Сенбі, 20 Сәуір 2024 12:19

Түркістан: Сарыағаштағы жапондық технологиямен жасақталған жылыжайда семинар-кеңес өтті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өтіп жатыр. Солардың бірі Сарыағаш ауданында ұйымдастырылды.

Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан, жылыту жүйесін қажет етпейтін, арнайы тігілген жамылғы арқылы жылытылатын «Абдураман» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде «Жылыжай кешендерінің озық тәжірибелерін өндіріске кеңінен ендіру» тақырыбында облыстық семинар - кеңес өтті.

Семинар-кеңеске Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов, облысқа қарасты аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және жылыжай шаруашылығымен айналысушы азаматтар мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында «Абдураман» шаруа қожалығының жылыжай кешенімен таныстырылым өткізіліп, арнайы дайындалған орында тәжірибе алмасу мәжілісі ұйымдастырылды.

«Абдураман» ЖШС жылыжай шаруашылығын дамытуда Жапонияның заманауи технологиясын ендіріп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға аз шығын жұмсап, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеді. Бұл қаржылық тиімділікпен бірге, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне де ықпалын тигізуде.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамытудан және жылыжайлар көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Облыста 1640 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектары – өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді.

2023 жыл қорытындысымен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарынан 140,0 мың тонна өнім жиналды. Бұл маусымаралық кезеңде (қазан-наурыз) республика халқы қажеттілігінің 42 пайызын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда, жылыжайларда 2024 жылдың бірінші айналымына көшет отырғызу жұмыстары атқарылуда.

Жылыжай шаруашылықтарын қолдау, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатына облыс әкімдігінің ұсынысымен Үкімет тарапынан өткен жылы кешенді шаралар қабылданды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыжайларды жеңілдетілген көмірмен қамту ісі қолға алынды.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан 2023 жылдың 1 мамырында «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілді. Бүгінде 801 фермерлік жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын жылыту маусымында субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Бағдарлама арқылы өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы, көмір және газ шығындарының 20 пайызы субсидияланады. Фермерлік жылыжайлардың гектарына 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға 8,1 млн. теңге бөлінеді.

Осы мақсатта 2023 жылы облыстық бюджеттен 565 млн. теңге қаржы төленді. 2024 жылға 1,4 млрд. теңге қаралып отыр. Аймақта жылыжайларды дамыту бағытында жұмыстар жалғасады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 90 рет