Ветеринария саласындағы қордаланған мәселелерді ортаға салған басқарма басшысы Ғани Құрманбай оларды шешу үшін алдағы жылдарға бюджеттік бағдарламаға енгізуді ұсынды. Облыста 186 ветеринариялық бекет бар. Олардың біразы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет етеді. Көктемгі кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары барысында өңірдегі 6 миллионға жуық мал басы мен 50 мың шаршы метр қора жайлар мен жапсарлас аумағы залалсыздандырылған. Энзоотиялық аурулардың алдын алуға қажетті дәрі дәрмектермен қамтылып, сәйкестендірілген 17 дана ДУК автокөліктері, 372 дана ранцтік аппарат, 17 дана мотопомпа және 1500-ден астам қызметкер жұмылдырылып, мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілген. Іс-шараның екі кезеңінде 4 млн жуық мал басын бүрку және 100 мың ш.м жуық қора жайлар мен жапсарлас аумақты залалсыздандыру жоспарланған.
– Ветеринарияны сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Құрған есепке құрылған баяндама кімге керек? Түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Кезінде бұл саланың маңыздылығы басым еді. Қазіргі жағдай сын көтермейді. Бізде саны бар сапасы жоқ бақылаушылар көп. Бірақ нәтиже жоқ. Статистикалық дерек пен дерекқор базасындағы мал басы санында айырмашылықтар тіркеліп, екі түрлі дерек қалыптасқан. Бұл мәселені реттеуді тапсырамын. Былтыр осы салада жаңа басқарма құру туралы өтініш айтқан еді. Сол сұраныстарды қарастыра келе басқарма құрылды. Енді мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты күшейткен жөн. Бір жүйеге қою керек. Көрші мемлекеттер мен шетел тәжірибесін де ескеріңіздер, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Өткен жылдың қорытындысымен өңірде атқарылған ветеринариялық іс-шараларға талдау жүргізіліп, нәтижесі ортаға салынды. 2022 жылы өңірде 1 035,2 мың ірі қара мал басы, 4530,1 мың ұсақ мал тіркелген. Олардан 247 мың тонна ет және 767 мың тонна сүт өндірілген. Облыста жануарлар мен адамға ортақ 16 түрлі аса қауіпті ауру түрі тіркелген. Осы аурулардың алдын-алу үшін, уақытылы ветеринариялық шаралар яғни, диагностикалық зерттеу мен вакцинациялау атқарыла отырып, эпизоотиялық тұрақтылық қамтамасыз етілуі қажет.
Талдау барысында ветеринариялық шаралар бойынша бірқатар кемшіліктер тіркелген. Вакцина егу бойынша да олқылықтар анықталған. Мәжілісте анықталған кемшіліктер сала мамандарының кей дерекқордың дұрыс жүргізбеуінен және ондағы ақпараттың жаңартылмауынан, жүктелген функцияларды дұрыс немесе уақтылы орындамауынан туындағаны айтылды.
Өңірде үй жануарлары мен төрт түлік арасында кездесетін аса қауіпті 16 түрлі ауруға қарсы 30,3 млн. доза вакцина егу жоспарланған. Ал 9 айда жоспарланған дозаның 85% доза вакцинасы егілді. Оның ішінде, құтыруға, аусылға, сібір жарасына, эктимаға, брадзотқа, құс тұмауына, пастереллезге, қарасанға, лептопирозға, листериозға, күлге, обаға, нодулярлы дерматитке, туберкулезге, маңқаға, эхинококкозға қарсы вакциналар бар.
Энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында екі кезеңге 3 056,5 мың бас ірі мал бүркіліп, 9773,7 мың бас ұсақ мал тоғытылды. Қора жайлар мен жапсарлас аумақтармен, мал жайылатын аумақтар, суаттар, бұталар залалсыздандырылған. Облыс аумағында екінші кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары биыл 10 шілде мен 15 қыркүйек аралығында атқарылып, нәтижесінде аурушаңдық пен кене шағу дерегі азайған. Эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Беккари» шұңқырлары және мал тоғыту орындарын ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, 10 дана «Беккари» шұңқыры, 20 дана мал өлексесін тастайтын орын салу жоспарлануда.
Жалпы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі – мал дәрігері мамандығы. Себебі, сіздің қора-қора қойыңыз болса да, сол мал дәрігерлері қажетті екпелерді салмаса, жиып-терген дүниеңізден пайда көруіңіз екіталай. Бірақ, біздің елімізде осыдан бірер жыл бұрынғы уақытқа дейін сол мамандар мәртебеге жарымай, мардымды жалақы ала алмай жүрді. Дегенмен, 2021 жылдың күзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек» дегеннен кейін, бұл саланы қолдау шараларына жан бітіп сала берді.
Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасында міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес», – деп қадай айтқан болатын. Тиісінше, Президент бұл саладағы үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау әрі оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шараларын ескеру керек екенін тапсырған.
Түркістан облысында ветеринария саласында жұмыс істейтін 1976 қызметкер бар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, ветеринарларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жанданып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Жұмыстар нәтижесінде тұңғыш рет өңірдің қызметте үздік әрі белсенді ветеринарлары кәсіподақ тарапынан ұсынылған 50 пайыз жеңілдікпен Сарыағаштағы шипажайға емделуге жіберіліп жатыр.
«Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Сарыағаш» шипажайы арасында келісімшарт жасалған. Бұл бастаманы ветеринарлар жылы қабылдады. Жауапты да, қиын салада қызмет ететін азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
– Облыс басшылығының қолдауымен ветеринария саласын дамыту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы дамыған өңіріміз үшін бұл саланың маңызы өте зор. Оған қоса, біздің мамандар жұқпалы, жұқпалы емес аурулардың алдын алу үшін үй жануарларына, төрт түлікке вакцина салу, қан алу, ит аулау, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын атқарады. Қауіпті инфекциялармен бетпе-бет кездеседі. Сондықтан қолдау көрсету маңызды. Облыста 2 мыңға жуық маманымыз, 17 филиалымыз бар. Жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатыр, – дейді «Ветеринариялық қызмет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ғани Құрманбай.
Былтыр облыстағы ветеринарлардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Биыл да жалақыны көтеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мамандарға қажетті дәрі-дәрмектер, арнайы киімдер де жеткілікті. Өңірде Ветеринария басқармасы құрылды.Тағы бір айта кетерлігі, еліміз бойынша алғаш рет Түркістан облысында ветеринария саласының өкілдеріне арналып, арнайы ән жазылды. Әннің авторы – Жақсылықов Нұрсұлтан, сөзін жазған – Баянбай Ахметрасул. Мұрат Менлібаев шырқаған ән бүгінде сала мамандары арасында оң бағаға ие болып отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат