Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 08:16

Түркістан: Саурандық кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамытуда

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.

Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Жасур Муминов 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алған. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шаруа қожалығының жұмысымен танысып, кәсіп иесіне табыс тіледі.

Мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн теңге несие алған кәсіпкер, былтыр қыркүйек айында өз ісін бастаған. Бүгінгі таңда төрт бассейнде форель балығын өсіріп отырған кәсіп иесі жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Мұнда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз ісін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек, — деп ерекше атап өтті.

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен былтыр Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан төрт ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары басталған болатын.

Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға Республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қаралған. Қанатқақты жоба болғандықтан, басында әр ауданнан екі ауылдық округке ғана берілетін болған. Соңғы уақытта тағы да екі ауылдық округін қосуға тапсырма беріліп, былтыр төрт ауылдық округ тұрғындарын негізгі алты бағыт бойынша қаржыландыру басталып кеткен болатын. Соған, Сауран ауданынан аталған ауылдық округтердің мүмкіндігі жоғары болғандықтан таңдалып алынды. Ол Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері.

Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан және Майдантал ауылдық округтері болғандықтан, соларға басымдық беріліп отырғаны рас. Жоғарыда атап өткенімдей жобаға қатысуға негізгі 6 бағыт болса, соның ішінде 2 бағыт бойынша Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округтердің қатысуға мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда: Балық шаруашылығын дамыту және тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыттары. Сонымен қатар, ауданға қарасты ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар барлық бағыт бойынша жобаға қатыса алады. Болашақтағы мақсат барлық ауылдарды қамту болып табылады.

Қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі, несиені кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

Несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8625000 теңгеге дейін (8000 АЕК). Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады. Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да, кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.

«Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі және де мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндіктері жоғары.

Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге төрт ауылдық округте 323 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1660,8 млн. теңге.

Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген  93 отбасы, оның ішінде 12 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн. теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Тоқсанға жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 млн. теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына — 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.

Бүгінгі күнге — жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр.

Ескі Иқан ауылдық округінде қанатқақты жобаға қатысуға «Иқан Агро 2» және «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Жоба бойынша «Иқан Агро 2» ауыл шаруашылығы кооперативі – мал шаруашылығын дамыту бойынша отбасылық сүт фермаларын ашуды көздеп отырса, «Samruq 2023» ауыл шаруашылығы кооперативі — мал бордақылау бағыттарын таңдап отыр.

Ал, Майдантал ауылдық округінде мал шаруашылығын дамыту бойынша – отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашу, және мал басын көбейту бойынша «СПК-САПА» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет