Жексенбі, 15 Қазан 2023 17:39

Түркістан: мақта шаруашылығы бойынша жаңа технологияларды енгізуге келісім жүргізілген

Жалпы, Түркістан облысы мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастар қарқынды даму үстінде. Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Келес, және тағы бірнеше аудандардың әкімдері Қытай Халық Республикасының бірнеше қаласын, индустриалды аймақтары мен өндіріс орындарын аралап келген болатын. Мақсат – тәжірибе алмасу, зауыттар мен фабрикалар ашу және инвестиция тарту. Аталған іссапар қорытындысы бойынша жиналыс өтіп, жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалды. Өңір басшысы осы іссапар нәтижесімен нақты жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орындарын көбейту керектігін жеткізді.

– Аудан, қала әкімдері, басқармалар бюджет қаржысын игерумен ғана емес, тың жобалар, инвестиция тарту мәселесімен жүйелі шұғылданулары қажет. Жаңа кәсіпорындар ашу маңызды. Біз жобаларды сараптап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Кәсіпорындар аймақтық деңгейде қалып қоймай, өнімдерін экспортқа шығаратындай деңгейге жетуі керек. Көрші елдің әлеуетін көрдіңіздер, тәжірибесін пайдаланыңыздар. Қытайдың өндіріс орындарын аралауға баратын аудан, қала басшылары қазірден бастап өздеріңізге оңтайлы жобаларды жоспарлап, келіссөздерге дайындалыңыздар. Іссапарлардан нәтиже шығатын болсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Іссапар барысында Қытайдың 40-қа жуық компаниясымен кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын жинау, тоқыма саласы, шағын бизнеске арналған жабдықтардың өндірісі сияқты салалардағы компаниялармен келіссөздер жасалған. Екі елдің өкілдері арасында B2B (бизнес пен бизнес) форматында бірқатар кездесулері өткен. Делегация Джэнжоу қаласында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне қатысты, онда Хэнань провинциясындағы 300-ден астам өндірістік кәсіпорынның өнімдері қойылған. Көрме барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Іссапар барысында мақта шаруашылығы, тамшылатып суғару, мал сүйегі мен терісін терең өңдеу, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жазау және өзге де салалар бойынша келісімдер қаралған.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мақта шаруашылығы бойынша жаңа технологияларды енгізуге келісім жүргізілгенін жеткізсе, басқа аудан әкімдері де іссапар қорытындысымен кәсіпорындар саны артады деген пікірлерін білдірді. Маңызды басқосуда мақта шаруашылығы, жібек құртын өсіру жобалары бойынша да мағлұматтар ұсынылды. Облыс әкімі тұт ағашын өсіру, жібек шаруашылығын дамыту бойынша бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Бұл салаға инвестиция тартуға мүмкіндік мол әрі жаңа жұмыс орындары көбейеді. Жалпы, алдағы уақытта Қытай инвесторларымен келіссөздер жалғасып, өңірде жаңа кәсіпорындар ашылады деп күтіліп отыр.

Шардара ауданында жиһаз өнімдерін өндірумен айналысатын «Шебер» мүгедектер қоғамының директоры Бақтыкерей Омар Фошан қаласына барып 8 компаниямен келіссөздер жүргізгенін, жиһаз өнімдерін сатып алуға келісім жасалғанын айтты. Роботтандырылған жабдықтарды жеткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеп, облыс әкімі үйлестірген іссапар жемісі болғанына ризашылығын білдірді. Келісімшарттардың жалпы сомасы 380 мың АҚШ долларын құрайды. «Golden Camel» компаниясының өкілі Жазира Озатқызының да жоспарлары тыңдалды.

Сондай-ақ, жақында ғана Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастаған, құрамында Сауран, Сайрам, Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары және Кентау қаласының әкімдері, сонымен қатар кәсіпкерлерден құралған Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Линьцин қаласына іссапармен барды. Мақсат – облысқа инвестиция тарту, екіжақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу.

