Бұрын электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлейтін бизнес өкілдері үшін баға енді қосымша құн салығын қосқанда 47 теңге 29 тиын болған.
Бұл жағдай Шымкент қаласының әкімдігінің 1 сәуірден бастап өңірлік табиғи монополияларды реттеу департаменті тарапынан реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялар уақытша тоқтатылғаннан кейін болған. Еске сала кетейік, бұл жұмыс, Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілген.
Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер жағдайдың бизнеске кері әсер ететінін айтып, наразылық білдіруде.
-Бізге осы мүмкіндікті беріп, бұрынғы тарифті қалдырса дұрыс болар еді. Бұл жерде кәсіпорындар үшін үлкен проблема туындап отыр. Осыны шешіп берсеңіздер. Отандық өнімді дамытамыз, қолдаймыз десеңіздер жағдай жасалу керек. Ал бұл жерде қазір баға 3 есе өскен. Кәсіпорындар банкрот болады, – дейді «Бал Текстил» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаев.
Дегенмен «Энергопоток» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне Шымкент қаласының заңды тұлғалары үшін электр энергиясына тарифті 42,23 теңгеден 37,00 теңге/кВтсағ-қа дейін яғни 12,4%-ға төмендету туралы өтініш жолдауының арқасында 1-мамырдан бастап төмендетілген тариф белгіленген.
Осы орайда кәсіпкерлер әлі де болса, тариф мәселесін қайта қарау керектігін айтады. Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиналған мекеме өкілдеріне, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне кәсіпкерлік нысандардың ұсыныстары бойынша электр қуатын жеткізу тарифін қайта қарау туралы ұсыныс жасады.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңес өкілдері кәсіпкерлерге барлық ұсыныс-тілектерін хат арқылы жолдауын сұранды.