Сәрсенбі, 11 Қазан 2023 21:42

Түркістан: инвесторлар түйе сүтін өңдейтін кәсіпорынды қайта жандандырмақ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи мырзамен және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесті. Кездесу барысында «Golden Camel» зауытының жұмыс барысы талқыланды.

Түйе сүтін өңдеу маусымдық жұмыс болғандықтан, инвесторлар алдымен дайындық жұмыстарын бастайтын болды. Зауыт басшылығы техникалық тексерістен соң, бір айда зауыт жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Одан бөлек, түйе сүтін қайта өңдей отырып, құрғақ таблетка күйінде шығаратынын атап өтті. Айта кетейік, облыс әкімі мамыр айында Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені талқылаған болатын. Нәтижесінде, инвесторлар кәсіпорынды қайта жандандыратын болды.

– Өздеріңізбен Түркістанда қайта қауышқанымызға қуаныштымын. Өзіңізді Түркістан облысының дамуына алғашқы ірі инвестиция салған азаматтардың бірі ретінде танимыз. Зауыт жұмысын жандандыру туралы ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Өңірімізде қытайлық компаниялардың қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін бірқатар бағытта өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті зор. Зауытты қайта іске қосу және әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Алда өзге де жобаларға атсалысуға шақырамын. Кентау қаласы Оранғай елді мекенінде орналасқан арнайы экономикалық аймағының маңынан Қазақ- Қытай арнайы экономикалық аймағын құруды жоспарлап отырмыз. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым қатынасты одан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласында екі ел бірлескен Қазақстан-Қытай индустриялды аймағын құру жоспарлануда. Бұл ретте тараптар Қазақстан-Қытай индустриялды аймағының аумағында тамшылатып суару өндірісі, сусыздандырылған көкөністерді өңдеу, ірі және ұсақ малдың қан, сүйек және ішкі органдарын қайта өңдеу және желатин өңдеу зауыттары сияқты бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

– Түркістанға келгеніме біраз жыл болды. Осында жаңа іс бастап, жұмыс істедік. Сондықтан мен үшін Түркістан әрқашан ыстық. Өңірді дамытуға үлесімізді қосуды біздің ден міндетіміз, деп есептеймін. Осыған дейін Қытайдағы кездесуімізден кейін жұмысты қайта қолға алуға бел будық. Осы жолы зауытты қайтадан іске қосу үшін келіп отырмын. Техникалық тексеру жұмыстарынан кейін жақын арада кәсіпорынды іске қосуға дайынмын. Түйе сүтінен таблетка шығаруды қолға аламыз. Ешкі сүті Түркістан облысында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан осы бағытта да жұмыстарды жандандыруға дайынбыз, – деді «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи.

Өнімділігі тәулігіне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel group LTD» 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Сонымен қатар ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарады. Өнімінің басым бөлігін экспортқа шетел мемлекеттеріне жөнелтеді. Жобаны іске асыру Түркістан мен көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарында түйе шаруашылығын дамытуға және мал басын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан облысында түйе шаруашылығы жақсы дамыған деп айтуға болады. Облыстың бірнеше аудандарында түйе басы артып, одан алынған шұбат пен қымыранның саудасы қызып тұр деуге болады. Түркістандағы  «Golden Camel» зауытынан өзге Арыс қаласында өндірілген шұбат пен қымыран еліміздің әр өңірінде үлкен сұранысқа ие. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланғысы келген ғалымдар аймақта түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыт ашты. Атап айтқанда, Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы елді мекенінің тұрғындар түйенің бабын тауып, сүтін өңдеуді кәсіп етіп алған. Шаруашылықты игергендер тәулігіне жеті мың литр шұбат мен қымыран өнімін саудалайды. Түркістан мен Шымкент, тіпті Қарағанды қаласына да жөнелтіп жатыр.

