- Шаһарда 2023 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 222,7 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғымен салыстырғанда 15%-ға артып отыр. Сондай-ақ, осы жылы өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айында 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 4,3%-ды құраған. Ал өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 12 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд.теңгеге жеткен, - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы облыс орталығына келетін туристердің артқанын да айтты. 2023 жылдың 9 айдың қорытындысымен Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 678,5 мың адамға жеткен. Сонымен қатар, биыл қаңтар-қыркүйек айларында Түркістанға 6,7 мың шетелдік турист келіп, көрсеткіш 24,1%-ға өскен.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2023 жылы өнеркәсіп саласы бойынша 18,8 млрд.теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 4,3 % құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 12,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,5 %-ға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд.теңгенi құрап, өсім 25,6 пайызға, сумен жабдықтау 1,2 млрд. теңгенi құрап, 7,6% пайызға артқан.
Бұдан бөлек шаһар басшысы тұрғын үй және әлеуметтік салаларға да тоқталды. Тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру бағытында толықтай ауызсумен қамту және қаланы көгалдандыруда жыл бойы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Брифинг соңында Нұрбол Әбдісаттарұлы журналистер тарапынан бірнеше сұрақтарға жауап берді.
— Өздеріңіз білетіндей 9 айдың нәтижесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта халықпен бірлесе отырып айтарлықтай нәтижелерге жетеміз деген ойдамын, — деді Нұрбол Тұрашбеков. Айта кетейік, Нұрбол Әбдісаттарұлы соңғы бес жылдағы киелі қаланың келбеті адам танымастай өзгеріп, экономикасының қарыштап дамып жатқанына тоқталды.
— Таяуда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізіп, барлық деңгейдегі атқарушы органдарға жаңа міндеттер белгілегенін білесіздер. Бұл бойынша облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы да арнайы мәжіліс өткізіп, тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарын талқылап, тетіктерін нақтылады. Тапсырмалар барлық деңгейдегі атқарушы органдарға аса салмақты жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, жергілікті табыс көзін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылым жүйелері мен абаттандыру ісін жетілдіру мәселелері Мемлекет Басшысының тұрақты назарында тұр, — деді әкім.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Түркістанда атқарылған жұмыстар мен кезегін күткен мәселелердің ең өзектісі қала халқының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын көтеру болып табылады. Қаладағы кешенді жоспарлар Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 29 қыркүйектегі «Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» №762 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 225 мыңға адамға жетті. Қала әкімі жыл басынан бері қала халқымен алты сектор бойынша 96 кездесу өткізген. Алғашқы басқосулар ауа райына байланысты жабық мекемелерде өткенімен, кейінгі кездесулер өзекті мәселелер бойынша ашық алаңда көше тұрғындарымен ұйымдастырылды.
Түркістан қаласының шекаралық аумағын кеңейту жоспарда бар. Жоба бойынша қала аумағын кеңейту Сауран ауданының жерін қосу есебінен жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет қаулысына қол қойылды. Дәлірек айтсақ, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 11-бабының 2-тармақшасына сәйкес үкімет басшысы қол қойған қаулыда «Осы қаулының қосымшасына сәйкес, жалпы ауданы 4831,86 гектар Сауран ауданының жерін қосу және жалпы ауданы 4716,29 гектар Түркістан қаласының жерін Сауран ауданының шекарасына қосу арқылы Түркістан қаласының шекарасы өзгертілсін. Бұл туралы мәслихат пен әкімдіктің қаулысына келісім берілсін» делінген.
Нәтижесінде 9 айда 925 мәселе көтеріліп, оның 873-і орындалды. Өзге мәселелер қаржы талап етуіне байланысты, қаланың даму жоспарына енгізіліп, жүйелі түрде атқарылатын болады. Бұл бойынша сектор тарапынан түсіндіру шаралары жүргізілуде. Қаңтар-қыркүйек айларында 158 азамат мәселелерімен әкімнің жеке қабылдауына келіп, өтініштерін жеткізді. Көтерілген сұрақтардың басым көпшілігі — тұрғын үйге қатысты. Әлеуметтік сала, инфрақұрылым, жол және қоғамдық көлік, жер саласына байланысты да сауалдар туындап, сараланды. Қабылдау қорытындысымен 196 тапсырма беріліп, орындалды.
«Мемлекет Басшысы өз сөзінде «Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайды» деген-ді. Осы ретте, ең алдымен барлық талап-тілектің заңдылығы зерделенетінін атап өткенім жөн»,-дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы. Қазіргі таңда қала әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар, қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда.
Түркістан қаласында Халықтық кеңсе 2020 жылдың 13 қаңтарынан бастап жұмыс істеуде. 2023 жылдың 9 айында жалпы қызмет алған адамдар саны – 52163 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 6200 азаматқа мемлекеттік қызметтер бойынша кеңестер берілген. 38994 азамат «өзіне өзі қызмет алу бұрышына» келушілер болып табылады.
Бұған қоса қала әкімдігіне жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайды. Тоғыз айдың қорытындысымен Е-өтініш ақпараттық жүйесіне 3 566 өтініш қабылданған. ИИС ЦОН арқылы — 3403 қызмет көрсетілген.«1310» Бірыңғай байланыс орталығы шілде айынан бері тұрғындардан қоңырау қабылдауды бастады. Бүгінге дейін 4251 қоңырау түсіп, оның 98,4% шешімі табылды.
Тоғыз жолдың торабы саналатын Түркістанда сауда саласы жақсы жолға қойылған. Ел еңбекқор, бизнеске бейім. Бүгінгі таңда қалада шағын және орта бизнеспен айналысатын субъектiлер саны 22309 болса, оның ішінде заңды тұлғалар – 1732, жеке кәсіпкерлер –19956, шаруа қожалықтары алты жүзден асып отыр. Қаладағы 33 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Ол игіліктен біздің қала тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Бүгінде «Ырыс» микроқаржы ұйымы 104 млн. 200 мың теңгеге сегіз жобаны қаржыландырады. Негізі бізде туризмді дамытуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында 17 жобаға 809 млн. теңге берілсе, тағы 13 жобаны жүзеге асыру үшін 273,8 млн. теңгеге кепілдік берілді. Сондай-ақ, 2,428 млрд. теңгеге 35 жоба субсидияланды. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 млрд. теңгеге субсидияланып, 1 жоба 160 млн. теңгеге кепілдендірілген.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат