Бейсенбі, 23 Мамыр 2024 13:39

Шымкенттің өнеркәсібіне 1 млрд.750 млн.доллар көлемінде инвестиция тартылады

Шымкент қаласының әкім Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалды. Өткен аптада мегаполис басшысы инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырды.

 

Айта кету керек, жобаны жүзеге асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.

Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, қалада қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін комбинирленген циклді станса салу жобасы да жүзеге асырылуда. Құны шамамен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ірі түрік компаниясы Alarko Holding жаңа форматтағы жылыжай кешенін салуда. 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба жалпы көлемі 500 гектар аумақта екі мың жаңа жұмыс орнын кезең-кезеңмен құруға, азық-түлік қауіпсіздігін және жаңа өндірістерді енгізу арқылы жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.

 

 

Оқылды 408 рет