Сейсенбі, 10 Қазан 2023 14:59

Дархан Сатыбалды: «Агроөнеркәсіптік кешенде өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар»

Түркістан облысына Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный және Чехия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павол Шепеляк бастаған бизнес өкілдері ресми сапармен келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды чехиялық делегация жетекшілерімен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту мәселесін талқылады. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласында байланыстарды тереңдету бойынша келіссөздер жүргізді.

– Сіздерді Түркістан облысында қарсы алып отырғаныма қуаныштымын. Осы кездесуде және бүгін өтетін бизнес-форумда біздің облыс пен Чехия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бағытында жемісті келіссөздер жүргіземіз деп сенемін. Түркістан – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Үлкен инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Өңірді дамытуға чех компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін агроөнеркәсіптік кешенде өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біздің облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Мақта осы өңірде ғана өсіріледі. Осы бағытта әріптестік орнатуға болады. Өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік мол. Облыста индустриялық аймақтар және "Turkistan" арнайы экономикалық аймағы бар. Онда инвесторларға қолайлы жағдай мен жеңілдіктер жасалады. Туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында инвестиция салуға шақырамын. Біз осы салаларға басымдық беріп отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын жеткізді. Түркістанда ұйымдастырылған Қазақстан мен Чехия Республикасы кәсіпкерлерінің бизнес-форумын нәтижелі боларына сенім білдірді.

– Біздің мемлекет пен Қазақстан Республикасы арасында байланыс өте жақсы. Кәсіпкерлік саласында да әріптестік бар. Бүгін Түркістан өңіріне елімізден 40-тан астам компания жетекшілері, бизнес өкілдері келіп отыр. Онымен қоса министрлік пен мемлекеттік мекемелердің де өкілдері осында. Түркістан облысы туралы хабарымыз бар. Оңтүстік аймақта орналасқандықтан мұнда жылыжай, ирригация және ауыл шаруашылығы салаларында әлеует бар екенін білеміз. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығы, өнеркәсіп, білім мен ғылым салалары бойынша әріптестік орнатуға, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бизнес-форумда нақты ұсыныстар талқыланып, байланыс нығаяды деген ойдамын, – деді ол.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Түркістан облысына 6 млрд. АҚШ. доллары көлемінде инвестиция тартылды. Ал Түркістан облысы мен Чехия мемлекеті арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 2 млн. АҚШ долларын құраған.

Өңірде экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 544,3 млрд.теңге). Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд. теңге инвестиция тартылған. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл, ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 млрд.тг., 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.

Сондай-ақ, Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта оның көлемі 5 мың гектарды құрайды. Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарға жетті. Технология ағын суды үнемдеумен қатар өнімділікті 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында жасанды жолмен балық өсіру саласы көш бастап тұр.  Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей,  жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға Республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген.

Соның бірі – Шардара ауданы Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 га аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығына 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш берген.

Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.

Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 239 рет