Дүйсенбі, 15 Сәуір 2024 08:43

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарына қолда бар техниканың 95 пайызы дайын

Түркістан облысында биыл 873,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарының егу жоспарлануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының егістікті әртараптандыру, өнімділікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес масақты дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 мың гектарға артып, 281,2 мың гектарға, малазықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып, 227,9 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артып, 129,0 мың гектарға егілмек.

Мақта дақылы өткен жылмен салыстырғанда 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға, майлы дақылдар 6,4 мың гектарға қысқартылып, 75,5 мың гектарға орналастырылады.

Бүгінде өңірде ерте пісетін қырыққабат дақылы 0,5 мың гектарға егілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар техникалардың 95% дайын. Жер айдау жұмыстары 79 пайызға, сор шаю жұмыстары 56 пайызға орындалды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21,8 мың тонна жанармай бөлінді. Босату жұмыстары басталуда. Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 7,8 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 3,4 мың тонна мақта, 0,5 мың тонна жоңышқа және 0,9 мың тонна жүгері тұқымдары бар. Ал картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынуда.

Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыш құнының 50%-ын субсидиялауға 7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 82,3 мың тонна минералды тыңайтқыш субсидияланады. Минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделуде. Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймада 25,0 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасымен 10,0 млрд. теңге, тікелей зауыттарға 2,5 млрд. теңге және несие серіктестіктері арқылы 868,0 млн. теңге бөлінеді. Нәтижесінде 68,0 мың гектар алқаптағы дала жұмыстары қаржыландырылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,2 млрд. теңгеге қаржыландырылды.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Өңірдің 1 миллионға жуық ауыл тұрғынының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде аграрлық саланың әлеуеті өте үлкен екендігін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркістан облысы құрылғалы бері ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты даму үстінде. Соңғы 5 жылда жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін ұлғайып, 1 трлн. теңгеден асты. Өнімділікті арттыруда жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары жасалды. Суғармалы жерді тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына өту, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд. теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі

Биыл көктемде отандық тауар өндірушілердің, соның ішінде Түркістан облысындағы тауар өндірушілердің қатысуымен агрофорум өткені белгілі. Форумда Түркістан облысы әкімдігі мен отандық және шетелдік инвесторлармен агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 257 млрд. теңгені құрайтын 10 келісім меморандумына қол қойылған еді. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ. Қызанақ өнімдерін өндіру және май комбинатын салу кластерін құру бойынша «Русагро» АҚ-мен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС-мен, Арыс қаласында және Сайрам ауданында ет кластерін құру бойынша «Turkestan Agro.kz» ЖШС-мен, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін құру бойынша «Global Textile Solutions» компаниясымен меморандумдар жасалды. «Түркістан» индустриалды аймағында шұлық және костюм шығару жобасы, Өзбекстанға ет экспорттау, Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеу зауытын салу, Қырғызстанның Ош облысымен іскерлік және ынтымақтастық байланыстарды нығайту Жол картасы бойынша да меморандумдарға қол қойылды.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 336 млрд. теңгеге жеке инвестициялар тартылды. Жалпы, республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде облыс алдынғы қатарларда. Өндірілген мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 74 пайызы, бақшаның 59 пайызы, жеміс-жидектің 35 пайызы, мақсарының 29 пайызы, жүгерінің 26 пайызы, көкөністің 24 пайызы және еттің 11,4 пайызы, сүттің 12 пайызы – Түркістан облысының үлесінде.

Облыста барлығы 875 мың гектар егіс алқабы бар, қазіргі уақытта оның 98 пайызы пайдаланылып жатыр. Қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұл салада өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4,6 мың гектарды құрайды. Өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарынан 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектар жаңа жылыжай кешендерін жүзеге асыру жобасы әзірленіп, жүзеге асады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы рентабельді дақылдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 1 мың гектарға бұршақты дақыл (маш) егіледі. Аталған дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд. теңгеге («Шардара-Агро» ЖШС) жүгері өңдейтін кәсіпорын ашылады. Бұл зауытта Түркия және Франция елдерінің технологиясымен жылына 100 мың тонна жүгері өңделеді. Мақта-тоқыма кластерін дамыту бағытында 2027 жылға дейін облыста 12 кәсіпорын ашып, мақта талшығының 100 пайызын терең өндеуден өткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанда жасалған» (Made in KZ) жалпыұлттық жобасын іске қосу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және өндірісті дамыту, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Түркістан облысының әкімдігі, облыстың жергілікті тауар өндірушілері мен сауда желілері арасында 7 үшжақты меморандум жасалды. Атап айтқанда: 7 тауар өндірушімен: «Бөрте милка» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Ақжол» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Бес қара» ЖШС, «Айқан» ЖШС, Түркістан ет комбинаты ЖШС және 8 сауда желісімен: «Small», «Халық», «Магнум», «Бәйтерек», «Шаңырақ», «Нұрай», «Қазына», «Дастархан». Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдің дамуына үлкен серпін береді.

Түркістан облысы Республикада ет экспорты бойынша көшбасында. Экспортқа шығарылған Ірі қара мал етінің үлесі - 85%, ұсақ мал етінің – 60% өңірдің үлесінде. 9 айдың қорытындысы бойынша 10 мың тонна ірі қара мал еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді. Мемлекет басшысының елімізде халықтың табысын арттыру жөнінде берген тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нәтижелі жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 16 ауданда пилоттық түрде 64 ауылдық округтері анықталды, жаңадан 75 кооперативтер құрылды.  Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 127,3 млрд. теңгеге жеткізіледі.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет