Шаруа қожалық мақта егумен айналысады. Мақта өңдеу цехі бар. Биыл 800 гектар егістік жерге «Түркістан» сортындағы мақта еккен. 1 гектарынан 45 центнер өнім алынады деп күтілуде. Сауран ауданы бойынша 2022 жылы 12771,9 гектар егістік жерге шитті мақта егіліп, (33 центнер) 42147 тонна өнім жиналған.
Биылғы жылға 11666,0 гектарға егілді. Болжам көлемі (34 центнер) 39665 тонна жиналады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 155,0 гектар жердегі мақта теріліпті. Ауданда 6 мекемеге қарасты 16 мақта қабылдау бекеті мақта қабылдауға дайын.
Ауылшаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек Сауран ауданы бойынша 2022 жылы шет мемлекеттерге мақта дақылдарын өткізген. Олар: «Картекс Агро» АӨК - Ресей федерациясына ауыр жүк көліктері арқылы 200 тн мақта жіберген. «Картекс Агро» АӨК - Чехия, Латвия елдеріне SIA «Trans Trade Logistic» логистикасы арқылы 200 тн мақта жіберген. «Goldеn Cotton» ЖШС – Ресей Федерациясына 136 тн, Иран еліне – 250 тн, Молдова еліне – 100 тн мақта дақылын жіберген. Сауран ауданы бойынша мақтаны терең өңдейтін кәсіпорындар жоқ.
Алдыңғы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Қабылданған заң мақта саласына қаржы институттарын тартуға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайтып, саланың негізгі көрсеткіштерін көтеруге, артық әкімшілік кедергілерді жоюға оң серпін береді деп күтілген еді.
Қазақстан Орталық Азиядағы азық-түлік өнімдерінің ірі өндірушісі және экспорттаушысы саналады. Елімізде 125 800 гектар аумаққа мақта егіледі екен. Мақта алқаптары негізінен Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Сауран аудандарында шоғырланған. Дегенмен ирригациялық ресурстар мен басқа да жағдайлардың әсерінен Қазақстанда соңғы жылдары мақта егілетін аумақ жылдан жылға азайып барады. Мәселен, 2004 жылы елімізде мақта егілетін аумақ 224 мың гектарға дейін ұлғайтылса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш үздіксіз төмендеп, алдыңғы жылы109 970 гектарды құрады.
Мақта егілетін егістік жер көлемінің 20 жылға жетпейтін уақыт ішінде айтарлықтай азаюына оңтүстік аймақтағы судың тапшылығы, жердің сортаңдануы, мақта өңдейтін зауыттардың көнеріп, тозуы, жиналған мақтаның ел ішінде толық өңделмей, экспортқа кетуі, мақта-тоқымашылық өнеркәсібінің дамымауы себеп болғаны жасырын емес. Бірақ мақта өндірісінің дамуына тұсау болған аталған түйіндердің бәрі күрмеуі көп, шешілуі қиын мәселелер емес. Билік мән беріп, Үкімет кешенді шара қабылдап, шаруалар мен мақта өнімдерін өңдеушілерге қуатты қолдау көрсетілсе, бірер жылда тұралаған өндіріске қайта жан кіріп, маталған мақта саласының адымы ашылар еді.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, былтыр облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 345 мың тонна шитті мақта жиналған. Демек түсім жаман емес. Мақта егілетін аумақ та ұлғайған. Бірақ жылда мақта жиналатын мезгілдегі «әләулай» биыл тағы басталды. Яғни мақтаның тұрақты бағасы жоқ. Осы жағдайға байланысты мақта егетін шаруалар облыс әкіміне дейін барды. Олар «бұл мәселе жуық арада шешіледі» деп уәде еткенімен, алаңдаған шаруалардың көңілі байыз табар емес. Бізде мақта бағасы неге тұрақсыз? Оны неге өзіміз белгілей алмаймыз? Мұның басты себебі, отандық мақта өндірісінің негізгі бағыты – экспорт. Тиісінше, ішкі нарық халықаралық нарықтың демімен толқиды. Мәселен, 2021 жылы Түркістан облысы бойынша 290,4 мың тонна мақта жиналып, 90 мың тонна мақта талшығы өңделді. Оның 30 мың тоннасы Қытайға, қалғаны Түркия, Еуропа, Ресейге экспортталды. Шамамен 20 пайызын ғана отандық өндірушілер сатып алды. Қалған 200 мың тонна өнім шикі мақта күйінде экспортқа кетті. Ал мақтаның халықаралық биржадағы бағасы – 2 200-3 200 доллар. Алайда біздің шаруалар 1 950-2 750 доллардан сатты. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, елімізде, шын мәнінде, мақта өндірісін дамытуға мемлекеттік деңгейде мән берілмейді. Соның салдарынан мақта мәнерлейтін, өңдейтін желілес өндіріс ошақтары қалыптаспаған. Яғни біздегі зауыттардың дені тек мақта талшығын өңдеп сатумен ғана айналысады. Жиналған мақтаны өңдеп, жіпке, матаға айналдырып, одан киім-кешек өндіретін деңгейге жете алмай отырмыз. Былайша айтқанда, мақтамызды шикізат күйінде арзан бағамен шетелге сатып, қымбат бағаға мақтадан жасалған бұйымдарды сатып алып отырған жайымыз бар. Ал көршілес Өзбекстан бұл жағынан бізден көш ілгері. Желілес өндіріс айналымы қалыптасқан. Олар біздей емес, халықаралық нарыққа көп жалтақтамайды. Мәселен, былтырдың өзінде мақтаның килосын 415 теңгеден жинаған.
