Сәрсенбі, 03 Сәуір 2024 11:16

ШЫМКЕНТТЕ ҚЫТАЙЛЫҚ 35 КОМПАНИЯ ӨКІЛІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН В2В ФОРМАТЫНДА ФОРУМ ӨТТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасының Чанджи-Хуэй автономды округ губернаторының орынбасары Су Сяоли ханым бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланды.

Екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы кешенді шаралар «KIT» бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен форуммен жалғасты. B2B форматындағы жиында жергілікті кәсіпкерлер тамақ өнімдері мен полиэфир материалдарын өндіретін жеңіл өнеркәсіп бағытындағы қытайлық компаниялардың өкілдерімен ақпарат алмасты. Бизнес өкілдеріне тауарларын шет елге экспорттау, басқа да серіктес компаниялармен қарым-қатынас орнату мүмкіндіктері ұсынылды.

Қытайлық 35 компанияның өкілдері қатысқан жиынның қорытындысында Шымкент каласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов, Қытай Халық Республикасы ШҰАР Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы губернаторының орынбасары Су Сяоли, Қытай Халық Республикасының Чанцзи-Хуэй автономиялық ауданы сауда басқармасының партиялық тобының хатшысы Чэн Сяофэн коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне куә болды.

 

Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынбақ. Қаладағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.

 

Оқылды 212 рет