Сенбі, 04 Қараша 2023 23:55

Түркістан: шетелдік инвесторлар Кентауда трактор құрастырып шығармақ

Түркістан облысынан жұмыс сапарымен Қытай мемлекетіне барған делегаттар жергілікті ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов бастаған делегация TOO «BNK Group LTD» компаниясының «RAGNAR», «YTO», «LUTONG» маркалы тракторлар шығаратын зауыттарына барды. Онда өндірушілермен бірлескен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыратын бірлескен зауыт салу мәселесі де қозғалды.

Осы сапар туралы тарқатып айтсақ, Түркістан облы­сының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасы өкілдері бастаған, құрамында Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт, Ор­дабасы аудандары және Кентау қала­сының әкімдері, сонымен қатар кәсіп­керлерден құралған делегация құрамы Қы­­тай Халық Республикасының Линь­цин қаласына іссапармен жүр.

Іссапардың басты мақсаты – Түр­кістан өңірінің дамуына серпін бере­тін­дей жобаларды жүзеге асыру. Яғни, өңірге инвестиция тарту, екіжақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу.

Делегация алғашқы күні Қытай Ха­лық Республикасының Шандонг про­вин­циясының Линьцин қаласының әкім­шілігі және бизнес өкілдерімен кез­десті. Жиналыста Линьцин қаласының басшылығы қаланың тарихын, бизнес климатын, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қайта өңдеу салаларында жеткен жетіс­тіктерімен таныстырды.

Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары С.Көшкінбай Түркістан облысы делегация құрамын та­ныс­тырып, облыстың инвестициялық тартымды­­­лы­ғы бойынша әзірленген арнайы видео­материалды көрсетті. Со­нымен қатар облысқа инвестиция салудың тиімділігі бойынша арнайы презентация жасалды. Түркістандық делегацияның ісса­пары Қытай Халық Республикасының ірі өндірістік кәсіпорындарын аралаумен жалғасуда және соның аясында көрші елдің компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, келісімдер жасалады.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жүгезе асатын жаңа жобалар жайлы айтылды. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң.Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша баяндалды.

Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімдері кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды.

– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар. Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңірде 2020-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы құрылған. Мұның аясында 1,8 трлн теңге сомаға 201 жоба қолға алынып отыр. Бүгінгі күні 2020 жылғы жобалардан 31,5 млрд  теңге сомасына 9 жоба іске қосылып, 407 жұмыс орны ашылды. Ал шетелдің қатысуымен 25,8 млрд теңге сомасына 2 жоба жүзеге асырылып, 160 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, облыс әкімінің басшылығымен стратегиялық сипаттағы инвесторлардың мәселелерін қарайтын инвестициялар тарту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Ал, инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі Turkistan Invest өңірлік агенттігі инвесторлар үшін фронт-офис қызметін атқарады және «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвестиция тарту мәселесін облысқа әкім болып келген кезінен бастап жіті назардап ұстап келеді. Былтыр дәл осы кезеңде инвестиция тарту жұмыстары бойынша да үлкен жиналыс өткізіп,аппарат отырысында өңірдегі индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарын сонымен бірге индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары және тарифтеріне қатысты түйткілді мәселелерді талқылаған болатын. Өңір басшысы бұл саланың маңызды екенін тоқталып, инвестиция тарту ісін жандандыруды тапсырған.

Жалпы, Кентау қаласына өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,7 млрд. теңгені құрады. Бұдан бөлек, өнеркәсіп өнімі – 41,3 млрд. теңге, ауыл шаруашылығы өнім көлемі – 11,8 млрд.теңге, ал жалпы өңірдегі өнім көлемі – 70,3 млрд.теңгеге жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов мәлім етті.

Былтыр шаһарда құны 3 млрд. теңгені құрайтын жаңа 2 инвестициялық жоба – кірпіш зауыты мен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт іске қосылып, 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы екі жылда 2 инвестициялық жобаны іске аспақ.

«Кентау қаласы бойынша 2020-2025 жылдары өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында 943 адамды жұмыспен қамтитын 2 жобаны ашу жоспарланған. Олар – «Ансай кең орнының кендерінен барит концентратын өндіру» жобасы және бұрынғы Кентау кен байыту фабрикасының өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу өндірісін іске қосу жобасы. Қазіргі таңда Кентау қаласындағы индустриалды аймақта құны 3,3 млрд.теңгелік 250 жұмыс орнын қамтитын 6 жоба іске асырылған», – деді шаһар басшысы Жандос Тасов.

Инфрақұрылым бойынша Кентау қаласы кәріз жүйесімен 78% қамтылған. Орталықтандырылған электр желісімен шаһар толық қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда қаланы табиғи газбен қамту көрсеткіші – 14%-ды (2461 абонент) құраса, 2023 жылы 52%-ға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы Кентау қаласының барлық көшелерін толық жарықтандыру жоспарланған. Өткен жылдың қорытындысымен қаладағы ішкі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 86,7%-ға жетті. Биыл қаланың 3 көшесін жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, былтыр Кентауда және қалаға қарасты елдімекендерде 53 көше жөндеуден өтті. Электр жүйелерін жаңғырту және инфрақұрылымға қатысты өзге де жұмыстар қолға алынды. Қаланы дамыту жұмыстары жалғаса береді. Кентау қаласы бойынша  жалпы халық саны 99 308 адам, қала аумағы 52,7 мың га  құрайды. Қаланың құрамына 4 ауыл кіреді. Жалпы халықтың 37,4 мың адамы экономикалық белсенді, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 35,4 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 5,3%, жастар жұмыссыздығы 5,9% құрады. Кентау қаласының өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірісінің 28,2 млрд. теңге жоспары 28,3 млрд. теңгеге немесе 100,3 % орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі 28,3млрд. теңгеге яғни 99,3 % орындалды, 201,7 млн теңгесі игерілмеді. Жалпы өнім көлемі 70,3млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,0% құрады.

Кентау қаласы бойынша 2020-2025 жылдары өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында іске асырылатын жалпы құны – 35,6 млрд. теңгеге 2 жоба және 943 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. «ГРК «Металлинвест» ЖШС «Ансай кең орнының барит кендерінен барит концентратын өндіру» жобасы.  Жоба құны 11,6 млрд.теңге. Іске асыру мерзімі 2024 жыл. Жұмысшылар саны 343 адам.  50 га жер бөлінді. «КазОйлЭнерджи» ЖШС бұрынғы Кентау кен байыту фабрикасын қалпына келтіріп, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша өндірісті іске қосу. Жоба құны 24 млрд.теңге.Іске асыру мерзімі  2024 жыл.Жұмысшылар саны 600 адам. Инвестор тарапынан 11 млрд. теңгеге құрал – жабдықтар алынды.Кедендік рәсімдеу жұмыстары жүргізілді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 186 рет