Сейсенбі, 31 Қазан 2023 16:56

Түркістан облысы: Сайрамда манго, авокадо өсіріледі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан.

Түріктің «Gen group Qazaqstan» компаниясы 5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарлануда.

Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны 4 млн. АҚШ долларды құрайды. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған.

Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын жақын арада жылыжай жерін 5 гектарға кеңейтпек. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 1% қамтамасыз етіп отыр.

Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан аудандағы «Шымыр-Медет» лимон жылыжайында болды. Жалпы көлемі 1 га. жерде 2000 түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 млн. лимон өнім береді. Бұл лимонарии облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады.

Облыс басшысы егістікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті.– Егістікті әртараптандыру, баланс ұстау аса маңызды. Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаған жөн. Өзімізді барлық қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Егістікті суармалы сумен қамту мәселесіне көңіл бөлген аймақ басшысы барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды, атап айтқанда, жер асты суларының қорларын зерттеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ барлық су ресурстарының теңгерімін зерделеуді тапсырды.

Сапар барысында облыс басшысы «Mangystau Oil Refeining» мұнай өнімдерін өңдеу зауытына барды. Аталған зауыттың жобалық құны 2,1 млрд. теңгені құрайды. Зауытта сұйытылған көмрсутек газы, бензин еріткіші, көмірсутек еріткіші, уайт-спирит (нефрас), автокөлік бензины, техникалық керосин, дизель отыны, қазандық отындары өндіріледі. Зауыт жылына 250 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазір мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған.

Д. Сатыбалды Сайрам ауданындағы құрама жем шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Өндіріс орны жылына 60 мың тонна мал азығын өндіреді. Бүгінде зауыт өнімін ішкі нарыққа және Өзбекстан Республикасына экспортқа жіберуде. Аталған нысанның жобалық құны 600 млн. теңге. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.Облыс әкіміне сондай-ақ Сайрам ауданында орналасатын индустриалды аймақ таныстырылды. 80 га жерде ауданның инвестициялық жобалары жүзеге асырылады.

Сайрам ауданы – ауылшаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Аталған салада жыл басынан бері 103,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, облыста көш бастап тұр. Сонымен қатар, аудандағы жылыжай шаруашылығы да биылғы жылдың 9 айында жоспарды асыра орындап, нәтижесінде аймақтағы жылыжай көлемі 75,7 гектарға жеткен. Сондай-ақ, мал шаруашылығындағы оң нәтижелер бар.

Ауыл шаруашылығы өнімінің 57%-ы мал шаруашылығына тиесілі екен. Сайрам ауданы еліміздегі ең ірі мал сою орындары бар өңір. Сондықтан мұнда бұл салаға байланысты біршама үлкен жобалар қолға алынуда. 2024-2025 жылдары мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу жоспарланып отыр.

Ауданның инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Өңірге қарасты 42 елді мекен толықтай электр жарығымен қамтамасыз етілген. Ал табиғи газбен қамтылу көрсеткіші бүгінгі таңда 81 пайызды құраса, жыл соңына дейін 88%-ға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, аудандағы жақсы және қанағаттанарлық деп танылған жолдардың үлесі өткен жылы 62,4 пайызды құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен.

Түркістан облысы Сайрам ауданында 64 млрд. теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок зауыты, алкогольсыз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы жүзеге асты.

Тағы, құны 4 млрд. теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.

Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда.

Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 53 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады.

Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда.Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары тексерілді. Құрылған жұмысшы топ малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолын кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған 3-уі жабылды, қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.

Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн.теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 млрд.теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 млрд.теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.

Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 млрд. теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 млрд. теңгені құрады. Былтыр 15 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 млрд. теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 млрд.теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 млрд. теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн. теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған. Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасынымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 189 рет