Жұма, 20 Қазан 2023 17:07

Түркістан: 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Жоспарға сай, биыл өңірде I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында.

Осы орайда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілдері Келес ауданындағы «Көшім» шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты. Аудандағы Ақтөбе ауылдық округі, М.Горький елді мекенінде орналасқан шаруа қожалық 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта балық өсіру және балық етін өндіру қызметтері жүзеге асып жатыр. Жоба құны — 100 млн. теңге.

— Балық шаруашылығымен жеті жылдан бері шұғылданамыз. Инвест жоба аясында балықты қайта өңдеу, кептіру жұмыстарын қолға алдық. Одан бөлек, бүгінде 19 гектар жерімізде 13 тоғанды көл бар. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Осы шаруашылық үшін мемлекеттен үлкен көмек алдым. Конкурстан тысқары мемлекеттік қолдау шарасы аясында қожалыққа 76,2 гектар жер учаскесі берілді. Одан бөлек, қайта өңдеу цехын салу үшін 8 млн. 800 мың теңге төмен пайызды несие алдым. Биыл 515 млн. теңгеге үлкен жобамды ұсындым. Бүгінде ол қаралу үстінде. Мақұлданып жатса, өңірдегі тоғанды дамытуға әрі қарай өз үлесімді қосып, 28 көлге жеткізу жоспары тұр. Ол іске асып жатса, жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар, — деді шаруа қожалық басшысы Райс Тастанов.

Кәсіпкердің мәліметінше, жоба толық іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда цехта 6 адам жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы өз сөзінде Қазақстандағы тоғанды көлді қолға алып, дамытуға ұсыныс білдірді. Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Сонымен қатар аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады.

Бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Бәйдібек – 3, Түлкібас – 5, Кентау – 2, Сауран – 3, Сайрам – 3, Ордабасы – 3, Жетісай – 1,Қазығұрт – 1, Төлеби – 1, Шардара – 6. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр. Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.

Сондай-ақ, таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен балық саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер және балық шаруашылығы саласын дамыту жөнінде жиын өтті. Мәжіліске Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев және балық шаруашылығына қатысты құзырлы мемлекеттік органдар және аудан, қала әкімдіктерінің салаға жауапты орынбасарлары мен шаруа қожалықтың иелері қатысты. Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов баяндама жасады.

– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді ол.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу сұрады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындау жүктелді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деді Ермек Кенжеханұлы.

– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – деді Қайрат Абдуалиев. Жиналыс барысында өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, көкейтесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алынып, балық шаруашылығын дамыту жолдары жан-жақты сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 219 рет