Жексенбі, 22 Қазан 2023 13:10

Түркістан облысында тартылған инвестиция көлемі 5 жылда 3 есеге артқан

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Өңірді дамыту үшін инвестиция тарту және жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық берілгенін атап өтті.

«Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд.теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд. теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны 100 млрд. теңгені құрайды, 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді. Жалпы өңірдің өзіндік кірістерді көбейтуіміз қажет. Осыған орай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашуға басымдық беріледі», деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласын дамыту, өңірді өркендтету бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі (1,8 трлн.тг. үлесі 64%). 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9347 жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Облыс 5 айда 196, 1 млрд. теңге инвестиция тартып, өсім қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында тұр.Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

Жалпы айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Таяуда аталған жұмыстардың нәтижесі және алдағы жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін жеткізді.– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.

Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін орындау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауында екенін айтты. Жауаптыларға елдің өтініштерін назарға алып, мәселелерді шешу туралы тапсырма берілді. Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Әліповтың аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.

Сондай-ақ, биыл Ордабасы ауданында жалпы құны 8,5 млрд. теңгені құрайтын  6 инвестициялық жоба іске асады. Нәтижесінде 257 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Яғни олар  «Оңтүстік кірпіш» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «Батсу Водоканал» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «ArlanStroy» ЖШС қыш зауыты, «Gold Aluminium» ЖШС алюминді профиль өнімдерін шығару цехы, «RZN» ЖШС газоблок бұйымдарын өндіру цехы және «Ордабасы Сапар» орталығы ашылады.

Түркістан облысында алғашқы арнайы ІТ хаб ашылды. Білім ошағы бір уақытта 80-ге жуық оқушыны оқытуға қауқарлы. Мектеп соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, робототехника кабинеттермен жабдықталған. Білім ошағына балалар 10 жастан бастап қабылданады. Жауаптылар алдағы уақытта облыс көлемінде хабтың тағы 2 бөлімшесін ашуды жоспарлап отырғандарын айтады. Түркістанда арнайы IT Hub ашылды. Облыстағы бірінші көпсалалы IT мектебі жоғары білікті мамандарды дайындайды. 20-дан астам бағытта курстар қарастырылған білім ошағы 80-нен астам баланы оқытуға мүмкіндігі бар.

 «IT мамандарды даярлау бойынша Түркістан облысында алғаш рет инвестиция тартылып, IT мектеп ашылып жатыр. Бір кезеңде 80-ге жуық балалар оқитын мектеп, 2 қабаттан тұрады. Ашылған жұмыс орын саны-13. Қазіргі таңда облыс көлемінде тағы 2 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз» - дейді Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов.  Жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушылар үшін балаларда цифрлы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген. Ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға программалау, электроника, механика, электрика және пневматика өнімдері таныстырылды.

Көрмеде өндірістік робототехника бойынша әзірленген жабдықтар мен құрылғылар, жасанды интеллектте жұмыс жасайтын роботтар, автоматтандыру және басқару стендтері қойылған. Айта кетейік IT мектебінде 10 жастан бастап білім алуға болады. Ал инвесторлар алдағы уақытта қосымша тағы екі мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Инвестициялық саясат дегеніміз – халық шаруашылығының әр түрлі салаларында пайда табу мақсатымен ұзақ мерзімді капитал жұмсау саясаты. Күрделі қаржыны тиімді пайдаланудың , оларды шешуші бағыттарға шоғырландырудың , қоғамдық өндірісте тепе- теңдікті қамтамасыз етудің жолдарын көрсететін шаруашылық шешімдерінің жиынтығы. Егер инвестициялық саясат дұрыс шешілсе, әрбір шығындалған теңгеге келетін ұлттық табыстың мөлшері өседі, өнім молаяды. Осындай саясатты ту еткен миллионды қала билігі инвесторларды тартуда қарқынды жұмыстар атқаруда. Соңғы екі жылдың ішінде қалаға тартылған инвестиция көлемі едәуір молайған. Бірқатар зауыттар бой көтеріп, кәсіпорындардың «керегесі» кеңейген.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 295 рет