– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысының аумағында орналасқан. Өңірде 1 517 га аумақта 3 366 жылыжай бар. Қуат көздері тарифінің көршілес Орталық Азия елдеріне қарағанда жоғары болуы, жергілікті жылыжай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендеткен.
Осы мәселелерді шешу мақсатында өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған көмір мен газ шығындарын субсидиялау жоспарлануда. Ол үшін жылыжай иесі сертификат алуы керек,- деді Әлібек Әбдіхалықұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы бойынша техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Қанат Қабылбеков 2023 жылдың 1 мамырынан бастап Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты бекітілгенін айтты. Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ аймақтық филиал директоры Мәлік Асхатұлы облыста жылыжайларды стандарттау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді.
- Фермерлерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылықтары тарапынан 89 өтінім тапсырылып, 15 фермерлік жылыжай сертификатталды. Сертификатқа өтінім қабылдау үшін Шымкент, Сарыағаш қалаларында орталық жұмыс істеп тұр. Сертификат алған жылыжай иесі субсидияға ие болады. Ал сертификаттау бойынша 8 775 318 67 57, 8 7252 982-196 нөмірлеріне хабарласып, толық ақпарат алуға болады. Ал субсиядиялау бойынша «gosagro.kz» сайты жұмыс істейді, -деді ол.
Естеріңізде болса, маусым айында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев: «Фермерлерді ынталандыру бағытында тиімді қолдау ретінде инвестициялық субсидиялау қарастырылған. Оның аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25 пайызын өтеу ескерілген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі кезде нормативті 30 пайызға дейін арттыру бойынша жұмыстар қамтылған», - деген болатын.
Бұдан басқа, жылыжайдағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылатыны айтылды.
«Бұл ретте, «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына несие беру іске асырылады. Осы орайда мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, бізде фермерлік жылыжайлар алаңының азаюы байқалып отыр. Кейінгі 3 жылда 62 гектарға азайды», - деді министр.Бұл тұрғыда ол министрлік жылыжай шаруашылықтарына гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмысты іске асырып жатқанын айтты.
«Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарланған. Алайда, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатын ескере отырып, субсидия алуға өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы сияқты міндетті талап енгізілмек. Ол үшін Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) әзірледі және бекітті. Қазіргі кезде министрлік жергілікті атқарушы органдар қаулысымен бекітілген нормалары бойынша 1 гектарға жұмсалатын шығыстарды субсидиялауды ескеретін Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгеріс әзірледі», - деді ведомство басшысы.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат