Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстық басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.
Осы тапсырмаға орай Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Н.Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімдері, «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері және кәсіпкерлер бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуға инвесторларды тарту және халықтың әл-ауқатын арттыру.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері Үрімші қаласындағы (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық республикасы) өндірістік кәсіпорындармен танысты. Бірінші «Хи Ки Джи» зауытында (ҚХР-ғы ең үздік 500 компанияның бірі) болып, зауыт өкілдері өндірілген биологиялық тыңайтқыштың технологиялық мүмкіндіктерімен, оның көмегімен тіпті тропикалық жемістерді құмды топырақта да өсіру жолымен және «ақылды жылыжай» технологиясымен таныстырды. Одан кейін Түркістан өңірінің делегациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және буып-түю құрал-жабдықтарын шығаратын және жеткізіп беретін зауытпен танысты. Бірнеше кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында техника сатып алуға ниет білдіріп, өзара байланыс орнатылды. Сонымен бірге ауыл шарушылығы техникаларын шығаратын зауыт жұмысы көрсетілді.Түркістандықтар Боро-Тала қаласындағы «Шонши Хэ» зауытында болып, тұқым өндіру, мақта өсіру және оны өндеу, жіп шығару технологиясымен танысты. Зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдірді.
Делегация Чжэнджоу қаласына шаһар басшылығымен екіжақты кездесу өткізіп, Түркістан облысына келуге шақырды. Оған қоса өңдірістік компаниялармен танысты. Атап айтқанда, «Zhengzhou New Rural Vegetable Food Co. ltd.» компаниясының өндірісін аралап, технологиясын көрді. Бұл компания соя шығару және жеткізу бойынша танымал. Жүн мен былғары өңдеп, олардан автомобиль орындықтарын, автомобиль кілемшелерін және басқа да интерьер заттарын шығаратын «Henan Nile Industria» компаниясының жұмысы да сараланып, тәжірибе алмасылды.
Түркістаннан барған топ «Цифрлық экономика «Бір белдеу, бір жол» тақырыбындағы "The 10th Zhengzhou Logistics Exhibition" көрмесіне қатысты. Онда логистикалық қызметтер, техникалық жабдықтар, сақтау, тасымалдау және басқа да жаңа технологиялар салаларынан 300-ден астам компанияның көрмесін тамашалады. Делегация өз кезегінде көрмеге келушілер мен қатысушыларды Түркістан облысымен, оның инвестициялық, туристік және көліктік әлеуетімен таныстырды. Осы ретте көрмеге қатысушы 20-дан астам компания басшыларымен G2B кездесуі өтіп, оларға өңірімізде өндіріс орындарын ашу жөнінде ұсыныс берілді.
Бағдарлама бойынша облыстық делегация өкілдері 5-6 шілдеде Джоукоу қаласында болды (Хенань провинциясы). Мақта өңдеу, жіп шығару және тігін өнеркәсібі бойынша үш кәсіпорынмен танысты. Атап айтқанда:
1. «Alben Clothing Co., Ltd., Shengtai Textile» ірі бренттік компаниялардың киім тігумен айналысатын тігін фабрикасының жұмысымен кеңінен танысты. Нәтижесінде компания басшысы Түркістан облысына келүге ниет білдірді.
2. «Henan Zhoujiakou Food Co.», ет және қосалқы өнімдерді терең өңдеумен айналысатын компания жұмысымен танысты.
3. «Shangshui Senshan Youpin Co» жиһаз өнеркәсібінің технологиясымен танысып, «Shangshui County Wanrui Wood Products Processing Factory» ағаш өңдеу зауытын аралады.
4. «Shangshui Bestone Building Materials Co.» компаниясының кварц құмынан арнайы гранит тақтайшаларын шығаратын өндірістің жұмысын тамашалады. Сондай-ақ Джоукоу қаласының индустриалды аймағында орналасқан өзгеде өндірістік кәсіпорындарымен танысып, қала әкімдігімен екіжақты кездесулер өткізді.
«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлер үшін жабдық өндірушілермен байланыс орнатылды. Шегелер мен жабдықтар өндірісі, жылыжай жағдайында пайдалануға арналған жіптер өндірісі, тұрмыстық бұйымдар өндірісі, балалар ойыншықтарын шығару, пластмассаны қайта өңдеу жабдықтарын сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілді. Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаевтың төрағалығымен қытайлық инвесторлармен екіжақты кездесулерге қатысты.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Қытай Халық Республикасының «Office of International Trade Chaina National Textile & Apparel Councill» мақта қауымдастығымен кездесу өткізді. Қауымдастық тәжірибе алмасу мақсатында тығыз байланыста жұмыс істеуге ниетін білдірді. Іссапар нәтижесінде Түркістан облысына тігін, тоқыма, мақта өндеу және ет өнімдерін терең өңдеу бағыттарына инвесторлар тартуға қол жеткізілді.
Осы сапардың алдында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй бастаған көрші ел өкілдерімен кездескен болатын. Кездесуде екіжақты ынтымақтастық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланған-ды. Сондай-ақ тараптар инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері мен екіжақты ауқымды жобалар мен тауар айналымы турасында пікір алмасты. Облыс әкімі жуырда Түркістан облысы делегацияның Қытай еліне жасаған іссапарынан соң бірқатар келісімдер жасалғанын атап өтті. Осы бағытта әрі қарай да жаңа жобалардың жүзеге асатынын жеткізді.
Өз кезегінде Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанын және жан-жақты қарым-қатынастар тереңдей түскеніне тоқталды. Соның ішінде құрылғанына 5 жыл болатын Түркістан облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірнеше ұсыныстарымен бөлісті. Түркілер төрі – Түркістанға алғашқы сапарынан алған әдемі әсерімен бөліскен Цзян Вэй ханым Түркістанның санаулы уақыт ішінде бой көтеріп, таңғажайып шаһарға айналғанына таңғалысын жеткізген болатын.
Түркістан өлкесінің Қытаймен шекаралас аймақтарының халықаралық көлік дәлізі ретіндегі, экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы инвестициялық мүмкіндіктерін мол екені белгілі. Әріптестік қатынастарды орнықтыруға қазақстандық тараптың да ықыласы зор. Дархан Сатыбалды қытайлық инвесторларды терең өңдеу саласына инвестиция салуға шақырған еді. Қытайдың бай тәжірибесі негізінде Түркістан өңірінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алдағы уақытта бірнеше зауыт-фабрикалар жұмыс істейді деген жоспар бар. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады. Түркістан облысы әкімі Түркістан облысының әлеуетіне тоқталып, бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Біздің өңіріміздің табиғи кен орындарына бай, әлеуеті орасан зор өңір. Ең басты байлығымыз - халқымыз өте еңбекқор. Түркістан – бизнеске бағдарланған өңір. Бізде 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығымен жыл он екі ай бойы айналысуға мүмкіндік бар. Туризм саласын дамыту - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты біз туристік инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендердің құрылысына ерекше назар аударамыз. Қазақстан үшін Қытай әлемдегі ең ірі экономиканың қақпасы болса, Қытай үшін біздің еліміз ЕАЭО және Оңтүстік-Шығыс Азия, Кавказ және Еуропа нарықтарына жылдам логистикалық бағыттар ашады» - деді Дархан Сатыбалды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат