Сейсенбі, 23 Сәуір 2024 14:39

Түркістан: Отырар ауданының туристік әлеуеті көтеріліп келеді

Түркістан – еліміздің туристік әлеуеті зор өңірдің бірі. Облыс орталығынан бөлек, Отырар өңірі де киелі аймақ саналады. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-на арнайы барды. Іссапар барысында Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, «Отырар төбе» қалашығының жұмысы барысымен танысты.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының басшылығы облыс әкіміне музей-қорықтың бүгінгі жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Болашақ даму жоспарына тоқталды. Облыс әкімі ежелден ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы болған Отырар өлкесінің қазақ өркениеті үшін зор маңызы бар екеніне тоқталып, туристерге танымдық ақпарат беруді, келушілерге сапалы қызмет көрсетуді, туристік әлеуетін одан әрі дамытуды ұсынды.

Арыстанбаб – 11-12 ғасырларда өмір сүрген, ислам ғүламаларының бірі, Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы. Кесенеде Қарға баба, Лашын баба және Шерімбет әздер жерленген. Құрылыстың бастапқы мазары XIІ ғасырда басталған. XІV ғасырда Әмір Темір кесене тұрғызған. ХХ ғасырдың 1907-1909 жылдары (хижра бойынша 1327 жыл ) Қалмырза Мүсәпірұлы Арыстанбаб кесене-мешітін, және басқа да жерлеріне қайта жөндеу жүргізген. Соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. Археологиялық-қорық мұражайында 24852 экспонат қоры бар. Ал ғылыми кітапханадағы кітап саны – 3180. Бүгінде 76,5 штат бірлікте қызметкерлер жұмыс істейді. 2023 жылы кесенеге келушілер 278844 адамды құраған.

Жұмыс сапары кесенеден соң «Отырар қалажұрты» туристік нысанында жалғасты. Жер учаскесінің алаңы –189,6 га. Ұлы Жібек жолындағы ірі орталықтың бірі саналатын Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қала. Өзге ортағасыр қалалары сияқты Отырар қалажұрты да цитадель, шаһристан және рабад тәрізді үш бөліктен тұрады. Қаланың шаһристан бөлігінің аумағы 20 га, рабадымен қоса есептегенде 200 гектарды құрайды. Қос нысанның да туристік мүмкіндігі өте жоғары. Мемлекет тарапынан тарихи ескерткіштер мен көне қаланы сақтау, қолдау жұмыстары жалғасады.

Ұлы Жібек жолы бойындағы руханият пен сауда орталығы болған Отырарда заман талабына сай, бәсекеге қабілетті туризм саласын дамыту және бабадан қалған мәдени-тарихи мұраларды сақтап, оларды ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұрты қақпаларының маңына жүргізілген абаттандыру жұмыстары сонадайдан көз тартады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы саналатын Арыстан баб кесенесіндегі жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтіріліп, саялы бақ құру үшін жасыл желек егіліп, келушілер тынығатын орындықтар қойылыпты. Ал, «Отырартөбенің» кіреберісіне қамал үлгісі, ауқымды автотұрақ салынып, жүк артқан түйе керуені мен оны бастап келе жатқан керуенбасының бейнесі сұлбаланып, көне қаланың бір қақпасы қалпына келтірілген. Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Археологтар үйінді астындағы қала орнынан түрлі бұйымдар табылып жатқанын айтты. Жалпы, аталған екі жобаның құны 475 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, біз айтқан екі негізгі нысанның дәл ортасын ала Отырар мемлекеттік қорық музейіне қарасты «Сапар» орталығы бой көтерген. Бұл орталық туристерге ауданның тарихи орындары жайлы толыққанды ақпарат ұсынып, бағыт бере алады. Тағы бір айта кетерлік жоба – келешекте осы үш нысанды жалғайтын 1,7 шақырым жол бойына сервистік қызмет көрсету нысандары, ұлттық тағамдарды дайындау және сату орындары салынбақ. Құны 615 миллион теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданып та қойыпты. Демек, рұқсат беріліп, қаржы бөлінсе, туристерді өзіне тартатын тағы бір маршрут пайда болмақ. 

Отырарда екі жыл бұрын ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ашылған «Шәмші саябағы» бар. Қарақоңыр ауылында демеушілер есебінен салынған саябақта композитор қолданған заттардың түпнұсқасы қойылған музей де бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз» қалажұртын абаттандыру мақсатында аяқжол, автотұрақ салынып, саялы орындықтар орналастырылып, бұл жер де туристік бағыттың біріне айналмақ.

Отырар ауданы орман-тоғайға, өзен-көлге бай аймақ болғандықтан осы табиғи ресурстарды пайдаланып, экотуризмді дамыту да жоспарланып отыр. Мәселен, Сырдария және Арыс өзендері, Шошқакөл мен Түркістан–Сырдария табиғи аймағынан аңшылар үйін салып, туристерге бүркітпен, тазымен аң аулау сияқты қызметтер ұсынылмақ. Ал, табиғат аясында демалып, балық аулау мақсатында Арыс пен Сырдария өзендері қосылған жерден «Құйған» демалыс орнын ашу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде жүздеген жұмыс орны пайда болады деген сөз. Бұл жобаларды іске асыратын инвесторларға жер беру, қажетті инфрақұрылым жеткізуге әкімдік тарапынан көмек көрсетілетін болады. 

Ұлылар Отаны атанған ауданда қазір 8 мыңнан астам түйе, 60 мыңдай ірі қара, 360 мыңнан аса уақ мал мен 18 мыңға жуық жылқы бар. Енді осы төрт түлік малды пайдалана отырып, туристерді мал шаруашылығымен, олардан алынатын өніммен таныстыру мақсатында туристік орындар ашып, агротуризм саласын дамыту қолға алынбақ. Оны қызықтауға келген туристерге жылқымен серуендеп, қымыз-қымыран, құрт-май дайындау процесімен танысуға мүмкіндіктер жасалады. 

Бүгінгі таңда туризмді дамытуға аудан кәсіпкерлері де атсалысып жатыр. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны 50 миллион теңгеге 50 орынды қонақүй салуға кірісіпті. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын нысан келесі жылы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Шілік ауылының тұрғыны Төрткөл–Шәуілдір тас жолы бойынан сервистік қызмет көрсету орталығын ашпақ. Онда жанармай құю бекеті, кіші маркет, қонақүй, техникалық қызмет көрсету орындары болады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта аудан аумағында туристерге 7 қонақүй қызмет көрсетуде. Жалпы, бұл өлкеге жыл сайын 200-300 мыңнан астам турист келетін болса, алдағы уақытта туристік нысандарды көбейту арқылы олардың санын бұдан да көбейту көзделіп отыр. Бұл жобалар өз нәтижесін берсе, аудан экономикасы да жандана түспек. Жұмыс орындары көбейіп, аудан халқының әлеуеті арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Топырағы тарих болып сөйлейтін Отырар елінде осындай жобалар қолға алынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 172 рет