Жексенбі, 14 Сәуір 2024 13:47

Түркістан: биыл ауылдарда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4500-ге жуық жұмыс орны ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР ауылдық аймақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдардың экономикасын көтеруге мүмкіндік беру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Түркістан облысында аталған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және биылға қойылатын талаптар мен өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, аудан, қала әкімнің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімнің басшылары, жобаға қатысатын ауылдық округтердің әкімдері, Мансап орталықтарының бөлім басшылары, «Түркістан ӘКК» АҚ және «Ырыс МҚҰ» өкілдері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Ауыл аманаты» жобасының ауылдарда жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамаған ауыл әкімдерін сынға алды. Биыл несие алушыларға қойылатын талаптарға тоқталып, тиімді ұсыныстар айтты.

– Өткен жылы жүйелі жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Несие алушыларға да талаптар көп болмады. Осы жылы ең басты көрсеткіш – жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылдарда тек мал шаруашылығын ғана емес, балық және құс шаруашылықтарын дамыту керек. Бағдарламамен бір ауданнан төрт ауыл қаржыландырылса, 4 түрлі өнім өндіруді қолға алған жөн. Әр ауыл өз мүмкіндігі мен бейімділігіне қарай бағыт таңдасын. Ауыл әкімдері, ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізіңіздер. Мерзімінен кешіккен ауылдарға қаржы бөлінбейді. Өткен жылғы орын алған кемшіліктер қайталанбасын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Түркістан облысында өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС бірлесіп, аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстарын жүзеге асырды. Былтыр республикалық бюджеттен Түркістан облысына бағдарлама аясында 19,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 3220 несие алушыны қаржыландырып, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу міндеттелді. 2023 жылдың соңына дейін аталған қаражат толық игеріліп, 3 215 соңғы несие алушы қаржыландырылды. Нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды. Яғни, белгіленген жоспар 103 пайызға орындалған.

Бағдарлама аясында үлестірілген қаржының мақсатты жұмсалуын тексеру мақсатында «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мониторинг бөлімінің менеджерлері мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бірқатар кемшіліктер анықталып, несие қаражатын мақсатты жұмсамаған несие алушыларға кемшіліктерді жою үшін қосымша 1 ай мерзім берілді. Белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаған 6 несие алушының іс-әрекеті несие комитетінде қаралып, тиісті іс-шаралар жүргізілуде.Биыл 62 ауылдық округ жобаға қатысып, 62 коператив құрылады. Нәтижесінде 2640 жоба жүзеге асырылып, 4416 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Шынын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланғаны тағы бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Төлеби ауданында да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып жатқан жеке шаруалар қатары күн санап артып келеді. Ауыл түрғындары мемлекеттің қолдауын пайдаланып, кәсібін дөңгелетуді көздеп, несие алған. Мәселен, Зертас елді мекенінің тұрғыны, бүгінде жеке кәсіпкер атанған азамат жаңа мүмкіндікті пайдаланып, қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамытпақ ниетте. Сонымен қатар алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді де жоспарлап отыр.

Ал Көксәйек елді мекеніндегі жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мал бордақылау ісін ұлғайтуды қолға алған. 7,5 миллион теңге несие алып, Жамбыл облысынан 22 бас ірі қара сатып алған ол алдағы уақытта қосымша жылқы бордақылауды жоспарлауда екен. Біреу білер, біреу білмес, Төлеби ауданында ағаш аралас көмір брикеттерін шығаратын цех ашылған. Мұндағы жеке кәсіпкер де жаңа бағдарламаның көмегімен кәсібін ұлғайтпаққа бел буған. Айтуынша, экологиялық тұрғыда тиімді тауардан түсетін табыс та жоғары көрінеді.

Көңіл бөлер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жоба Түркістан өңірі үшін өте-мөте маңызды екені аян. Себебі, облыс тұрғындарының негізгі бөлігі ауылдық елдімекендерде өмір сүріп жатыр. Ал «Ауыл аманаты» осы орайда ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын қысқартуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз. Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көп балалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі — бюджет қаражаты жұмсалмайды. Кепіл қажет емес, пайыздар жоқ. Сол себепті барлық ауыл тұрғындарын республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба белсенді атсалысып, табыс табуға шақырған болар едік.

Жалпы, облыс басшысы Дархан Сатыбалды аудан-қалаларды аралау барысында несие алуға ниет білдірген тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдап, жобаның маңыздылығын түсіндіріп-ақ келеді. Өйткені Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ.

Төлеби ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Киелітас, Көксәйек ауылдық округтерінің азаматтарына несие беру жоспарланған болатын. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша, Бірінші Мамыр және Қаратөбе ауылдық округтерінің азаматтары да аталған бағдарламаға енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге 209 миллион теңгеге 37 азаматтың жобалары қаржыландырылды.

Пилоттық жобаны Түркістан облысында жүзеге асыруға 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылғаны мәлім. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын.

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 13,9 миллиард теңге құрайтын 2 248 жобаға өтініш қабылғандан. Оның ішінде жалпы соммасы 9 миллиард теңгені құрайтын 1 611 жоба мақұлданып, 4,6 миллиард теңге құрайтын 852 жоба қаржыландырылды.

Жалпы, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы ауылдарды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға көп көңіл бөліп отыр. Төлеби ауданы таулы аймақ болғандықтан, мұнда туризмді дамытуға күш салып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керектігін де айтып жүр.

— Жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, ауылдарымыздың әлеуетін көтеруге бағытталған. Төлеби ауданының жері табиғатымен таңғалдыратын, қысы да, жазы да туризм саласын дамытуға сұранып-ақ тұрған аймақ екені белгілі. Өзіндік даму жолы бар облыстағы аудандардың бірі. Сондықтан ең бастысы — тазалық. Ол өзімізге байланысты. Саяхатшылар келгенде тамсанып, таң қалып кететіндей жағдай жасау қажет. Демалыс аймақтарына барар жолда дүкендер ашып қоюға болады. Ол кәсіпті жергілікті халықтың өзі-ақ қолға алса болады, – дейді облыс әкімі.

Төлеби ауданында балық шаруашылығы да соңғы жылдары жап-жақсы жолға қойыла бастады. Айталық, «САҚ» демалыс аймағы. Қазақстан елді мекеніндегі демалыс аймағында сыйымдылығы 500 текше метр үш тоған орналасқан. Тоғандарда 20 мыңнан астам карп, шабақ, форель өсірілуде. Жеке кәсіпкер жылына 30-40 тонна өнімді өткізіп отыр. Аймаққа келіп дем алушыларға өздері балық аулап, одан ас дайындауына мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай-ақ тігіншілікті кәсіп еткен кәсіпорындар да баршылық. Мәселен, «KAZPLAST» ЖШС-ның тігін цехы. Ленгір қаласындағы цехта жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдерін шығарады. Қазіргі таңда 200 жұмысшысы бар. 2024 жылы кәсіпорынды толық іске қосу жоспарланып отырған жайы бар. Бұл мақсатта мемлекеттен көмек алу жолдары қарастырылуы мүмкін.Бұдан бөлек «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мемлекеттік грант алған азаматтар да Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса бастағанын ерекше атап өткен жөн.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет