Жұма, 03 Қараша 2023 20:31

Созақ ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 100 миллиард теңгеге артты

Түркістан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан Созақ ауданының өзіндік ерекше тарихы бар. Бүгінде ел-жұрт Теріскей деп атап кеткен Созақ ауданы өз тарихында бірнеше хандықтың ордасы болған. Ұлы Жібек жолының Теріскейдегі өте дамыған сауда орталығына айналған. Сауда-саттықпен айналысу мақсатында көптеген өзбектер Қоқаннан, Бұхардан, Қашқардан, Түркістаннан, Сунақ және Қарнақтан Созақ пен Шолақорған шаһарларына қоныс аударған екен.

«Созақ» атауының өзіндік мағынасы бар екенін білдіңіз бе?  Созақ жері қасиетті жер, мұнда бірнеше әулиелер өткен, аты аңызға айналған Созақты неше түрлі аңыздар кезіп жүр. «Созақ» сөзі ескі кітап жазбаларында да кездеседі және онда ол Хунзак Туркте «Ұзақ Жер», «Ұлы жер» деген мағынаны білдіреді. Ескі түркі тілінде Созақ «Халық тұратын мекен», «Манзилгох» деген мағынаны білдіреді. Бірақ, Созақ атауының қалай шыққандығы туралы нақты деректер жоқ. Созақ шаһарының атауының шығуы жайлы жергілікті тұрғындар арасында мынадай аңыз таралған.

Сол замандарда  Созақ шаһарының төңірегі сазды болып, осы саздың бетінде көлшік болып су жатқан. Қарт-қариялар ХХ ғасырдың орта тұсында бұл су біршама азайғанымен оның сақталғандығын, ол суға көктем айларында құстар ұшып келетінін айтады. Сондай-ақ бұлақ көздері де көп әрі мол сулы болған. Жергілікті халық саз бетіндегі суды «Зәк суы» — дейді. Осыдан «суызәк» деген сөз пайда болып, ол «Созақ» атауына айналған болуы мүмкін деген деректер бар. Ендеше осы ерекше тарихты бойына сіңірген Созақ ауданының экономикасына тоқталсақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Облыс әкімі өңірді дамытуда осындай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, тұрғындармен ақылдаса отырып атқарылған жұмыстар жемісті болатынын атап өтті.

– Алдыңғы аптада ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы облысты әрі қарай дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі кездесуде проблемалар ашық айтылып, әділетті түрде шешу жолдарын қарастырамыз. Мақсатымыз – Президентіміз ұсынған «Әділетті қоғам» идеясы жолында шынайы еңбек ету. Түркістан облысын дамытуда сіздердің еңбектеріңіз мол. Ауданды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі былтырғы кездесулер нәтижесінде ел өтініші бойынша шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Атап айтсақ, Аққолтық елді мекенінде 75 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарына 97 млн. теңге қарастырылып, пайдалануға берілді. Биыл Тасты ауылында 75 орындық ауылдық клубтың құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 181 млн. теңге бөлінді.

Аққолтық елді мекенінде «Кселл» тарапынан байланыс арнасы мен интернет желісінің базалық станциясы орнатылып, интернет сапасы жақсарған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Созақ елді мекенінде 150 млн. теңгеге футбол алаңшасының құрылысы жүргізілген.

Тасты, Жуантөбе, Қаратау, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдары мен Қыземшек және Таукентте дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жылыту қазандықтары жаңартылған. Аудандық орталық ауруханасына 57 млн. теңгеге реабилитациялық медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына 32 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарының су құбыры желілерін салуға қаржы бөлінген.

Шолаққорған ауылының 16 көшесіне электр желілері жүргізіліп, 10 дана жаңа трансформатор мен 388 дана жарықтандыру шамы орнатылған.

Кездесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту жөнінде өтініштер айтылды. Облыс әкімінің жеке қабылдауында да ұсыныстар беріліп, тұрғындардың сұрақтары тыңдалды. Дархан Амангелдіұлы әрбір өтініш назарға алынатынын жеткізді. Былтыр Созақ ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 519 млрд. теңгені құрап, алдыңғы  жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артты. Инвестиция көлемі 61,2 млрд. теңгені құрады. Алдағы екі жылда 475 млн. теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 19,7 млрд. теңгеге жетті. Елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу үшін бюджеттен былтыр 442 млн. теңге бөлініп, 34 шақырымды құрайтын 23 көше жөндеуден өтті. Осы жылы бюджеттен 27 шақырымды құрайтын 24 көшенің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Сонымен қатар ауданда облыстық маңызы бар 5 автомобиль жолын жөндеуге осы жылы бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүріп жатыр.

Қазақстан Републикасында келесі деңгейдегі бюджеттер бекітіледі, орындалады және дербес бюджеттер болып табылады: республикалық бюджет, облыстық бюджет, республикалық маңыздағы қала, астана бюджеттері, аудан бюджеті жергілікті бюджеттерге жатады.

Ауданның «2023-2025 жылдарға арналған аудан бюджеті» Қазақстан Республикасының Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес дайындалған және аудандық мәслихаттың  өткен жылғы  23 желтоқсандағы  №145 шешімімен (Аудандық әкімдіктің 6 ақпан 2023 жылы №17 қаулысымен өзгерістер енгізілген) бекітілді. Онда экономикалық саясатты, қалыптастыру мен дамыту, мемлекеттік жоспарлау  ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттік атқару және коммуналдық меншігін басқару  саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер жүзеге асыратын мемлекеттік жергілікті уәкілетті орган –экономика және қаржы бөлімі жүзеге асырады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының жобасын 5-жылдық кезеңге әзірлеу. Бюджеттік бағдарлама әкімгерлерінің бюджеттік өтінімдерін аудандық бюджет комиссиясының қарауына беру. Ағымдағы қаржылық жылғы 1 қарашадан кем емес уақытта аудандық бюджет жобасын әзірлеу, бір мезгілде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтыру жобаларын, жергілікті бюджет жобасына енгізілген шешімді ашатын түсіндірме жазбаны ұсынады. Облыстық мәслихатпен облыстық бюджетті бекіту туралы шешімге қол қойылғаннан кейінгі екі аптадан кем емес мерзімде мәслихатпен үш жылдық кезеңге аудан бюджетін бекіту.

Созақ ауданы еске түскенде ауыл дамуға бет алған шаруашылығы еріксіз еске оралады. Мәселен былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 17 млрд. 638 млн теңге болып, 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 61 млн теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 378,3 млн теңге инвестиция тартылған. Шолаққорған, Созақ, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдық округтері мен Таукент кент әкімдігіндегі шаруалар 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

 «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Келесі салмақты сала кәсіпкерлік. Осы бойынша аудан көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

Созақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданда аталған жоба аясында тауяда мәдениет ошағы салынып, пайдалануға берілді. Осы «Ауыл – ел бесігі» жобасы демекші, таяуда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсап, ауылдардың еңсесін тіктеуді тапсырды. Осы жобаны жүзеге асыруда көш соңында келе жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, есептерін тыңдады. Жұмысты күшейту керектігін айтты.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Қаржы бөлінген, бірақ кейбір аудандарда ол қаржы игерілмей отыр. Жұмысты үйлестіре алмай отырсыздар. Тиісті жұмыстарды жедел атқарып, инфрақұрылымды жақсартып алу қажет. Екіншіден, осы жоба жүзеге асыру тиімділігін арттыру үшін жаңа ұсыныстар беріңіздер. Бәлкім, бір елді мекенді белгілеп, оның барлық мәселесін шешіп қана келесі елді мекеннің инфрақұрылымына кірісерміз? Жұмысты жандандыру үшін өзгерістер енгізуді қарастыру керек. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бектілген индикаторлардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу конкурсын шұғыл түрде аяқтап, келісімшарт жасауды тапсырамын. Апта сайын мониторинг жасалып, бекітілген жоспар толық орындалсын. Осы және өзге де мәселелер бойынша күзде аудандарда тағы да мәжіліс өткізіліп, индикаторларды орындамаған басшылардың мәселесі қаралады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің айтуынша,  240 жаңа жобаның құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау жұмыстары бойынша барлығына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. 191 жаңа жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар түзілді. Алайда құрылыс-монтаждау және техникалық қадағалау қызметі бойынша бірқатар жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталмаған. Өңір басшысы бұл жұмыстарды жылдам аяқтауды тапсырды.

Ауданда білім беру саласы бойынша  37 мектепке дейінгі ұйымдар, 35 мектеп бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында мектепке дейінгі ұйымдарда 9 мың бала қамтылған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер қатары көбеюде.  Замануи мектеп түлектерінің 90-95%-ы жоғары оқу орындарына грантқа, немесе шетелдегі ең мықты, танымал оқу орындарына түскен. Жоба аясында Шолаққорған ауылында 900 орынға арналған орта мектептің кұрылысы ағымдағы жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар Ыбырай ауылында Құрманғазы атындағы орта мектептің құрылысына 937 млн. теңге бөлініп, пайдалануға биыл тапсырылады деп жоспарлануда.

Ауданда жалпы саны 33 медициналық мекеме қызмет көрсетеді.  Тасты, Жуантөбе, Қаратау, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдары мен Қыземшек, Таукентте дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жылыту қазандықтары жаңартылды (құны 15,6 млн. теңге).  Өткен жылы аудандық орталық ауруханасына 57 млн. теңгеге Реабилитациялық медициналық құрал жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ, аурухананың Жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына 32 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандағы  Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ ауылдарын таза ауыз сумен  қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған ауылдар 2025 жылға дейін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Осы жылы Шолаққорған ауылындағы Ақшам және Наурыз шағын аудандарының су құбыры желілерін салуға 500 млн. теңге бөлінді. Жалпы жобаның құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Шолаққорған мен Жеткеншек ауылдарында ТАБИҒИ ГАЗ өткізу үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 7,7 млрд. теңге. Созақ ауданы аумағындағы елді мекендер толық орталықтандырылған ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІМЕН қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігінің инвестициялық бағдарламасына сәйкес Созақ, Қайнар, Бабата ауылдарына 12 шақырым электр желілері мен 4 дана трансформаторлар ауыстырылды.