Екіншіден, мақтаның сапасы мен тазалығы да бағаға қатты әсер етіп тұр. Мақтаның сапасы оның тұқымына байланысты болса, ал тазалығы бапталуы мен жинауына тікелей қатысты. Әсіресе елімізде тұқымның сапасын және қорын бақылайтын арнайы жүйе жоқ. Мақта тұқымын Өзбекстаннан сатып аламыз. Олардың да мақта тұқымының сапасы төмен болғандықтан, біздегі мақта талшығының сапасы мен көлеміне тікелей әсерін тигізіп отыр.
Үшіншіден, мақтаның логистика мәселесі де оның бағасына орасан зор ықпал жасайды. Яғни мақта сатып алушыға логистикаға қатысты мәселерді толық түсіндіріп бере алмаймыз. Себебі елімізде мақта өндірісінен тартып, тасымал саласына қатысты логистика жүйесі толық қалыптаспаған. Соның салдарынан шаруалар өз өнімдерін төмен бағаға сатуға мәжбүр. Биыл да тура осы жағдаймен бетпе-бет келіп тұрмыз.
Төртіншіден, мақта өңдейтін зауыт, фабрикалар, сондай-ақ мақта жинайтын техникалардың көбі ескірген. Соның саларынан шикі мақта талшықтарының сапасы төмен. Техникасы дамыған елдер шикі мақтадан 40 пайызға дейін мақта талшығын алады. Біздегі зауыттардың көрсеткіші 28-32 пайыз төңірегінде ғана. Ескірген техникалар мақта жинаған кезде көбін шашып, жинаған мақтаны былғап кетеді.
Демек мақта егетін шаруалардың жанайқайын естіп, мақта өндірісін дамытамыз, демек осы мәселелерге түбегейлі өзгеріс жасау керек. Отандық өндірісті дамытып, арзан бағамен шетелге мақта сатқаннан, оны өзімізде өңдеп, мақтадан жасалған бұйымдарды шетелге шығарудың экономикалық кірісі жоғары екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, отандық өндіріс өркендесе, күннен күнге асқынып бара жатқан жұмыссыздық мәселесін шешуге де жол ашылар еді.
Сонымен қатар мақта өсіруге бағытталған мемлекеттік қолдауды күшейтіп, мақта тұқымын өндіру ісін қолдау, минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету, инвестициялық субсидиялар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мақта егуге және жинауға арналған несиелер, сондай-ақ қайта өңдеуге тапсырылған мақтаның тоннасына қосымша қаражат беру жағын да қарастыру керек. Елімізде мақташылар кірісінің мардымсыз болуының үш үлкен себебі бар. Бұл – су, селитра және тұқым.
Қазақстандағы ағын судың 45 пайызы шетелден келеді. Мақта суаратын судың негізгі бастауын да Өзбекстаннан аламыз. Мақта су ішетін мезгілде көрші елдің де суға сұранысы артатындықтан, қазақстандық шаруаларға тиетін су мөлшері күрт азайып кетеді. Өңірдегі алқаптарды суландыратын «Достық» каналы да мақташылардың суға деген қажетін толық шеше алмай отыр. Сондықтан мақта шаруашылығын дамытып, оның түсімін арттырамыз десек, өңірде тамырдан тамшылатып суару сынды су үнемдеу технологиясын жаппай қолдану керек. Бұл әдіс бір жағынан суды үнемдесе (суды 80 пайыз үнемдейді), екінші жағынан тыңайтқыш пен ауылшаруашылық дәрілерінің өнімділігін арттырады. Қазіргі таңда мемлекеттен тамырдан тамшылатып суаруға қаржы жағынан 50 пайызға дейін қолдау қарастырылған. Бірақ «арық атқа қамшы ауыр» дегендей, қалған бөлігін төлеудің өзі шаруаларға үлкен салмақ болып тұр.
Сонымен қатар дәстүрлі тәсілмен мақта егу тәсіліне де өзгеріс жасау керек. Осы заманғы озық техникаларды пайдаланбай, дәстүрлі жолмен мақта салудан шаруалардың кірісі артпайтынын түсінетін кез келді. Қазір біздің шаруалардың мақтадан тапқанынан шашқаны көп. Көп еңбек зая кетіп жатыр. Дамыған елдермен салыстырғанда қазақстандық мақтаның түсімі олардың жартысына да жетпейді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат