Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымының дайындығына баға берді. Құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр.
Жалпы Түркістан қаласында қазіргі таңда 875 көше бар. Барлығын қосқанда 800 шақырымдай. Ол көшелердің 38,3 пайызында асфальт жабындысы бар болып табылса, 57,4 пайызы тас жолдар. 2022 жылы қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ, былтыр қала аумағындағы халық сұранысына ие болған, қала тұрғындарының әлеуметтік нысандарға, оның ішінде мектеп, балабақшаларға баруын қауіпсіз етуге арналған жолдарды қамтамасыз ететін 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге аяқжол құрылысын жүргізілді. Алдағы уақытта облыс мәртебесін алғаннан кейін автокөліктердің көбеюі және тұрғындардың дені веложолды пайдалануына байланысты бұл мәселеге орташа жөндеулер кезінде қайта оралуға болады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің алты сектордағы тұрғындармен кездесу барысында бұл мәселе көтерілді. Ал, бірақ бюджеттен қаржы бөлінуі үшін бірер көшемен шектелмей, бұл мәселені ондағын көшені кешенді түрде қарап, толыққанды шешудің жолдарын ойластырылды.
Қазіргі таңда қала аумағындағы 393 көше сапалы жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы жарықтандырылған көшелер үлесімен есептейтін болсақ 44,9%-ды құрайды. Алайда, қалаға көшіп келушілердің көбеюі мен бұрын кезінде сол шағын аудан тұрғындарының қаржы жинауымен салынған трансформаторлардың күші жетпейтіндігі белгі болып отыр. Бұл мәселе бойынша да, кешенді шаралар қарастырылуда. Мәселен, былтыр Түркістан қаласы аумағында 176,4 шақырымды құрайтын 142 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, толығымен іске қосылды. Нәтижесінде, жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесі 61,1%-ға жетіп отыр. Сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін қосымша 223 көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары «Бірлік» тұрғын алқабына қарасты 33 көшеде жүргізілуде.
Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау имаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді.
Бұл Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысандарға 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдардан бері салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су насос станциялары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа насос қондырғыларымен, желдеткіш қондырғыларымен қамтамасыз етілуі қажет. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау-Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-Су» МКК-нан қамтамасыз етіліп отыр.
Ал, жалпы Түркістан облысында биыл 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов айтты. Оның сөзінше, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі өткен жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 92%-ға жетті. 2022 жылы облыста 120 қоғамдық көлік жаңартылған. Оның 37-сі - жаңа қоғамдық көліктер. Түркістан қаласында тасымалдаушылар есебінен 28 жаңа автобус сатып алынған. Облыстағы ескі қоғамдық көліктердің үлесі 49,4%-дан 47,4%-ға азайды. Сондай-ақ, 13 тұрақты бағыт ашылды. Оның 2-і - ауданаралық, 4-і - қалаішілік, 7-і - ауданішілік.
Брифинг барысында Ролан Бекмағамбетұлы автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жоспарларын айтты. – 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелерінің 2094,9 шақырымы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жыл қортытындысымен 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді. Ал Түркістан қаласының 39,3 шақырым көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдарды жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елдімекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Ірі жобалардың бірі Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын жолдың 35 шақырымында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 16,2 шақырым жолдың бір бетіне 2 қабат асфальт жабындысы салынды. Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан кіреберіс 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары атқарылуда. Өткен жылы нысанға толық 2 қабат асфальт төсемі салынып, уақытша көлік қозғалысына берілді. Биыл қазан айында нысанды пайдалануға тапсыру жоспарлануда, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Қасқасу және Біркөлік елдімекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жол толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті. Сауран ауданын Түркістан қаласымен қосатын 97,8 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның 76,8 шақырымы толық пайдалануға берілді. Биыл қалған 21 шақырымы жөндеуден өтеді. Ал Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе, Ынтымақ бағытындағы 70,5 шақырымды құрайтын жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 37,6 шақырымы пайдалануға тапсырылса, биыл 32,9 шақырымына жұмыстар жалғасады.
Одан бөлек, Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елдімекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 62,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді. Оның 56,7 шақырымы пайдалануға тапсырылса, 6 шақырым жолдағы жұмыстар ағымдағы жылға өтпелі. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елдімекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Сайрам ауданындағы Таскешу елдімекені мен Созақ ауданындағы Таукент қалашығында жолаушыларға қызмет көрсету пункті ашылды. Сондай-ақ, тұрақты емес тасымалдау қызметіне 8 лицензия, шағын көлемді кеме жүргізушісіне 11 куәлік берілді.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы жергілікті маңызы бар жолдар мен елдімекен көшелерінің 1521,1 шақырымы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ. Жыл қорытындысымен 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.Сондай-ақ, биыл облыстың оңтүстігінде орналасқан Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Келес аудандарының жолдарын жөндеуге басымдық берілмек.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат