Сейсенбі, 17 Қазан 2023 16:39

Түркістан: Мақтааралда биыл тәулігіне 600 тонна мақта өңдей алатын зауыт іске қосылмақ

Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер әуелі Азаттық ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысымен танысты. Аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Жаңажол және Азаттық елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Жалпы 2023 жылға аудандық бюджеттен 95 млн. теңге бөлініп, 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

БАҚ өкілдері кейін Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Қазақ ССР-нің 40 жылдығы ауылында болып, жаңадан салынып жатқан мақта талшығын өңдейтін зауыттың құрылысымен танысты. 2023 жылдың шілде айында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында зауыт-фабрикалар ашу бойынша облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына және көршілес Өзбекстан Республикасына барып келген болатын. Мақтааралдық жеке кәсіпкер Қабыл Боев жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауыт құрылысын бастаған. “Cotton-Мақта” ЖШС-ң өндіріс орны биыл іске қосылмақ. Зауыттың жылдық қуаттылығы - 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Мұнан соң журналистер Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында орналасқан 200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы ауданда 2018-2023 жылдар аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен жаңадан тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Кейін журналистер Иіржар ауылдық округі Азамат ауылындағы «Нұрмағанбет» шаруа қожалығына барды. Биыл қожалықтың иесі 7,5 гектар жерге мақта егіп, бүгінде өнім жинап жатыр. Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 36 мың гектардан аса жерге мақта еккен. Қазігі таңда диқандар мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Қазіргі таңда мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылуда. Бүгінде 3 мыңнан аса егістік алқаптан 7,7 мың тонна мақта жиналды.

Сонымен қатар, журналистер аудан орталығы Мырзакент кентінде пайдалануға берілген екі қабаттан тұратын спорт сарайын аралап шықты. Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта екі үлкен спорт залы, жаттығу залы мен сабақ өтуге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, спорт залда гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.

Жақында Мақтаарал ауданына іссапармен барған кезінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады деген болатын. Облыс әкімінің айтуынша, бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сол сапарында Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мен мақта зауыттарында да болды. Мақта өсірушілермен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Шаруалар талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін ортаға салды.

Түркістан өңірінде 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтілуде. Өңірде жаппай егін жинау науқаны басталды. Бұл сала соңғы жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырауда. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен.Кездесуде өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды.

Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін салу жобасы әзірленді. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 млрд. теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global Textile» компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Мақта шаруашылығы саласының проблемалық мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелік ресурстар және т.б.) саланы қолдау үшін шаралар қабылдануда. Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1 мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Наманган – 77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Алайда фермерлер жаңа тұқымын ауыстыруға асықпай отыр.

Шаруалармен кездесуге келген Global Textile компаниясының өкілі зертхана нәтиежесімен бөлісті. «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талаптарға сай. Сапа артпай, сұраныс өспейді. Сондықтан болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға ғана қолдау көрсетеді.– Мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Біз үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, – деді Дархан Сатыбалды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 485 рет