Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасы, сондай-ақ «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өңірдің туристік әлеуетін насихаттау жұмыстары жалғасуда.
Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің өзге де өңірлерінен келген делегация өкілдері Этноауыл кешенін аралап, түрлі заттардан жасалған қазақтың қолөнер бұйымдарымен танысты. Мұнан соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасады. Топ құрамындағы бауырлас азаматтардың кейбірі Түркістанға алғаш рет саяхаттаса, енді бірі соңғы рет қалада 8 жыл бұрын болғанын айтады. Ақпараттық тур барысында Түркістандағы өзгерістер мен қаланың қазіргі келбетіне оң бағалар беріліп, қонақтар тарихи орындар туралы деректерді тыңдалды. Көне ғасырдың қайталанбас ғажайып мұраларын қаз қалпында сақтай отыра, Түркістанның жаңа тынысы ашылғаны барша түркі жұртына қуаныш сыйлайтыны сөз болды.
Отырар ауданына жол тартқан топ өкілдері Арыстан баб кесенесіне табан тіреп, ұлы тұлға рухына тағзым етті. Әрі қарай ежелгі Отырар қалашығында көне ғасырға тап болғандай күй кешкендерін айтты. Бұл жерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер жайында ақпараттар берілді. Тек қазақ халқының ғана емес күллі түркі жұртына ортақ тарихына шолу жасалып, гид-экскурсоводпен толғамды пікір алмасулар жүргізілді.
Ақпараттық тур өкілдері Түркістан қаласына оралып, «Түркістан дауысы – 2023» республикалық жас орындаушылар байқауына қатысты. Шарада қатысушылар мен эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, талант иелеріне қолдау білдірді. Мұнан соң «Сандық» мейрамханасында ұлттық мәзірдегі ерекше тағамдардан дәм татып, домбырада шертілген күйлерге таңданды. «Керуен сарай» туристік кешенінде театрландырылған «Қыз Жібек» қойылымы мен субұрқақтар шоуын көріп, 8D форматындағы «Алтын самұрық» ұшатын театрында Қазақстанға виртуалды саяхат жасады. Осылайша ақпараттық турдың бірінші күнін қорытындылап, тамаша әсерге бөленгендерін жеткізді. Жалпы 14 өкіл өздерінің медиа алаңдарында Түркістан облысының туристік әлеуетін насихаттауды бастап кетті. Келесі күні Сауран қалашығы, Ақмешіт үңгірі мен Қасқасудағы туристік нысандарға баруы жоспарлануда.
Ал енді Түркістан облысындағы туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем шолу жасай кетсек, 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақ үйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілді.
Еліміз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірді. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл жаңа құрал – туристік кэшбэк енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Демалушылармен қатар, жергілікті туристік компаниялар да артықшылықтарға ие болады. Мысалы, Абай, Ұлытау облыстары сияқты жаңа бағыттарға шығындар сомасының 20%-ы қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және сүйікті бағыттарға кэшбэк 10%-ды құрайтын болады.
Сонымен қатар бүлдіршін саяхатшылар да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы Kids go free бағдарламасы шеңберінде Қазақстан бойынша тегін әуе сапарын пайдалана алатын балалар саны 1 500-ге дейін жетті. Ал осы жылы 2 мың балаға дейін жеткізу көзделген. Бұл отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндіктер.
Одан бөлек, жыл басынан бері қонақүйлерде тұрған әрбір шетелдік туристерден Bed Tax салығы алынады. Жиналған қаражат жергілікті бюджетке бағытталып, өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға, туристердің демалыс орындарын абаттандыруға және туристік әлеуетті ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізуге жұмсалады. Мәдениет және спорт министрлігі іске асырып жатқан жоғарыда барлық аталған шара бірінші кезекте отандастарымыздың дұрыс демалысын дамытуға бағытталған. Туристер арасында демалыс мәдениетін қалыптастыру – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі.
Түркістан шаһары – облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Топырағы талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи мекендер жетерлік. Облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды. Сондықтан бұл қасиетті де киелі мекенді одан әрі дамыту барлығымыздың ортақ парызымыз екені айтпаса да түсінікті.
Туризмді насихаттау мақсатында халықаралық платформаларда жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, TripAdvisor платформасында 40-тан астам туризм нысаны, 37 қонақ үй енгізілді. IZI.Travel халықаралық туристік платформасында 100 туристік нысанның координаттары мен 3 тілде аудио нұсқаулықтар енгізілді. Сонымен қатар ішкі туризмді насихаттау мақсатында «Neo Nomad» ауқымды акциясы басталды. «Neo Nomad» заманауи көшпенді атағын және құнды сыйлық жыл бойы 20 туристік фототүсірілімде суретке түскен туристер алады.
Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың жаңалануына байланысты Халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр.
Құрлықтарды кесіп, теңіздерді кешіп бөтен ел мен бейтаныс жерлерді көру адамдардың көксегені. Жер шарындағы саяхат ежелден бар екені анық. Әскери және ғылыми экспедиция ретінде қалыптасып өмірге келген. Алайда, ол ішінаралық қана болып келген еді. ХХІ ғасыр басталғалы саяхат пен туризмнің дәуірі туды деуге болады. Ақшасы бар адам материалдық жақтан қанағаттанып ылғи да қарап отырмас еді. Ол үшін өзге дүниеден рухани ләззат алу керек болады. Сол сәтте ішпегенді ішіп, көрмегенді көріп рақаттануды ойлаған адам туризмге ден қояды. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығы мықты. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.
ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар мен Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бәрі-бәрі осы облыста орналасқан.
Өткен жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Саяхаттаушылардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары болып отыр. Бұл дегеніңіз қызығушылықтың өте жоғары екенін аңғартады Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер дені көп. Туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы мәдени астана ретінде алдағы уақыттарда талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатыны анық.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»