Жобаның бастамашысы әрі жүзеге асырушы – «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Жобаның серіктесі – «М-Адал» ЖШС. 1 гектар аумақта орналасқан қойманың көлемі – 3264 шаршы метр. Құрылысы қолға алынған қойма 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ел игілігіне тапсырылады. Сауран ауданы аумағындағы бұл қоймада жылына 4 мың тонна көкөніс сақталады. 35 адам жұмыспен қамтылады.
Қоймада ірі 9 камера бар. Оның 4 камерасының әрбіріне 500 тоннадан жалпы 2 мың тонна картоп сақталса, екі камерасына 500 тоннадан, жалпы 1000 тонна пияз сақталмақ. Сонымен бірге 250 тонна сәбіз, қырыққабат сақтайтын камералары да іске қосылады деп жоспарланған. Ал 500 тонна көкөніс құрғақ қоймада орналастырылады.
Аталған аумақта Серік Жұманғаринге облыста өндіріс саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Биыл өңірде өнеркәсіп өнім көлемі 681 млрд. теңгені құрады (4,7 пайызға артты). Өңдеу өнеркәсібінде биыл жалпы құны 30 млрд. теңгені құрайтын 20 жобаны іске асырып, 594 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жыл басынан 12 жоба іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Халықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету бағытында 2027 жылға дейін жалпы құны 329,1 млрд. теңгені құрайтын 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Биылғы 7 айда құны 10,6 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылып, 334 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бойынша 2 жоба, мал бордақылау алаңын салу – 5 жоба, жаңбырлатып суғару – 4 жоба, 2,1 га фермерлік жылыжай салу – 5 жоба, балық өсіру – 5 жоба, сүт өңдеу цехын салу – 4 жоба және мал сою цехы мен бекетін салу бойынша 2 жоба жүзеге асты. ҚР АШМ қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту жобалары бойынша инвестициялық субсидияны 2024 жылдан бастап 50 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Осы арқылы өңдеу көлемін 2027 жылға қарай кемінде 40 - 50 пайызға арттыру межеленіп отыр. Өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ірі сүт тауарлы фермаларын құруға 2023 жылға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологиялар кеңінен қолданылу үстінде. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы — 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысына тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 миллиард теңге, 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.
Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Тұжырымдама жобасы ағымдағы жылдың ақпан айының 7 – 10 күндері аралығында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен барлық аудан, қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, бөлім басшылары, мамандарымен жан-жақты талқыланып, 2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіші ауыл округтері кесіндісінде, аудан/қала әкімдерімен бекітілгенін айта кетейік.
Сонымен, 2023 жылы келесі көрсеткіштерге қол жеткізіледі:
Егіс көлемін 860 мың гектарға орналастыру;
Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға енгізу;
Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу;
Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу (Оның ішінде 9,9 мың гектары — жаңбырлатып суғару);
Жаңадан 665 гектарға — қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу;
Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру;
1346 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алу;
Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындарын ашу;
1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңын, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасын ашу;
4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу;
4 бірлік тоқыма, тігін және 6 бірлік жүн, тері өңдеу кәсіпорындарын ашу.
Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 миллиард теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 миллиард теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 триллион 127 миллиард теңгеге жеткізіледі (НКИ – 103 %).
Көрсеткіштердің орындалуы бойынша ағымдағы жылдың I-ші тоқсаннан бастап рейтингтік бағалау жұмыстары ай сайын жүргізілетін болады.
Сала бойынша негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді.
ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.
Жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі.
Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріліп, Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде 112 % қамтамасыз етіледі. (Республика халқының қажеттілігі — 217,2 мың тонна).
Оның ішінде, 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриалды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда.
Анықтама ретінде айта өтейік, Агроиндустриальды аймаққа 500 гектар жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында, несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізілді.
ҚАРҚЫНДЫ БАУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ.
Алма өндірісін арттыру бойынша қарқынды баулар көлемі ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша егіс көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Облыс халқын алма өнімімен қамтамасыз ету 125,1 %-дан 153,5 %-ға артады (2022 жылы 125,1 мың тонна – 2027 жылы 160,3 мың тонна).
ЖЕМІС-КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІН САҚТАУ ЖҮКТЕМЕЛЕРІН АРТТЫРУ.
Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38,0 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймасы бар. Ал облыста жылына 1,7 миллион тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінің маусым аралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ.
Осыған орай, Тұжырымдама аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусым аралық кезеңде жылына 250-300 мың тонна тауар айналымын жасауға қол жеткізіледі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат