– Түркістан облысына қош келдіңіздер! Сіздерді қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін бізде ынтымақтастықты арттыруға жақсы мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық, сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамыту және өндіріс орындарын ашу жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз. Өңірде арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар, – деді Дархан Сатыбалды.
Негізінен жаңартылатын энергия көздеріне қажетті құрылғылар, станциялар, чиптер шығарумен айналысатын «Zhejiang Xingyu Electromechanical Technology» компаниясының басшысы Чжэнцзе Фэн Түркістан облысында күн, жел электр станцияларын салу ниеті бар екенін жеткізді. Компанияның негізгі бағыттары мен жоспарлары туралы баяндады.
– Түркістан облысында жел және күн электр станцияларын салуға дайынбыз. Егер ол сәтті жүзеге асса, өзге де өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсетеміз. Күн және жел станцияларына қажетті құрылғылар, күн панельдерін шығаратын ірі кәсіпорындар ашуға да әлеуетіміз жетеді. Бірақ оған қажеттілік бар немесе жоқ екенін зерделеп, нарықты зерттеуіміз керек. Қазақстанға импортталатын өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындар ашып, экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар. Алдағы уақытта келіссөздер арқылы бұл мәселелерді тереңірек талқылаймыз деген ойдамын, – деді ол. Кездесу соңында Түркістан облысының әкімдігі және «Zhejiang Xingyu Electromechanical Technology» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Осы ретте айта кетейік, таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жүгезе асатын жаңа жобалар жайлы айтылды. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Бүгінгі отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша баяндалды.
Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімдері кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды.
– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар. Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Сауран ауданында 300 га алқапта жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа өсіру және сүт-тауарлы фермасының құрылысы таныстырылды. Кәсіпкерлерлерге қаржылай қолдау қажет. Отырыста оның жолдары ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында сүт-тауарлы фермасы салынбақ. Құрылысқа керек жер іздестірілуде. Сауран ауданындағы пластикалық орындықтар шығаратын фабриканың құрылысы бойынша қолдау қажет. Сайрам ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысына да қолдау керек. Инвесторлар тарапынан Сайрам ауданындағы оңалту-сауықтыру орталығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында мал бордақылау алаңын кеңейту және малды сою бекеті, экспортқа ет дайындау инвестициялық жобалары жүзеге асады.Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардардың аумағы кеңейтілуде. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асуда. Инвесторларға индустриалдық аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.
Өңірде 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы құрылған. Мұның аясында 1,8 трлн теңге сомаға 201 жоба қолға алынып отыр. Бүгінгі күні 2020 жылғы жобалардан 31,5 млрд теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 407 жұмыс орны ашылды. Ал шетелдің қатысуымен 25,8 млрд теңге сомасына 2 жоба жүзеге асырылып, 160 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, облыс әкімінің басшылығымен стратегиялық сипаттағы инвесторлардың мәселелерін қарайтын инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Ал, инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі Turkistan Invest өңірлік агенттігі инвесторлар үшін фронт-офис қызметін атқарады және «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестиция тарту мәселесін облысқа әкім болып келген кезінен бастап жіті назардап ұстап келеді. Былтыр дәл осы кезеңде инвестиция тарту жұмыстары бойынша да үлкен жиналыс өткізіп,аппарат отырысында өңірдегі индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарын сонымен бірге индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары және тарифтеріне қатысты түйткілді мәселелерді талқылаған болатын. Өңір басшысы бұл саланың маңызды екенін тоқталып, инвестиция тарту ісін жандандыруды тапсырған.
– Жалпы бірінші кезекте индустриалды аймақтардың жер мәселесі және оған қажетті инфрақұрылым бойынша бөлек-бөлек Жол карталарын әзірлеуіміз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторлар біздің өңірде электр тарифі арзан емес екенін айтады. Инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты тиісті басқармалар мен мекемелерден, басшылардан нақты ұсыныстар күтемін. Аудан, қала әкімдерінің негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта жұмысты жандандырыңыздар. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуі тиіс, – деген Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу мәселелері тұрақты түрде күн тәртібінде тұратынын айтқан. Сонымен бірге ірі компаниялар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасап, Түркістан облысына шақыру керектігін жеткізді.
Өңір басшысы электр қуатына қатысты тарифті төмендету және реттеу жөнінде жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, тиімді шешім шығаруды да назардан тыс қалдырған емес. Сондай-ақ индустриалды аймақтарда жұмысты жандандыру, жаңа кәсіпорындарды ашу ісін күшейту жөнінде тапсырмалар беріп келеді. Индустриалды аймақтарды басқаратын компанияларды оңтайландырып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеу керектігін ылғи сала басшыларына айтып жүр.
Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қаласында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд. теңге болатын және 2614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд. теңге болатын және 2087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат