Сенбі, 13 Сәуір 2024 15:56

Польшалық кәсіпкер Түркістан облысында күркетауық фабрикасын ашуға ниетті

Польшалық кәсіпкерлер Түркістан облысының нарығын игеруде қызығушылық танытып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Польша Республикасынан келген бизнес-делегациямен кездесті. Облыс басшысы «Stasin» компаниясының президенті Кшиштоф Борковски бастаған делегацияға Түркістан өңірінің мүмкіндіктерін жеткізіп, бірқатар инвестициялық жобаларды бастауды ұсынды.

Халықаралық нарықты жаулаған ірі компания ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен үлес қосып, өңірде ауқымды жобаларын іске асыруға ниет білдірді. Кездесу барысында аймақ басшысы түркістандықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әрдайым ашық екенін жеткізді. «Stasin» компаниясының иелігіндегі күркетауық фермалары, ет комбинаттары мен құс фабрикалары жылына 70 миллион кг ет өндіреді. Әлемнің 20-дан астам еліне ет экспорттайды.

Компанияның негізін қалаушы Кшиштоф Борковски Түркістан облысының климаты қолайлы, инвесторларға ұсынылған жағдайдың тиімділігін атап өтті. Шетелдік компания Түркістан облысында күркетауық фермасын, ет комбинатын ашуға дайын. Сондай-ақ карп балығын өсіру бойынша жаңа жобалар ұсынды. Өнім жергілікті және Еуропа нарығына шығады.

– Біздің мақсатымыз – Түркістан облысын өндірісі дамыған аймаққа айналдыру, Түркістан өңірі – бизнес жүргізу үшін тиімді орта. Өңірде ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге де салаларда әлеует жоғары. Инвестициялық мүмкіндігіміз өте жоғары. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнеске ең қолайлы аймақ. Облыста арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. Онда кәсіпкерлердің жобаларын қабылдауға мүмкіндік мол. Инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі. Қазығұрт пен Сайрам ауданында бизнес бастауға болады. Ол үшін мемлекет тарапынан жан - жақты қолдау көрсетіледі. Біз өздеріңізбен инвестиция саласында жемісті ынтымақтастықтың кеңеюіне үміт артамыз. Алда тағы да ірі жобаларды қолға алуға атсалысамыз, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы облыстың инвестициялық әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын, жаңа кәсіпорындар ашу басым бағыт болып қала беретінін айтып, кездесулердегі ұсыныстар жан-жақты қаралатынын жеткізді.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады.

Былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен.

Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл басынан 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107%-ға орындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген.  Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 41 рет