Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 13:08

Түркістан: Сарығаштағы шипажайларды зерделеу басталды

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды туризм саласын дамыту бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Оның ішінде Сарығаштағы шипажайлардың жұмыстарын үйлестіру мәселесі де назарға алынған-ды. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде.

Түркістан облысы – еліміздегі емдік-сауықтыру туризмі дамыған өңірлердің бірі. Қазіргі таңда өңірде 72 шипажай жұмыс істейді. Соның ішінде 58-і Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан. Осы орайда, емдік-шипалық қасиетке ие, жерасты табиғи минералды суы бар Көктерек елді мекеніндегі шипажайларды дамыту мақсатында Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мамандары тарапынан құрылған арнайы жұмысшы топ зерделеу шараларын бастады.

Бірінші кезеңде жұмысшы топ 26 шипажайды аралап, жай-күйімен танысты. Өзекті мәселелер талқыланып, шипажай иелерінің ұсыныстары тыңдалды. Кездесулерде шетелдік тәжірибелерді негізге алу, мамандардың біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды ретке келтіру, абаттандыру мәселелері сөз болды. Келушілердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында туристік компаниялардан лицензия талап ету қажеттігі еске салынды. Сондай-ақ бос жұмыс орындарына «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында қызметкерлерді қабылдауға болатыны айтылды. Биыл Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің 400-ден астам алғашқы түлегі оқуын аяқтайды. Жоғары оқу орнының мамандандырылған жастарды жұмысқа тарту ұсынылды.

Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары жайлы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органмен жүзеге асырылатын 4 мемлекеттік бағдарлама бойынша жеке кәсіпкерлер туристік нысандар салуды немесе реконструкциялауды, жол бойында сервис объектілерін ашуды қолға алса – 10%, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алса 25% субсидия беріледі. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарын күтіп-ұстауда шығындардың бір бөлігі өтеледі. Ақпараттандыру барысында жұмысшы топ бағдарламаларға қатысуға ынталы кәсіпкерлерге құжаттарды рәсімдеуде кеңестер ұсынып, сүйемелдейтіндерін жеткізді.

Одан бөлек, облыстың туристік нысандарын біріңғай ортақ ақпарат алаңы құрылып, арнайы платформаға барлық бағыты енгізіледі. Түркістан өңірінің емдік-сауықтыру туризмін жарнамалау үшін бөлек бөлім арналып, әлемнің кез келген нүктесіне ақпарат қолжетімді болады. Алдағы уақытта талдау жұмыстары жалғасады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 82 рет