Сонымен қатар  Шолаққорған ауылының 16 көшесіне электр желілері жүргізіліп, 10 дана жаңа трансформаторлар мен 388 дана жарықтандыру шамдары орнатылды. Биыл аталған жұмыстар жалғасын тауып, елді мекендер сапалы электрмен қамтамасыз етіледі.

Созақ ауданы еске түскенде ауыл дамуға бет алған шаруашылығы еріксіз еске оралады. Мәселен аталмыш салада жалпы өнім көлемі 19,7 млрд. теңгені құрады. Ауданға төмендетілген бағамен 195 тонна дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ, агро шаруашылығын субсидиялауға облыс бойынша 7,6 млрд.теңге бөлінді. Ауданда 763 жұмыс орындары ашылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары өз жалғасын табатын болады.

Аудандағы әр саланың қарқынды дамуы әрине көңіл қуантады. Оңтүстік өлке малшаруашылығы мен егіншілікке етене жақын сондықтан да  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» ШЖҚ МКК су нысандарын күтіп ұстауға реттеуге, механикалық тазалауға қажетті заманауи техникаларды сатып алды. Жалпы құны 1 млрд. теңге болатын 17 техника ендігі жерде өңірдің су және ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша серпін береді деп күтілуде. Ұлыбритания мен Жапонияның «JCB»,«HITACHI» компанияларының 10 шынжыр табанды және 2 дөңгелекті, заманауи эксковаторын мамандар жоғары бағалап отыр. Оған қоса бульдозер және өзге де техникалар ел игілігіне қызмет етпек.

Өңір басшысы әлемде су тапшылығы мәселесінің өзектілігі жыл өткен сайын күрделеніп отырғандығын айта келе әр тамшы суды үнемді пайдалануға шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету — стратегиялық маңызы бар міндет екендігін атап өтіп, Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатқандығын, осы тұста су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аударуды тапсырды. Бұл мақсатта Түркістан облысында тиісті жұмыстар атқарылуда. Айталық өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 млн. текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын. Осы мәселені шешу үшін, бірқатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қоймаларын салу жобалары әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады, – деген Дархан Сатыбалды облыстағы су шаруашылығының дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар сала мамандарын алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.

Облыс әкімі өз сөзінде «Тұран су» кәсіпорнына аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, халықтың сұранысы негізінде каналдар мен қашыртқыларды тазалау көлемін арттырып, ағын сумен қамтамасыз ету шараларын жандандыруды тапсырды.

Облыста 552 мың гектар суармалы жер болса ол Республикалық көрсеткіштің 4/1 бөлігін құрайды. Қазіргі уақытта облыстық коммуналдық меншікте 17 су қойма, 3 су торабы, 3 магистральды канал және 107 ішкі шаруааралық канал бар. Оларды күтіп-ұстау қызметін «Тұран су» кәсіпорны жүйелі жүзеге асырып келеді.

Механикалық тазарту арқылы су арналары ашылып, ағын су жеткізу сапасы артады. Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен бірге бұл төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының бірі. Созақ ауданында бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Кәсіпкерлердің көбеюі өңірдің экономикалық жағдайын көтерумен қатар әлеуметтің әлеуеттік жағдайын көтеруге де сеп болары анық.

Сонымен қатар кәсібін дөңгелетемін деген азаматтарға бүгінде  мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіліп жатыр. Бизнес бастау мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алып, өз кәсібін ашқан тұрғындар жетерлік. Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылының тұрғыны Кенбай Икембаев аяқ киім тігу кәсібін бастаған. Шолаққорған ауылының тумасы Кенбай Икембаев аяқ киім тігуді жылдың басында бастады. Осыған дейін мамандығы болмаған ерекше жан кәсібін дөңгелетер алдын ізденіп, тыңғылықты дайындалған.

Кенбай Икембаев, Созақ ауданының тұрғыны: «Мен бастапқыда ұялы телефоннан, интернеттен көріп, үйрендім. Сосын Талдықорғандағы аяқ киім тігетін кәсіпорында бір ай жұмыс істедім. Ол жақта осы кәсіппен айналысатындар көп екен. Көп нәрсе үйрендім», — дейді жас кәсіпкер.

Қорыта келгенде даму мен өркендеудің жаңа бағыты да еселі еңбек етіп жатқан Созақ ауданының келешегі кемел екені анық. Әр салада атқарылып жатқан жұмыстар легі өз нәтижесін беріп дамудың жаңа кезеңіне аяқ басары, әлеуеті артқан үстіне арта берері даусыз.

Оқылды 225 рет