Сенбі, 14 Қазан 2023 01:56

Төлеби ауданы Зертас ауыл округінде «Аймар Құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысы басталады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесіп, өтініштері мен мәселелерін тыңдады. Өңір басшысы ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды.

Былтыр ауданда өнеркәсіп өнім көлемі 41,5 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 23 млрд. теңгеге жетіп, 6,3 млрд. теңгеге артқан.Биыл 8 млрд. теңгеге 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде Зертас ауыл округінде «Аймар Құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысы басталады. Жоба қуаттылығы жылына 440 мың дана құс өсіруге жететін құны 4 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асырыла бастады. Қазір құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 24 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасына сүйенсек, өңірде 4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

Көксәйек ауыл округінде «ADS Agro» серіктестігі мал бордақылау алаңын салу жоспарлауда. Жоба құны – 600 млн. теңге. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 61,7 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Төлеби ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын пилоттық режимде Киелітас, Көксәйек ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда.

Ауданда 2023 жылдың өніміне үй іргелік жерлермен қоса 65636 га жерді игеру жоспарланған болатын. Атап айтсақ, күздік бидай – 9690 га, жаздық бидай – 4977 га, ноқат – 100 га, арпа – 7305 га, дәндік жүгері – 5 га, майлы дақылдар – 10841 га (оның ішінде: мақсары – 10796 га, күнбағыс – 45 га), ескі жоңышқа – 24569 га, жаңа жоңышқа – 4770 га, картоп – 1296 га (егілгені 15,3 га), көкөніс өнімдері – 1858,3 га болса, егілгені 87 га. Оның ішінде, қазірдің өзінде күздік және жаздық бидай, арпа, дәндік жүгері, майлы дақылдар мен жаңа жоңышқа 100% егілді. Аудан көлемінде 31152 га жер жыртылып, меже толығымен орындалған. Егістік алқабына қажетті тұқым дер кезінде жеткізілген. Алқаптарды минералды тыңайтқышпен (аммиак селитрасы, карбамид) тыңайту жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысы бекітіліп, аталған қаулыға сәйкес, шаруалар тікелей «Каз Азот» ЖШС-не өтінім тастап, құжаттарын рәсімдеп алды.

Сонымен қатар, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 61,6 миллиард теңгені құраған. Яғни егін шаруашылығы саласында 24 миллиард 446 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы саласында 37 миллиард 238 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, өткен жылы балық өсіру шаруашылығы қолға алынып, бұл салаға 100 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінде арнайы бассейнде 13 мың дана сазан балығы өсіріліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға ағын судың мүмкіндігі зор екенін ескеріп, шаруаларға ағын су жеткізу мақсатында жыл басынан аудандағы 74 каналдың 38 каналы аудан меншігінде болса, 15 канал механикалық тазалаудан өтті. «Олжалы» каналының негізгі 5 дана шлюздерінің айналасы бетондалды, 5 қораның учаскесіне баратын құбырлары бетондалды. «Қарашора» 1 шақырым аумағына темір бетон науа қойылды. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту 5 гектарға ұлғайтылып, 425 гектарға жетті.

Мәселен, Кемеқалған ауылдық округі Абай елді мекенінде орналасқан «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі алма бауын егуді қолға алған. Өндірістік кооператив — аймақтағы ең үлкен жобалардың бірі. Бүгінде шаруашылық 138 гектар аумаққа Италиядан әкелінген 265 000 түп ағаш отырғызған. Грении Смит, Айдаред, Голден Делишес, Гала сынды сұрыпты алмалар бүгінде өнім беріп, кәсіпкер піскен жемісті жинау жұмысын жүргізуде. Қарқынды алма бауында тіреуіш бағаналары, күннен қорғайтын тор және тамшылатып суғару жүйесі орнатылған.

