Сейсенбі, 07 Қараша 2023 17:58

Түркістан облысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табады

Cегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы алда келе жатқан Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды хабарлады.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық басқармалар басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 19/232-VII «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; «Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекетттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облыстық мәслихатының төрағасына Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының қызметіне бағалау жүргізу өкілеттігін жүктеу туралы; «Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/250-VIІ шешіміне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар қаралып, дауысқа салынды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек, екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады. Жалпы, сессия жұмысында мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Сессия жұмысын облыс әкімі Дархан Сатыбалды қорытындылады. –Өңірде ауқымды әрі мағыналы іс-шаралар өтеді. Бүгінгі сессияда әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық саяси жағдайларға байланысты көтерілген ұсыныстар қабылданып, қолдау тапты. Сол үшін депуттаттарға алғысымды білдіремін. Түркістан облысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табады. Алдағы жұмыстарға, бастамаларға сәттілік тілеймін, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Жыл басынан бері облыста экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштер 2 пайызға өскен. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан оң серпінді сақтап отыр. Тарқатып айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 519 млрд. теңгеден асып, 4,5 пайызға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі (231,1 млрд.теңге немесе 106,8%), электр энергиясын өндіру (39 млрд. теңге немесе 33,3%-ға), суды жинау, өңдеу және таратудың (5,7 млрд. теңге немесе 100,4%) есебінен қалыптасты.

Бірыңғай индустрияландыру картасына Түркістан облысы бойынша 437 млрд. теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба енгізілді. Аталған жобалар толығымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылмақ. Нәтижесінде 3 мың 305 жаңа жұмыс орны құрылады. Өңірде құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын, 100 жаңа жұмыс орны бар «ZHANASSYL» ЖШС мақта талшығын өңдеу зауыты жүзеге асты. Бүгінгі таңда өңдеу өнеркәсібінде инвестиция сомасы 6 млрд. теңгеге 272 жұмыс орнын қамтитын 12 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 26 млрд. теңгеге 20 жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда (6 жоба іске асырылды, 5,4 млрд. теңге, 215 жұмыс орны). Нәтижесінде 540 жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ, бүгінде Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр. Яғни, Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Бұл мақсатта ауқымды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құжатты дайындау үш кезеңнен тұрады. Жоба жұмысына бір топ сарапшылар атсалысып жатыр. Маңызды құжатты дайындауда өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, дамыған елдер тәжірибелері де ескерілуде. Аталған құжатта 8 негізгі стратегиялық бағыт айқындалып, сол бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

Стратегиялық құжатты әзірлеу барысы жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиынға барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Қатысушылар жоспарды іске асыру мәселелерін және асырудың одан арғы қадамдары туралы өз ойларын ортаға салды. Жоба теңгерімді аумақтық даму, адами капиталдың сапасын арттыру, халыққа қолжетімді инфрақұрылым, халықтың табысын арттыру, тұрақты экономикалық өсу секілді стратегияны іске асыру алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге, басымдықтарды дамытуға және өңір тұрғындарының әл-ауқатының тұрақты өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығын айтты. Тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Өңірімізді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек. Бұл құжат өңірдің 7 жылдық даму жоспары ретінде қызмет етіп, индикаторлар орындалуы тиіс, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген даму бағдарламасы енеді.

Биыл Түркістан облыс атағын алғанына бес жыл толып отыр. Соған қарамастан жан-жақты даму үстінде. 2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде  шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

2023 жылғы қаңтар-ақпанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 135611,2 млн. теңгені құрады, бұл 2022 жылдың тиісті деңгейінен 7,6% артты. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі 1% төмендеді, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 6%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 57,2%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметте өндіріс көлемі 48,1% артты. 2023 жылғы қаңтар-ақпанда құрылыс жұмыстарының  көлемі 14972,1 млн. теңгені құрап отыр.

2023 жылғы қаңтар-ақпанда облыстың негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 47044,4 млн. теңге болып, 2022 жылдың тиісті деңгейіне 146% құрады. Сонымен қатар, ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 39,4 % өсті.  Облыс экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Облыста 9 индустриалды аймаққа талдау жүргізіліп, олардың нашарлағаны немесе мүлдем жұмыс істемейтіні анықталды. Осыған дейін, тоғыз жұмыс істемейтін аймақтың орнына машина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы секілді бағытта белсенді серпін беретін 3 индустриалды аймаққа күш салу керектігі айтылған болатын. Олар: Кентау, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданы еді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 202 рет