Сейсенбі, 17 Қазан 2023 19:12

Мақтааралдағы «Мырзашөл-құс» серіктестігі құс еті мен жұмыртқа өндіретін фабриканың құрылысын жүргізуде

Мақтаарал ауданында 2018-2022 жылдар аралығында 102,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы көшпелі брифингте аудан басшысы Бақыт Асанов мәлімдеді.Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласы 5 жыл уақыт аралығында жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, былтыр 81 млрд. теңгеге жеткен.

- Бес жыл уақыт ішінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық даму оң қарқынды көрсетуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 76 жоба (436,6 млн теңгеге) мақұлданған. Сондай-ақ, аудан бойынша жалпы 69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1%-н құрайды. Инфрақұрылымды дамыту бойынша аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-сі, яғни 99,9%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Жаңажол және Азаттық елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Жалпы 2023 жылға аудандық бюджеттен 95 млн. теңге бөлініп, 9 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан бөлінгелі 2019-2022 жылдар аралығында 11,2 шақырымды құрайтын 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына асфальт төселді. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 199 шақырым 212 ішкі көшеге асфальт, 118,3 шақырым 151 ішкі көшеге тас төселді, - деді аудан әкімі. Сондай-ақ, өңірде жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында 24 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылған. Онда 4 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұдан басқа, «Еңбек» бағдарламасымен бес жылда 4 052 адам жұмыспен қамтылған.

2023 жылдың шілде айында аудан әкімі Бақыт Асанов аудан аумағында зауыт-фабрикалар ашу бойынша облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына және көршілес Өзбекстан Республикасына барып келген болатын. Мақтааралдық жеке кәсіпкер Қабыл Боев жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайтын мақта өңдейтін зауыт құрылысын бастаған. «Cotton-Мақта» ЖШС өндіріс орны биыл іске қосылмақ. Зауыттың жылдық қуаттылығы — 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде 50 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында 200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Биыл жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы ауданда 2018-2023 жылдар аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен жаңадан тағы 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округі Азамат ауылында мақта егумен айналысатын «Нұрмағанбет» шаруа қожалығы бар. Биыл қожалықтың иесі 7,5 гектар жерге мақта егіп, бүгінде өнім жинап жатыр. Жалпы биыл мақтааралдық шаруалар 36 мың гектардан аса жерге мақта еккен. Қазіргі таңда диқандар мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Қазіргі таңда мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай шаруаларға таратылуда. Бүгінде 3 мыңнан аса егістік алқаптан 7,7 мың тонна мақта жиналды.

Аудан орталығы Мырзакент кентінде екі қабаттан тұратын спорт сарайы пайдалануға берілген. Жаңа спорт сарайы екі қабаттан тұрады. Ғимаратта екі үлкен спорт залы, жаттығу залы мен сабақ өтуге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, спорт залда гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, ауыр атлетика, жеңіл атлетикамен айналысуға барлық жағдай қарастырылған.

Мақтаарал ауданындағы А.Қалыбеков ауылдық округінде үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану бойынша 79 жоба, техника сатып алу бойынша 13 жоба, мал шаруашылығы бойынша 18 жоба, өз кәсібін ашу бағытында 16 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал, Достық ауылдық округі бойынша мал шаруашылығы бағытында 17 жоба, техника сатып алу бойынша 19 жоба, жылыжай ашу бойынша 20 жоба тіркеліп, жобаларды несиелендіру бойынша жұмыстар іске асырылуда.

Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын К-20 каналы 10832 гектар егін алқабына ағын су жеткізіп беруде. Бүгінгі таңда каналдың 91 ішкі жүйесіне ПУИД-2 бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы канал 175,3 миллион теңгеге сатып алынып, коммуналдық меншікке өткізілді. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 53 миллион теңге қаржы бөлініп, сметалық құжаттары әзірленді.

Мақтарал ауылдық округінде орналасқан «Мырзашөл-құс» ЖШС өз қаржаты есебінен 850 миллион теңгеге құс етін және жұмыртқа өндіру фабрикасының құрылысын жүргізуде. Жыл соңына дейін зауыттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, 1-кезеңде жоспардағы 32400 бас тауықтан 28 мың жұмыртқа шығару кешенін , 2-кезеңде 32400 бас тауықтан 28 мың жұмыртқа алу кешенін, жалпы екі кешеннен жылыны 20 миллион жұмыртқа алу көзделген. Сонымен қатар, кәсіп иесі 2023-2024 жылдары 3-4 кезеңдерде құс фабрикасында тәулігіне 48 тонна өнімді құрайтын жем цехы мен жылына 50 мың бас бройлерден 1200 тонна ет өндіру жобасын іске қосуды жоспарлауда. Фабриканың 1-2 кезеңдері кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылса, қалған кезеңдерді жүзеге асыру үшін жеңілдетілген пайызбен несие алу қажеттігі туындап отыр.

Мақтаарал ауданында өзбекстандық «Clobal Textile» компаниясының сүйемелдеуімен Мақтаарал ауылдық округі, Өркениет елді мекенінде шаруалар тарапынан 15 гектар жерге эксперимент ретінде мақтаның «Наманган» тұқымы егілген болатын. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 10 мың гектарға жуық жерге «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорынның ендігі мақсаты — Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.

Мақтаарал ауданы, Атакент кентінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 1500 орынды мектептің құрылысы басталған. «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан алып нысан 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі.  1500 орынды мектептің бас жобалаушысы «Envicon-a» ЖШС-і болса, құрылысын бас мердігер «Bazis Construction» ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс 4 гектардан астам аумақта жүргізілуде.  

Жайлы мектептерде пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуларына, түрлі үйірмелерге қатысуларына, спортпен айналысуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалатын болады.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы аясында, Мақтаарал ауданында жалпы 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінде 1500 орынды  және 900 орынды мектеп, Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орынды мектеп, А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елді мекенінде 600 орынды мектеп және Нұрлыбаев ауылдық округі, Ынталы елді мекенінен 300 орынды мектеп салынады. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 543 рет