Алма піскен жиын-терім уақытта мұнда 150 адам маусымдық жұмысқа тартылады екен. Жоба құны 1 миллиард 645,2 миллион теңге болса, кәсіпкер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1 миллиард 153,3 миллион теңге несие алған. Сондай-ақ Қасқасу елді мекенінде 18 гектар жерге Қазақстан алмасының бренді Алматы апорты өсіру қолға алынған. Апорт өте дәмді алма және сұранысқа ие. Алманы күтіп баптау жұмысы да оңай емес. Апорт алмасы тек жеті жылдан кейін өнім береді. 12-13 жылдан кейін бір түптен жеті жүз, сегіз жүз килограммға дейін өнім алуға болады.

1 алқаптан 2-3 өнім алу бағытында 110 гектарға көкөніс егілді. Нәтижесінде, жалпы өңірлік өнім көлемі 3 айда 21,6 миллиард теңгеге жетті. Бұдан бөлек Төлеби ауданындағы шаруалар жылыжай салып, тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы көкөніс егуді қолға алған. Таулы аумаққа көктем кеш түсетініне байланысты, жылыжайдың пайдасы орасан зор. Аққұм ауылдық округіне қарасты Жаңаұйым елдімекенінің тұрғыны Мейіржан Ғаниұлы өзінің үйінің іргесінен 0,03 гектар жеріне жылыжай салып, қияр еккен. Бүгінгі таңда алынған өнімдермен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етіп отыр.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Ұйымшыл елді мекенінде 1 мектепке қосымша құрылыс және Мәдени, Қаратөбе елді мекендерінде 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 779 млн. теңге қаралды. Ленгір қаласында 200 орындық мектепті салу үшін жалпы қаржы бөлініп отыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында ауданда 4 мектеп салынады.

Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 5 елді мекендегі (Керегетас, Бейнеткеш, Жаңажол, Нысанбек, Зертас) су құбырының желілерін салу үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген, жұмыстар биыл аяқталады. Алшалы, Ұзынарық елді мекендерінде су құбырының желілерін салу жұмыстарын бастау үшін 703 млн. теңге бөлініп, жұмыс жүріп жатыр.

– Біздің міндетіміз – халыққа қолайлы жағдай жасау. Ұсыныстар назарға алынады. Біз бірінші кезекте ауыз су, инфрақұрылым мәселелерін шешуге басымдық береміз. Төлеби ауданында да осы салаларды жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтырғы кездесуде сіздер 14 мәселені көтерген едіңіздер, соның 12-сі шешімін тапты. Атап айтсақ, Ленгір қаласын сапалы электр желісімен қамту үшін қосалқы станция құрылысына 2,1 млрд. теңге қаржысы толық қаралып, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Ленгір қаласының Бірінші мөлтек ауданындағы 35 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. Ленгір қаласындағы Оқушылар үйіне қосымша оқу корпусын салу бойынша 2023 жылы 590 млн. теңге бөлінді. Жалпы, облыста Төлеби ауданының инфрақұрылымы анағұрлым жақсы. Табиғаты әдемі, ауасы таза аймақта туризмді дамытуға толық мүмкіндік бар. Осы бағытта жұмыс күшейтілуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде және бірыңғай қоғамдық қабылдауда тұрғындар облыс басшысына маңызды мәселелерді көтерді. Олар: үй салуға жер телімін беру, ауыз су, жол, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де ұсыныстар. Әрбір арыз-шағым, өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.Тұрғындардың өтініштері бойынша жүзеге асқан жобаларды жалғастырсақ, Аққұм, Киелітас ауылдық окургтерінде мәдениет үйлерін салу үшін екі жылда 441 млн. теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынды. Қасқасу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен 723 млн. теңге қарастырылған, биыл тапсырылмақ. Тағайна елді мекенінің көшелеріне электр желілерін жүргізу жұмыстарына 198 млн. теңге бөлінсе, Зертас, Тағайна елді мекендерінде орналасқан мектептердің қосымша корпус ғимаратын салу үшін қаржысы толық қарастырылған. Бірінші мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджет есебінен 531 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл тапсырылады.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 253 рет