Бейсенбі, 19 Қазан 2023 13:14

Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 337 жоба жүзеге асырылуда

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша,  240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.

Облыста 1-ші жартыжылдыққадейін 7769,5 млн. теңге игерілген немесе жоспар 98,37 % орындалған. Түркістан облысы бойынша 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 163 елді мекенде 337 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 31,0 млрд. теңге бөлінді. Оның 97-сі өткен жылдан өтпелі болса, 240-ы – жаңа жобалар. Осы арқылы денсаулық сақтау саласында – 11, білім саласында – 17, спорт саласында – 18, мәдениет саласында – 21, ауыз су – 2, газдандыру – 24, электрмен қамту – 22 және жол жөндеу саласында 222 жоба жүзеге асады.

Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында 14 елді мекеннің көшелері қайта жөндеуден өтті.  Ордабасыда аудандық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 39,1%-дан 73,6%-ға жетсе, ал топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеген. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен биыл 23 көше және «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 27 көше орташа жөндеуден өтеді. Нәтижесінде елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ға жетпек.

Атап айтқанда, биыл ауданда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Теспе, Бөген, Жамбыл, Бірлік, Берген, Ынталы, Тоқсансай, Береке, Елшібек батыр, Ынтымақ, Қайнар, Қызылжар, Бейсен, Мақташы ауылдарындағы ішкі көшелер жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Ынтымақ, Жеңіс, Қарақұм, Ақсары, Шұбарсу, Бадам, Ұялыжар, Жеңіс, Қарақұм, Мақташы, Темірлан, Көктөбе, Қызылсеңгір, Қажымұқан, Амангелді, Ынталы, Спатаев ауылдарындағы топырақ жолдарға тас төселмек. Ауданда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 29 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде аудандағы 140 көшенің жарықтандырылуы 20,6%-ға жетті. 2023 жылы 10 көшені толық жарықтандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, былтыр аймақта автомобиль жолдары бойында 26 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл 18 «Сергек» камерасы орнатылады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ.

Созақ, Отырар аудандарында жаңа мәдениет ошағы салынып, Ордабасы ауданындағы Төрткіл ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. 104 ауылдағы ішкі көшелер жаңарады. 300 мыңға жуық халық тұратын 72 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады.

 «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды.

Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.

– Осы жылы 143 елді мекенде 294 жобаны іске асыруға бюджеттен жалпы 23,4 млрд. теңге жоспарланды. Жобаларды іске асыру аясында 4,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019 жылдан бастап

52 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жобалар жүзеге асырылды. 58 инфрақұрылымдық, 126 әлеуметтік нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылдардағы 1 мың шақырымнан астам ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 175 елді мекен тұрғындарының (600 мыңнан астам халық) өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Тұрғындармен кездесу барысында 50 пайыздан астам сұрақтар ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымға қатысты көтеріледі. «Облысымызда тұрғындардың 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрғандықтан, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы біздің өңір үшін өте маңызды. Жалпы, жобаның іске асырылуы тұрақты бақылауда,- дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыста мектептерді білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен –ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-сі – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірімізге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.

Облыс әкімі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары жіті назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілетінін, бұл елдің әлеуетін көтеруде маңызға ие екенін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар берді. Осыған дейін үкімет отырысында Министр атап өткендей, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады. «Ауыл — Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. Бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 242 рет