласымен әлеуеті деңгейлес қалалармен бәсекеге қабілетті болуы керек. Көріп отырғанымыздай, қалаға туристер ағыны артқаны байқалғанымен, тек ел ішіндегі ішкі туристер басым. Қаламызға келетін шетелдік туристердің мөлшері өте аз мөлшерді құрауда. Болашақта бәсекеге қабілетті туризм орталығы болу үшін бұл көрсеткіштің артуы өте маңызды болып табылады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат