«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген.
Жетісай ауданында төрт түлікті көбейтіп, ауыл шаруашылығына бет бұрған еңбеккерлердің қатары артып келеді. Облыс әкімі Қарақай ауылдық округіндегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алған шағын отбасылық сүт фермасында болды. 7 млн теңге көлемінде несие алған ауыл тұрғыны 30 сауынды сиыр сатып алған. Жылына 33,5 тонна сүт сатуды жоспарлап отыр. Мал баққан соң, қазақтың ақбас сиырын өсірген тиімді екенін білетін шаруа алдағы уақытта асылтұқымды сиыр сатып алмақшы. Осылайша мүйізді ірі қара малдың өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400 - ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты - ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды.Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Ауыл аманаты» жобасына Түркістан облысынан 16 аудан, оның ішінде 32 ауылдық округ тұрғындары қатыса алады. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбековтың айтуынша, облыста несие алуға 2750 адамның мүмкіндігі бар.
«Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын» - дейді Нұрбол Рысбеков.
Жобадағы шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалана алады. Айта кетейік, аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына несие 7 жылға дейін беріледі. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
Облыс әкімі жұмыс сапарында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының мақталық алқабында болды. 500 гектарға жуық жерде мақта, жүгері, жоңышқа және бақша дақылдары егілген. 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығында диқандармен кездескен Д.Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ағын суды үнемдеу, тамшылатып суару технологиясын кеңінен енгізу жөнінде пікір алмасты.
«АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдың өмір сүру деңгейін көтеруге баса назар аударғанын атап өтті. Алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.Оны жүзеге асыруға биыл 52 миллиард теңге бөлінген. Партия жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және қаржы бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе ашылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында өтініш берушілерге қойылатын негізгі талаптар мыналар:
– өтініш берушілер 6 айдан астам уақыт бойы мекенжай анықтамасында тіркелген, ауылдық округтерде тұратын тұрғындар, ауылдық округтің тұрғыны болып тіркелген азаматтардың жақын туыстары болуы тиіс;
– несие алушының/кепіл берушінің қолданыстағы мерзімі өткен берешегінің болмауы;
– несие алушының жасы 18-ден зейнеткерлік жасқа дейін болуы;
– несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі;
– мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы;
– несиені кепілмен қамтамасыз ету (үй, пәтер, коммерциялық мүлік);
– несиенің кепіл нысанына сақтандыру қажет;
– ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы (жер телімі, қора, ғимарат және т.б.);
– ӘКК-мен бірлесе құрылған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру;
– қаржыландырылған жоба аясын-дағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу.
«AQ-QARA.KZ»