Сәрсенбі, 11 Қазан 2023 16:24

Түркістан: ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын кәсіпорын салу жөнінде меморандум түзілді

Облыс орталығында Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы компанияларының өнімдері ұсынылған бірлескен көрмесі өтіп жатыр. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Қытайдан арнайы келген бірнеше ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды.

Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп өнімдері ұсынылды.

- Бұл көрменің Түркістан облысында өтуінің маңызы жоғары. Оған дәлел ретінде екі елдің көптеген ортақ бастамаларын айтуға болады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту тұрғысынан Қытай Халық Республикасы Түркістан облысының маңызды және сенімді серіктесі болып табылады. Өзара ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы өсті. Түркістан өңірі еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға серпін беретін өзара инвестицияны ұлғайту арқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырамын. Тарихи Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Түркістан облысында қытайлық компаниялардың бастамаларына толық қолдау көрсетіледі, - деді Дархан Амангелдіұлы.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында екіжақты сауда байланысын арттыру мақсатында өткен көрмеде Қытайдың «Илутун» деп аталатын онлайн-платформасы таныстырылды. Илутун - бұл трансшекаралық онлайн көтерме сауда дүкені. Онда барлық тұрмысқа қажетті заттарды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік бар. Логистика жағынан да жылдам жеткізу тәсілдері қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл платформадан 500-ден аса зауытты тауып, тауарлар жайлы ақпаратты үш тілде (қытай, ағылшын, орыс) алуға болады. Арада делдалдарсыз тікелей зауытпен байланысып, қол жеткізу қарастырылған.

Одан өзге, көрме аясында екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд-тан астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша Индустриалды аймақ және Арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары кезінде екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Бұл кездесулер нәтижесін беріп, жақын күнде Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен шұлық және ерлер костюмін шығаратын зауыт ашылмақ. Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған.

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі - әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша Меморандумдарға қол қойғаны белгілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тек нығая түсуде. Бүгінгі өтіп жатқан көрме қазақ-қытай кәсіпкерлері арасында оң нәтижелер беретініне сенімдімін. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүздесіп едік. Біраз маңызды жобаларды талқыладық. Бүгінгі кездесу сол сапардың жемісі деп білеміз. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді жинақтап, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуды көздеп отырмыз,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жалпы Қытай – Қазақстанның ірі сауда және стратегиялық серіктестерінің бірі екені белгілі. Қос мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасын жандандырып, қазақстандық тауарларды Қытайға экспорттау көлемін ұлғайту – үкіметіміздің басты бағыттарының бірі деуге болады. Мәселен, өткен жылдың соңында Қазақстанның Қытайға экспорты 9,9 миллиард долларды құраса, оның ішінде 4,5 миллиард доллары өңделген өнімдерге тиесілі.

Еске салайық, Қазақстан Президенті ел үкіметіне өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуды міндеттеген еді. Оған қол жеткізу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп үшінші жыл қатарынан Экспортты жеделдету бағдарламасы бойынша мақсатты нарықтардың бірі ретінде Қытайды таңдады. Жобаға қазақстандық шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді өндірушілер қатысып жатыр. Оларға сыртқы нарыққа шығу кезінде жан-жақты қолдау көрсетіледі, оның ішінде сенімді серіктестер іздеу және олармен іскерлік кездесулер ұйымдастырылуда. Бағдарлама аясында отандық өндірушілердің тауарлары Шанхайда (2020-2021) жыл сайынғы халықаралық көрмеде екі рет ұсынылды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 100 миллион доллардан астам экспорттық келісімшарт жасалған еді.

Былтыр Қазақстаннан Қытайға өңделген тауарлар экспорты 17,8%-ға өсіп, 1 млрд долларды құрады. Мысалы, мыс және мыс катодтары, өсімдік майлары, титан және одан жасалған өнімдер, жарма немесе өңделген бұршақ дақылдарының қалдықтары, циклдік көмірсутектер және т.б. сияқты тауарлардың жеткізу көлемі артқан. Қаңтар-наурызда Қытайдан Қазақстанға өңделген тауарлар импортының көлемі 2,1 млрд долларды құрады. Қазақстан Қытайдан ауа баптау қондырғыларын, компьютерлерді, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларын, шиналарды, телефондарды импорттайды. Соңғы отыз жылда Қазақстан-Қытай саудасы 368 млн АҚШ долларынан 25,25 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 70 есеге жуық өсті. Ал осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 17,7 млрд АҚШ долларына жетіп, жылдық есеппен 20%-ға артты.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай мемлеткеттері бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар саны да аз емес. Қазақстан-Қытай транзиттік тасымалдары және халықаралық құрлықтағы-теңіздегі мультимодальдық тасымалдар айтарлықтай табысқа жетті. Екі тарап та тұрақты түрде жұмыс істейтін 7 порт, мұнай мен газды тасымалдауға арналған 5 трансшекаралық құбыр желісін, 2 трансшекаралық теміржол магистралін және халықаралық шекара маңы ынтымақтастығының орталығын ашты. Биыл бірінші жартыжылдықта Қытай-Еуропа пойыздарының 6 195 пойызы Шыңжаңның екі порты арқылы Қазақстанға өтіп, жаңа рекорд орнатты. Пандемия жағдайында Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың дұрыс дамуы халықаралық өндірістік тізбек пен жеткізілім тізбегін тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 178 рет