Делегация алғашқы күні Қытай Халық Республикасының Шандонг провинциясының Линьцин қаласының әкімшілігі және бизнес өкілдерімен кездесті. Жиналыста Линьцин қаласының басшылығы қаланың тарихын, бизнес климатын, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қайта өңдеу салаларында жеткен жетістіктерімен таныстырды. Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары С.Көшкінбай Түркістан облысы делегация құрамын таныстырып, облыстың инвестициялық тартымдылығы бойынша әзірленген арнайы видеоматериалды көрсетті. Сонымен қатар облысқа инвестиция салудың тиімділігі бойынша арнайы презентация жасалды.

Түркістандық делегацияның іссапары Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік кәсіпорындарын аралаумен жалғасады. Келіссөздер жүргізіліп, келісімдер жасалады. Екінші күні делегация бұрғылау машиналарына және магнитті крандарға қажетті жабдықтар шығарумен айналысатын Қытайдағы ең ірі кәсіпорынның бірі – «Shandong Band Hongzhongchuang Intlligence Equipment Co., Ltd» компаниясының жұмысымен танысып, кәсіпорынның көпжылдық тәжірибиесі негізінде өндірісті Түркістан облысында бірлесіп дамыту жолдарын талқылады.

 

Түркістан облысында қолданыстағы қуат көздерін барынша жаңартып, электр энергиясын өндірудің жаңа, мейлінше тиімді көздерін пайдалану бойынша жаңа жобалалар жүзеге аспақ. Бұл бағытта еліміздегі баламалы энергетика мүмкіндіктерін пайдалану үшін жел мен күн сәулесінен жарық өндіруге қатысты жобалаларға басымдық беріледі.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Energy China International Group Co., LTD. Басқарма төрағасының орынбасары Сюэ Даньфэнмен кездесті. Тараптар елде және шетелде жүзеге асырылатын жаңартылатын көздерден энергия өндіруге негізделген жобалар және энергия саласында атқарылған жұмыстар бойынша пікір алмасты.

«Energy China International Group» компаниясы әлемдегі жасыл энергетика және төмен көміртекті энергетика саласында 20 бағытта әртараптандырылған қызмет жүргізеді және Қытайдағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі болып саналады. Дүниежүзі бойынша 6 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Пәкістан, Вьетнам, Бразилия және өзге де мемлекеттермен жұмыс жүргізеді.

Түркістан облысында электроэнергетика саласына, жарық жүйелерін модернизациялауға, гидро, газ, электростансалар салуға ниетті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аймақтағы «жасыл энергетиканы» дамытудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы жайлы атап өтіп, Қазақстандағы жаңартылған қуат көзін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүзесіп едік. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді пайдалана отырып, облысымызда зауыт-фабрикалар ашуға күш салдық. Өздеріңіз ұсынған баламалы энергетиканы дамыту бағыты – біз үшін өте маңызды сала. Біз бұл бағытта Италияның «Eni» халықаралық энергетикалық компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Сіздермен де бірлесе жұмыс атқарып, жаңа жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз,– деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі шетелдік инвесторларды Түркістан облысының әлеуетімен таныстырып, бірқатар жобаларға тоқталды. Компания басшылығы өзінің озық тәжірибесіне сүйене отырып, осы салалардағы Түркістан өңірінде іске асырылып жатқан жобаларға қатысу ниеті туралы мәлімдеді. Осы орайда желден және күн сәулесінен жарық өндіру саласына 700 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын.

– Түркістан облысының болашақ жоспарлары бізді қызықтырады. Біздің елде мемлекет тікелей басқаратын 90 компания бар. Олардың ішінде біздің компаниямыз да бар. Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарда тұрған 500 ең ірі компанияның ішінде біз 256-шы орында тұрмыз. Яғни, энергетикалық жаңа технологиялар бойынша біз әлем бойынша алдыңғы қатардамыз. Энергетика саласындағы құрылыс жұмыстарын жасаймыз. Қытайдағы тоқ жүйелерінің 80% -ын біздің компания жүзеге асырған. Сондықтан осы саладағы тәжірибемізді Түркістан өңірінде жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Energy China International Group Co., LTD. Басқарма төрағасының орынбасары Сюэ Даньфэн.Тараптар талқылаған жаңа жоба табиғатты қорғауға қосар үлесімен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер алып келмек.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 199 рет