Сенбі, 21 Қазан 2023 15:45

Түркістан: облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керектігін айтты

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр.

Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.

– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды. Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.

Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% — ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.Ал несиенің шарттары мынадай:Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %. Мерзімі – 5-7 жыл. Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге. Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге. Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Қазақстан фермерлер қауымдастығының, Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Берік Сариев бұл жобаға қатысудың оңай екенін айтады.

«Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», — дейді ол.Мал өсіремін деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.

 «Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. 2100-ден астам жоба ауыл шаруашылығы қызметінің осы түрімен байланысты.«Ауыл аманаты» — өте жақсы бағдарлама, өйткені 2,5% — бен, бірінші жылға арналған демалыспен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бәріміз бұл идеяны қолдауға дайынбыз. Өйткені, жергілікті сапалы ауыл шаруашылығы өнімі – Ұлт денсаулығы!», — дейді кәсіпкер Евгения Макаревич.

Естеріңізде болса, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен-ді. Таяудағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу көзделген, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді. Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 226 рет