Жұма, 27 Қазан 2023 09:40

Түркістан облысы: «Шәуілдір» заманауи күн электр станциясы өңірдің өнеркәсіп саласын дамытуға серпін береді

Түркістан облысы, Отырар ауданында заманауи «Шәуілдір» күн электр станциясы ашылды. Италияның «Plenitude» («Eni») компаниясының инвестициясы есебінен салынған  бұл маңызды нысан – аталған компаниясының Қазақстан Республикасы аумағындағы алғашқы күн электр станциясы.  Қуаты 50 МВт электр станциясы «Plenitude» компаниясының құрылысын компанияның еншілес кәсіпорны «Arm Wind» ЖШС жүргізді. 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, инвесторға, жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғысын жеткізді. – Бүгін біз  өңіріміздің дамуындағы маңызды қадам болатын күн электр станциясының ашылуына қатысып отырмыз.  Жаңартылатын энергия көздері климаттың өзгеруіне қарсы күресте де тиімді. Бұл жоба – біздің таза, тұрақты энергияға көшуге деген сеніміміздің нәтижесі.  Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздері саласында үлкен әлеуеті бар. Облыс негізінен энергияны сырттан импорттайды  және өз қуаттары арқылы жалпы сұраныстың 30%-ын ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан бүгін ашылған станцияның маңызы өте зор. Қазірдің өзінде облысымызда жалпы қуаты 362 МВт болатын 25 жаңартылатын энергия нысаны бар.  Өнеркәсіпті дамыту үшін қуат көздері жеткілікті болуы қажет. Ал жаңартылатын энергия саласын өркендету арқылы облыстың өнеркәсіп саласы да дамитынына сенімдіміз. Бұл бастама Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыстарды нығайтып, жаңа жобаларға жол ашады деген ойдамын, – деді Дархан Сатыбалды. 

 Италияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Марко Альберти де маңызды жобаға тоқталып, екі мемлекет арасында іскерлік байланыс нығая беретінін жеткізді. Шәуілдірдегі күн электр станциясына соңғы технологиялар қолданылғанын атап өтті. Түркістан облысындағы тарихи сәтпен құттықтады. Ал  «Arm Wind» ЖШС-нің басқарушы директоры Алекс Стиллавато жаңа күн электр станциясы Түркістан өңірінің дамуына серпін беретініне, соның ішінде өндірістің, ауыл шаруашылығының дамуына тигізер үлесі көп болады дейді. Сондай-ақ, көміртегінің ауаға таралуын азайтуға және ауа райының жақсаруына үлес қосатынына тоқталды.  Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатынын айтты. 

 «Шәуілдір» күн электр стансасының құрылысы – «Plenitude» компаниясының Қазақстандағы күн энергетикасы секторындағы алғашқы маңызды қадамы. Электр станциясы өңірге осы саладағы ең озық технологияларды ұсына отырып, Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Компания 2020 және 2022 жылдары пайдалануға берген «Бадамша-1» және «Бадамша-2» жел электр станцияларын толықтыратын осы жоба Қазақстанның қазіргі энергетикалық мүмкіндігін арттыруға, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға серпін береді. 

Аталған жобаны «TURKISTAN INVEST» ЖШС сүйемелдеді. Жобаны іске асыру жұмыстары 2021 жылы басталды. Құрылыс кезінде жергілікті тұрғындардан 300-дей адам жұмыспен қамтылды. Қазір күн электр станциясында 50 жұмыс орны ашылды. Станция 100 гектар аумақты алып жатыр. 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылды. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктіріледі. 

Жалпы айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Таяуда аталған жұмыстардың нәтижесі және алдағы жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін жеткізді.– Инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуы тиіс. Келіссөздер арқылы нақты нәтижеге қол жететін болсын. Инвесторларға жағдай жасап, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетіңіздер. Әрбір әкімнің жұмысы жеке талданып, сарапталады, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Аппараттың апталық отырысында облыс әкімінің тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар да сараланды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбековтың айтуынша, былтырдан бері облыс әкімінің деңгейінде 68 кездесу өтіп, жалпы 610 мәселе көтерілген. Оның ішінде 212 мәселе шешімін тапқан, 279 мәселе орындалу үстінде.

Сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін орындау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауында екенін айтты. Жауаптыларға елдің өтініштерін назарға алып, мәселелерді шешу туралы тапсырма берілді. Мәжілісте облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Әліповтың аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Көгалдандыруға, тазалыққа немқұрайлы қараған аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтылып, жұмысты жандандыру жөнінде міндеттер жүктелді.

Сондай-ақ, биыл Ордабасы ауданында жалпы құны 8,5 млрд. теңгені құрайтын  6 инвестициялық жоба іске асады. Нәтижесінде 257 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Яғни олар  «Оңтүстік кірпіш» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «Батсу Водоканал» ЖШС темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты, «ArlanStroy» ЖШС қыш зауыты, «Gold Aluminium» ЖШС алюминді профиль өнімдерін шығару цехы, «RZN» ЖШС газоблок бұйымдарын өндіру цехы және «Ордабасы Сапар» орталығы ашылады.

Түркістан облысында алғашқы арнайы ІТ хаб ашылды. Білім ошағы бір уақытта 80-ге жуық оқушыны оқытуға қауқарлы. Мектеп соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, робототехника кабинеттермен жабдықталған. Білім ошағына балалар 10 жастан бастап қабылданады. Жауаптылар алдағы уақытта облыс көлемінде хабтың тағы 2 бөлімшесін ашуды жоспарлап отырғандарын айтады. Түркістанда арнайы IT Hub ашылды. Облыстағы бірінші көпсалалы IT мектебі жоғары білікті мамандарды дайындайды. 20-дан астам бағытта курстар қарастырылған білім ошағы 80-нен астам баланы оқытуға мүмкіндігі бар.

 «IT мамандарды даярлау бойынша Түркістан облысында алғаш рет инвестиция тартылып, IT мектеп ашылып жатыр. Бір кезеңде 80-ге жуық балалар оқитын мектеп, 2 қабаттан тұрады. Ашылған жұмыс орын саны-13. Қазіргі таңда облыс көлемінде тағы 2 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз» - дейді Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов.  Жаңа білім ошағы заманауи құрал-жабдықтармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Оқушылар үшін балаларда цифрлы білім мен дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген. Ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға программалау, электроника, механика, электрика және пневматика өнімдері таныстырылды.

Көрмеде өндірістік робототехника бойынша әзірленген жабдықтар мен құрылғылар, жасанды интеллектте жұмыс жасайтын роботтар, автоматтандыру және басқару стендтері қойылған. Айта кетейік IT мектебінде 10 жастан бастап білім алуға болады. Ал инвесторлар алдағы уақытта қосымша тағы екі мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Инвестициялық саясат дегеніміз – халық шаруашылығының әр түрлі салаларында пайда табу мақсатымен ұзақ мерзімді капитал жұмсау саясаты. Күрделі қаржыны тиімді пайдаланудың , оларды шешуші бағыттарға шоғырландырудың , қоғамдық өндірісте тепе- теңдікті қамтамасыз етудің жолдарын көрсететін шаруашылық шешімдерінің жиынтығы. Егер инвестициялық саясат дұрыс шешілсе, әрбір шығындалған теңгеге келетін ұлттық табыстың мөлшері өседі, өнім молаяды. Осындай саясатты ту еткен миллионды қала билігі инвесторларды тартуда қарқынды жұмыстар атқаруда. Соңғы екі жылдың ішінде қалаға тартылған инвестиция көлемі едәуір молайған. Бірқатар зауыттар бой көтеріп, кәсіпорындардың «керегесі» кеңейген.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 212 рет