Саналы ауылының тұрғыны Мейрамгүл апа «қымыранды үйде отырып-ақ, сүт күйінде саудалап отырмын» дейді. Себебі өңірге келген кәсіпкермен келісім шарт жасасып, күніне тұрақты түрде 2 мың литр түйе сүтін дайындап беруге уағдаласыпты. Тіпті кәсіпкер сүтті балғын күйінде сақтау үшін арнайы техниканы да орнатып қойған. Бұған дейін тұрақты тұтынушысы болмағандықтан қалаға тасып, сабылып жүретін Мейрамгүл Жолымбетова: «Біз бұған дейін той-жиындарға тапсырыстар алдық. Және өзіміздің өткізетін Шымкентте сауда нүктелеріміз бар еді. Енді оларда кейде жағдайларына байланысты тоқтап тұрады. Сондықтан енді осы кәсіпкерлермен келісімшартқа отырдық» - дейді.

Бұл аймақта түйе шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан кәсіпкердің сұранысын өтеуге қорқыныш жоқ, дейді мұндағылар. Ауыл арасы бірігіп, қажетті көлемді жылдам толықтыра қояды. Арыс қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Біләлбеков: «Арыс қаласында 5 мыңға жуық түйеміз бар. Оның 2,5 мыңы аналық бас. Қазіргі таңда осы Саналы елді мекенінде түйе шаруашылығы жақсы дамыған. Ал қазіргі таңда олар жергілікті жердің инвестициялық өнімділігін арттырайық деп Арыс қаласына жинап, өткізіп жатыр. Ал шипалы өнімді құрғақ ұнтаққа айналдыру, экспортқа мүмкіндік береді», - дейді. Германия мен Оңтүстік Кореяның тұтынушылары да бұл өнімге қызығушылық танытып отыр екен.

Осы саланы жылдар бойы жіті зерттеген ғалымдар инвестор тартып, түйе сүтін терең өңдеуге мүмкіндік алыпты. «Түйе сүті мысалы үшін жоғары температурада өңдегенді жақсы көрмейді. Біз осы проблеманы шешу мақсатында жалпы сүт өнімін өңдейтін технологиялық звеноға өзгерістер енгіздік» - дейді зауыт директоры Ербол Дүйсембин. Ата кәсіпті әлемге танытқысы келгендер ұлттық сусынға сұраныстың көптігін айтады. Сондықтан құрамындағы дәрумендер мен минералдарды сақтап қалу үшін отандық ғалымдардың көмегіне жүгінген. Арыста ашылған өндіріс орны сублимациялық машина мен мембраналық қондырғы арқылы салқын температурада құрғақ ұнтақты шығаруға мүмкіндік береді.

Мұнан өзге, Түркістан облысы Созақ ауданындағы «Қарағұр» өндірістік кооперативі, «Текей» шаруа қожалығы жанынан және аудан орталығы Шолаққорған ауыл округіндегі «Бағдат» шаруа қожалығы жанынан түйе сүтін қабылдайтын 3 арнайы бекет ашылған. Әр бекетке сыйымдылығы 1 тонналық қондырғы қойылыпты. Қазіргі таңда «Текей» және «Бағдат» шаруа қожалығы жанындағы түйе сүтін қабылдау бекеттері жекелеген созақтық шаруаларымен бірге аптасына 2 тонна түйе сүтін өткізуде. Түйе төлдеп, сүті сауылғаннан бергі аз уақытта 30 тонна сүт Түркістан қаласындағы қайта өңдеу кәсіпорынына жеткізілген. Алдағы уақытта «Қарағұр» өндірістік кооперативі жанындағы бекет іске қосылып, түйе сүтінің өнім көлемі арта түспек.

Осындай нәтижелі жұмыстардың бастауында Түркістан облысы әкімінің аудан басшылығына ойсыл қара басын көбейту, түйе сүтін қайта өңдеу кәсіпорынына өткізу жөніндегі тапсырмасы тұр. Осыған орай ірілі-ұсақты түйе бағатын қожалықтарды біріктіріп, асыл тұқымды сүтті түйелерді сатып алу, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыру ісі қолға алынды. Тиісті бөлімдер мен мекемелер, ауыл кент округтерінде шаруа қожалықтарымен семинарлар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 189 рет